Басты мақсат – тұрғындардың тұрмысын тіктеп, табысын арттыру
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған пилоттық жобаның жүзеге асу барысы қаралды.
Басқосуда аталған жобаның екінші кезеңіне дайындық шаралары, бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу деңгейі талқыланды.
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұловтың айтуынша, ұсынылып отырған 10 ауылдық округте 26 072 тұрғын тұрады десек, ондағы аула саны 4386- ны құрайды. Жалпы 1600-ден астам жобаны іске асыру көзделуде.
Қазіргі таңда өтінімдер қабылдау жұмыстары жүруде. Аймақ басшысы өтінім қабылдау, тұрғындар арасында түсіндіру, талдау, есептеу жұмыстары баяу орындалып жатқан аудан басшылықтарынан жауаптар алды. Жұмыстарды жеделдетіп, тұрғындарға құжаттарды дайындау шараларына барынша көмек көрсету керектігін ескертті.
Басқарма мен кейбір аудандардың мәліметтеріндегі айырмашылықтарды сынға алып, өзара бірлесіп, ортақ жауапкершілікті сезіне отырып, әрекет етуді талап етті.
Пилоттық жобаға енген ауылдардағы әлеуметтік мәселелерді де кешенді түрде шешу, төрт түлікті асылдандыру үшін қолдан ұрықтандыру жұмыстарының маңыздылығын да атап өтті.
– Мақсатымыз – тұрғындардың тұрмысын тіктеп, табысын арттыру. Азаматтар мемлекеттің қолдауын сезінуі тиіс. Олар жоба аясында жеңілдетілген несие алып, шаруаларын жолға қойып, үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалана отырып, өздерін азық-түлікпен қамтамасыз етуі маңызды. Жауаптылар барлық ұйымдастыру жұмыстарын дер кезінде үйлестіруі керек, – деді Нұржан Нұржігітов.
Бес бағыт бойынша өзге де қатысты басқармалар атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Жиын қорытындысы бойынша тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді.
Жамбыл облысы әкімдігі