ДАРХАН САТЫБАЛДЫ: «БІЗ ҮШІН ӘР ТҰРҒЫННЫҢ МӘСЕЛЕСІ МАҢЫЗДЫ»

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Шардара ауданы тұрғындарымен кездесті. Жүздесуде тұрғындар тарапынан инфрақұрылымды жақсарту, мектеп тапшылығы, жол, каналдарды жөндеу, электр мәселелері бағытында сұрақтар қойылып, өтініштер айтылды. Әр тұрғынның мәселесі маңызды екенін айтқан өңір басшысы Шардараны дамыту бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларды баяндады.
– Біздің мақсатымыз – сіздермен еркін пікір алмасып, маңызды мәселелерді талқылау.

Себебі аймақтың проблемаларын сіздер жақсы білесіздер. Шардара – облыстың оңтүстік бөлігіндегі дамып келе жатқан аудан. Әлеуеті өте жоғары. Мұнда жағажай туризмін, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік мол. Шардара қаласында кәріз жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Ауданды, ауылдарды дамыту жұмыстары жаңа қарқынмен жалғасын табатын болады. Менімен бірге құқық қорғау органдары мен департаменттер, басқармалар басшылары сіздерді тыңдау үшін түгел келіп отыр. Сұрақ, арыз- шағым, өтініштер қабылданады. Біз үшін әр тұрғынның өтініші маңызды, – деді Дархан Сатыбалды.

Жеке және біріңғай қабылдауда да тұрғындар тарапынан өзекті мәселелер қозғалды. Өңір басшысы әрбір ұсыныс пен өтініш хаттамаға енгізіліп, тиісті жұмыс жүретінін айтты. Кездесуге құқық қорғау органдары мен басқарма, департамент басшылары да қатысып, елдің арыз-шағымы мен өтініштерін тыңдады. Ашық пікір алмасу өтіп, күрделі түйткілдердің түйіні тарқатылды. Жүзден астам тұрғын басшылармен еркін пікір алмасып, көкейдегі ойларын, ұсыныстарын жеткізе алды.

Бүгінде Шардара ауданының инженерлік инфрақұрылым жүйесін дамыту мақсатында 13 бюджеттік инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Шардара ауданын орталықтандырылған газбен қамту бойынша 6 жоба іске асырылуда. Оған 3,9 млрд. теңге бөлінді, келесі жылы пайдалануға беру жоспарлануда.
Халықтың табысын арттыру үшін «Түркістан облысы бойынша жұмыспен қамту картасы» бекітілген. Биылдың өзінде Шардарада 897 жұмыс орнын ашу жоспарланса, қазіргі таңға 832 орын ашылды. «Еңбек» бағыты бойынша ауданда 9 айдың қорытындысымен 2893 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасына сәйкес, ауданның экономикалық белсенді халық санына қарай 423 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып, 607-і ашылған.

Егіншілікте пайдаланатын тыңайтқыштың ерекше түрін шығарумен айналысатын Шардара ауданының жас кәсіпкерлері Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыдан бизнестеріне қолдау білдіруді сұрады. Шылаушын өсіріп, оны егін шаруашылығында пайдаланудың жолын тапқандар мемлекеттік грант алып, бизнес бастаған. Енді оны дамытуды көздейді.

Шардара ауданында жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі мемлекет қолдауымен жеңілдіктер арқылы өз кәсібін жүргізіп отырған кәсіпкерлердің тауар көрмесінде болды. Жаңа бизнестің көзін тапқан азаматтармен тілдесті. Облыс басшысы кәсіпкерлерге қолдау көрсету жолдарын қарастыруды тиісті сала басшыларына тапсырды.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Шардара ауданында жұмыс сапарымен барды. Алдымен мемлекет қолдауы арқылы және жеке бастамалары арқылы өз кәсібін жүргізіп отырған кәсіпкерлердің тауар көрмесін тамашалады. Кәсіпкерлердің ұсыныстарына құлақ асып, қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Облыс басшысы «Хамит» АӨК балық өңдеу зауытының жұмысымен танысты. Бұл зауыттың алық өнімдерінің 90 пайызы шетелге экспортталып жатыр. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несиелер алған. 250 адам жұмыспен қамтылған. Балық шаруашылығын одан әрі дамыту мәселесіне тоқталған облыс әкімі осы саланы дамыту маңызды екенін айтты.
Сондай — ақ ауданға жұмыс сапарында өңір басшысы Шардара қаласындағы жедел жәрдем станциясы бар 150 орынға арналған аудандық емханаға барып, құрылыс барысымен танысты. Нысан биыл ел игілігіне беріледі.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі