20 мың тоннаға жуық қызылша өткізілді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы ел экономикасының жаңа қозғаушы күшіне айналатынын атап өткені белгілі. Ал бұл тікелей осы саламен айналысатын ауыл шаруаларын қуантып, алға қарай жігерлендіріп отыр.

Ауданда мал шаруашылығымен қоса кейінгі жылдары егін шаруашылығы да қатар дамуда. Мұны бүгінгі шаруалардың жермен айналысуға деген қызығушылықтарының басымдығынан аңғаруға болады. Аудандағы асыраушы саланы несиелендіру, суармалы егістік көлемінің артуы, егін суын үнемдеу үшін егістік жерлерді жерасты суымен қамтамасыз етуге байланысты атқарылып жатқан шаралар бұған дәлел бола алады. Ал бұған егістіктерді тамшылатып, жаңбырлатып суару технологияларын да қосуға болады. Нәтижесінде аудан дихандары қайсыбір дақылдан болмасын жоғары нәтижеге қол жеткізіп келеді. Әсіресе, ауданымызда пияз өсіріп, одан өнім алуда мол тәжірибе жинақталған. Мәселен, бурылдық белгілі диқан «Байжанова» шаруа қожалығының жетекшісі Несіпкүл Байжанова қарамағындағы 66 гектар жердің әр гектарынан 100 тоннадан астам өнім алды. Өнімді сапалы сақтау үшін үй маңынан 1000 тонналық қойма дайындап алғанында айта кеткен орынды болар. Бүгінде ауданда пияз түгелдей жиналып алынса, 27 шаруашылықтың 1000 гектар алқапқа еккен қант қызылшасын жинау жұмыстары да қызу жүргізілуде. Бұл жұмысқа 6 комбайн тартылған. Бүгінгі күнге дейін 740 гектар алқаптың қызылшасы жиналып, одан 25160 тонна өнім алынды. Ал, бұл әр гектардан алынған өнімнің 340 центнерден айналып отырғанын көрсетеді. Аталған өнімнің 18667,5 тоннасы «Меркі» қант зауытына өткізіліп те үлгерді.

Бұған дейін ауа райы шаруаға жайлы болып тұрса, кейінгі күндері жауын-шашынды бола бастады. Күн ызғары да білінуде. Ендеше, шаруалар ала жаздай еткен еңбектерінің нәтижесін көрер тұста өсірген өнімдерін төкпей-шашпай, суыққа, қарға ұрындырмай жинап алса дұрыс болар еді.

Сүндетулла ӘБІЛОВ, Байзақ ауданы.