ТАҚУАНЫҢ ӨСИЕТІ
Ертеде тақуа діндар қарияны жап-жас шәкірт іздеп келді. Ол тақуадан толық жетілудің жолын сұрайды. Тақуа айтады:
– Сен бүгін түнде бейіт басына бар да, таң атқанша өлгендерді мақта! Олар саған не дейді, соны маған айтарсың!
Жігіт тапсырманы бүлтіксіз орындайды. Таңертең ерте ұстазына келіп «өліктер ешқандай тіл қатпағанын» айтады.
Тақуа айтады:
– Онда сен бүгін тағы бар, таң атқанша өліктерді жаманда, мүмкін тіл қатар, – дейді.
Шәкірт оны да орындайды. Таңертең ұстазына келіп «өліктердің ләм-мим демегенін» айтады.
– Балам, – дейді шал. – Сен бұл дүниеде жетілген адамдардың қатарында болғың келсе, тура өліктер сияқты мақтаса да, даттаса да мізбақпайтын болғанда ғана жетесің!
МАҚТАНСҮЙГІШТІК – ол өзін байсалды тұлға ретінде толық сезіне алмайтын, жетілмей қалған иллюзиясын толтырудың басқа тәсілін таппаған пенделерге тән дүние. Бізге Алла Тағаланың әмір-үкімін жеткізуші Мұхамед пайғамбар(с.ғ.с)-дан жеткен өсиеттің бірінде:
«Жаратушының ең жек көретін нәрсесі – мақтан үшін жасалған амалдар» дейді. Демек, Жаратушы қаламаған дүниеге біздің құмар болмағымыз өкінішті емес пе?!
Бекен Қайратұлы