ТҮРКІСТАНДЫҚ ҚЫЗДАР БАСКЕТБОЛДАН ЕЛ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ
Түркістан қаласында баскетболдан 2007-2008 жылы туған ұлдар мен қыздар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Тартысқа толы турнир апта бойына жалғасын тапты. Баскетбол бәсекесінде түркістандық қыздар мен Алматы облысының ұлдар құрамасының бәсі биік болды.
Ел чемпионатының қорытындысы бойынша қыздар арасында Түркістан облысының талантты баскетболшы қыздары жеңіс шыңын бағындырып, алтын медаль иеленді. Ал, Павлодар облысының командасы күміс жүлдені, Жетісу облысының қыздары қола алқаны қанағат етті. Ұлдар арасында Алматы облысының құрамасы бас жүлдені иеленсе, Атырау облысының баскетболшылары күміс, Ақмола облысынан келген спортшылар қола жүлдегер атанды.
Жеңімпаздар мен жүлдегер командалар арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Атап өткен жөн, «Балуан Шолақ» спорт кешенінде өрбіген республикалық жарысты Түркістан қалалық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымы ұйымдастырған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі