(Мәні зор «мәжбүрлеу»)
Жылдың соңы болғандықтан баспасөзге жазылу науқаны жүріп жатыр. Газет-журналдың материялын дайындау, оны баспа заводына жіберіп шығару өз алдына бөлек шаруа. Басында идеасы бар, қаламы жүйрік журналистке, шебер беттеушіге аса ауыр емес. Алайда, шығарған басылымды оқырманның қолына жеткізу анағұрлым қиын. «Өлең айтсаң, жаныңды жеп айтасың» деп, өндірген «товарың» тұтынушыға жетпесе, істеген ісіңнен қайыр жоқ. Бұл күнде қағаз бетінен оқу біртіндеп қалып барады. Оған себеп көп… Біріншіден, жұрттың баспасөзге құрметі, ынтызарлығы төмендеді. Адамдардың көбі қарын қамымен, тіршілік күйбеңімен кетті. Екіншіден, жазылуға бәрінің қолында жетерлік қаржысы жоқ. Бола қалғанның өзінде оны «қағаз» сатып алуға жұмсағанша бір жартылық алып, кеңірдекке құйған тән «рахаты» артық. Үшіншіден, кеулеп, ендеп, дендеп бара жатқан сотви телефонмен, интернеттің заманы өктем келіп тұр. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін екі көз телефонда. Олардың құмары әлі басыла қойған жоқ. Жұрттың көбі үлкен жаңалық ретінде қабылдады. Алақағазға қарайтын ағайынның қатары сиреген. Амал не, сондада газет шығарып, журнал бастырамыз. Ол дәстүрлі ең лайықты жол. Бұлда қоғамға, елге деген қызметтің бірі. Сол үшін атқа мініп аяқ жететін жерлерге сапарға шығамыз.
Сонымен Алматы облысының Панфилов ауданы, Ұйғыр ауданы, Кеген ауданы, Райымбек ауданы біздің нысанамыз болды. Беттің арын белбеуге түйіп Әкімге, Ішкі саясат бөліміне, Білім бөліміне, Апарат басшысына, әкімнің орынбасарына, Ауыл-шаруашылығы бөліміне, билікпен жанасалап келе жатқан Аманат партиясына… Кіруге тура келді. Алдымыздан бір ғана сөз «Жазылуға мәжбүрлеуге болмайды» деген кедергі көлденең шығады. Оны «анау» Мінстр айтыпты. Бұл сөз құтылудың оңай сылтауы. Сонда мен нәсиқат жасамасам, ол үгіттемесе, баспасөзді кім оқиды. Мынау қоғамды, оқырманды қағаздан оқитын үрдістен айырсақ, жұрттың бәрін алақандай экранға телміртіп отырғызамыз ба?… Барлық басылым үшін осындай «мәжбүрлеуге болмайды» екен десек, олай емес. Жоғарыдан келетін тізім бар. Біреуі бәйбішеден туған, біреуі тоқалдан туған.
Былтыр «Балалар әдебиеті жылы» өтті. Жыл бойы бұл ұран сөзді жалаулатқанымызбен балалар әдебиеті үшін айтарлықтай үлкен шаруа атқарылған жоқ. Баспалардан бірен-саран кітап басылды. Кітапханаларда, мектептерде бірді-екілі кездесулер, жиналыстиар өткізілді. Ал, биыл өтіп бара жатқан жыл «Балалар жылы» деп аталды. Әр кім өзінің айналасына қарап көз жүгіртер болса, ненің істеліп, ненің істелмей жатқанын жақсы біледі. Тұтас қоғамның балаға назар аударуынанкөрі «Қанды қаңтардың» салдарына назар аудару басым болды. «Лаңкестерді» анықтау, оларды соттау, бостандық, түрме…. деген секілді мәселелерді талқылау, бірінші кезекке шығып кеткені анық. Балалар төңерегіндегі жұмыстың көбі формални түрде, науқандық шаруалардың қатарына сырғыды. Баланың білім алуы, оның тәрбиесі бір күннің, бір жылдың шаруасы емес. Ол әр қашан күн тәртібінен түспейтін түпкілікті міндет. Баладан көзжазып қалсаң, болашағың бұлыңғыр, ертеңің тұманданып шыға келеді. Тіпті кешегі «Қанды қаңтардың» өзі отыз жыл бойы бала тәрбиесі мен жастар тәрбиесінің бей-берекет кеткенінінң нәтижесі. Оны тұтас қоғам көрді. Біздер мәселенің тууының бастау көздерімен емес, пайда болған салдарымен күресемізде қоғамды дүрліктіреміз. Жастарды мемлекеттік идиялогия емес, әлеуметтік желі тәрбиелеп жатыр. Алақандай экьранды жат пиғылды еш сүзгіден өтпеген сел-топан басып кетті. Бүгінгі қоғам соны «азық» етіп азып барады. Ал, газет-журналға келер болсақ, ол екшелген, редакцияланған, тек қана ұрпаққа нәр беретін пайдалы материялдар. Сондай дәстүрлі жолымыз шектеліп, баланың құүқығы деген жалған, арзан демократия белең алуда.
«Мәжбүрлеуге болмайды» деген сөзге келер болсақ, жалпы мәжбүрлемей, міндеттемей нені тындыруға, нені орындауға болады?.. Онсыз мүмкін емес. Бала шыр етіп өмірге келе сала оны мәжбүрлеп емізесің, мәжбүрлеп киіндіресің, мәжбүрлеп тұрып ырқыңа көндіріп, өз еркіңе бағындырасың. Өсе келе оны мәжбүрлеп балабақшаға апарасың, мәжбүрлеп мектеп табалдырығынан аттатасың. Әлде осының бәрін бала өзі істей ме? Өзі ешқашанда жасамайды. Есейе келе оны жақсы адам болсын деп, өнер үйретесің, ғылымға баулисың. Егер сенен мәжбүрлеу, қадағалау болмаса бала осының бірінде орындамас еді. Дәл сол секілді кітап оқуға да, журнал оқуға да сөзсіз мәжбүрлеу керек. Мектеп табалдырығында кітаптың дәмін алмаған бала, оқудың рахатын сезінбеген өспірім барынша тұрпайы, барынша қараңғы болып өседі. Бұл жердегі «мәжбүрлеу» оның өміріне, білім дәрежесіне, көзқарасына тіке әсер ететін ең пайдалы мәжбүрлеу екені анық. Олай етпей, оқушыны ұзын арқан, кең тұсауға жіберсек ол барынша жалқау, тиымсыз, бейбастақ болып ержетеді.
Төрт ауданды аралап төрт төңерекке көз салдық. Әр ауданның өзіне тән мінезі, өңірлік ерекшелігі бар. Панфилов ауданы мен Ұйғыр ауданында қазақ пен ұйғыр аралас өмір сүреді. Ел тізгінін қолына алған басшыларда солай. Екі ұлттың өкілдері аралас қызмет етеді. Кеген мен Райымбек ауданы кілең қазақ ұлты қоныстанған бірыңғай аймақ. Көктемнің соңында бір рет барып сүзіп шыққамыз. Енді міне, жылдың соңында тағы бардық. Өткен 2019-2021 жылдар пандемияның құрсауында қалып «Қазақстан дәуірі» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының үгіт-насиқат жұмысын үзіп алдық. Соның салдарынан басылымның тиражы кеміп кеткені анық. «Бармасаң келмесең жат боласың» деп, жұрттың бәрі әуреден қашады. Байқап қарасаңыз, заманның беті түзеліп, ел іші тынышталды. Ауырудан айығып үрей мен қорқыныштан арылып келеміз. Сондықтанда «әуреге» түсіп оқұырмандарымызды іздеп ел аралауға шықтық. Жергілікті биліктен, ұстаздардан қолдау болмаса, балалар басылымының күні қаран болады. Бәріміздің «әуреге» түсуіміз бір ғана ұрпақтың қамы. Бала ұстазын тыңдаса, сабағын оқыса, журнал бетінен сусындаса, онда ата-анасы, ұстаздары айтып үлгермеген көптеген құндылықтардан хабарлы болады. Журнал оның досына айналады. Шығармашылығына өріс ашады, қабілетін көрсетудің тамаша мүмкіндігіне қол жеткізеді.
Аталарымыз айтқандай, «жүргенге жөргем ілінеді» деп, төрт ауданды сүзіп шықтық. Бірі болмаса, бірі қолдайтын шығар деген сенім басым. Шынында бастықтың бәрі қатып қалған робот емес екенін көрдік. Аллаға шүкір!… Жөн сөзін айтып, дем беруге дайын екенін танытқан азаматтарды көріп, пәсейген көңілді демдейтін сәттерде болды. Айталық, Панфилов ауданының әкімі Сағымбеков Марат Рақымбердіұлы өзі қабылдап жылы сөзін айтып, бағыт-бағдарын нұсқады. Әкімнің орынбасары, апарат жетекшісі Досмайылов Қанат Нұркешұлы қарамағындағы басшыларды шақырып алып, бізбен жолықтырды және лайықты тапсырмаларын берді. Ауыл-шаруашылығы мекемесінің бастығы Наймантаев Жұмағазы Нұрахметұлы бізге жылы ұшыраған жандардың бірі болды. Адамға ілтипат, басылымға құрмет көрсете отырып әңгімемізге құлақ салды.
Ұйғыр ауданындағы «үлкен» бастықтарға кездесе алмасақта, Білім бөліміндегі бас маман, шебер ұйымдастырушы Панара Атакелдиева ханым аудандағы кітапханашыларды жинап беріп кездесу жасады, «Мөлдір бұлақтың» жазылуына жақыннан көмек көрсетті. Мектептермен байланысымызды орнатып, журналымыздың таралу тамырына қан жүгірткендей болды.
Кеген ауданының әкімі Байеділов Талғат Ескендірұлы да жылы қабылдап, қол астындағы ішкі саясат бөлімінің басшысына тапсырма беріп, табыстады. Білім бөлімінің басшысы Мұратжан Қожанұлы олда қарамағындағы мектептермен үйлесімді байланысқа шығып, үндеу тастады.
Нарынқолға барғанымызда Райымбек ауданының жаңа әкімі Дүйсенбаев Берік Фатықұлы қызмет бабымен Ойқарағай көмір кеніне кеткендіктен кездесе алмадық. Білім бөлімінің бастығы Үмбеталиев Саят Ерсайынұлы ауылдарды аралап жүргеніне қарамастан, біздің келгенгімізді естіп, аудан орталығына келіп, жүздесіп, бұйымтайымызды тыңдап, өте бір сыпайы, шынайы, мәдениетті түрде сұқбаттасып істің жөнін түсіндірді. Өзі кезінде мектеп директоры болып тұрғанда «Мөлдір бұлақ» журналына жаздырғанын, әлде де көмектесетіндерін айтып бізді қанағаттандырды. Онан ары ішкі саясат бөліміне, ауыл-шаруащшлығы мекемесіне кіріп басшыларымен жолықтық. Орнында жоқтарының кеңседегі мамандарымен тілдестік. Әкімнің орынбасары Нұрбол Сағатбекұлы бауырымыз жақсы сөзін айтып, қолұшын беріп, өзі қадағалап отыратынын айтты
Қоғамдық сананы өсіруге атсалысқан ағайынға алғыс айтамыз. «Баспасөз қоғамның көзі, құлағы һәм тілі» екенін сезінген басшыларда, қосшыларда көңіл бөлетіндерін іс-қимылдарынан көрсетті. Бір қайыры болар! «Тоғай аралаған үйші болады, ел аралаған сыншы болады» деген, көңілге бүккен көп сөз бар. Реті келгенде айтармыз!… Ел ішінде бүгінгі «Қазақстан дәуірінде» «Мөлдір бұлақ» сылдырап ағып жатса ғой!…
Көктемнің соңында барғанда Кеген мен Нарынқолдың арасындағы жол өте нашар болды. Шұрық-тесік ойылып кетен екен. Сау қалған жерлерін қуалап, бұлталақтап жүріп кібіртіктеп ілгерлеп едік. Қанша сақтансақта бәрі бір ойылған шұңқырдың қырына дөңгелекгімізді ұрып алып, дискіміз сынып, жолда қалғамыз. Бұл жолы біршама тәуірленіп қалыпты. Біз көрген шұқанақтардың бәріне «жамау» түсіп жол беті тегістеліпті. Сонда да жамаудың аты жамау, машинаңды зіркілдетіп, қопаңдатып, сілкілейді. Қалайда Кеген мен Нарынқолдың арасын күрделі жөндеуден өткізуге тура келеді. Ұзақ уақыт Кегенге қосылып қараусыз қалған Нарынқол өңірі тозып тұр. Қытай шекарасындағы ауданның бейнесін өзгертіп, заманға бейімдеу кезек күттірмейтін мәселе екені анық. Табиғаты көркем ауданның көлік жолдарын жаңартса, болашақта дүр ете түскелі тұрған туризмге де жан бітірер еді!… Жол деген мемлекеттің күре тамыры секілді. Оның қаны іркіліссіз, кедергісіз ағып тұрса, саулық пен салауаттылық арта түсері анық.
Дәулетбек Байтұрсынұлы, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы