Қазақ тілін қадірлеген Алина
Ұлттар достығы, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге, қазақ халқының дәстүрлеріне деген құрметі біздің елімізде жоғары. Қазіргі таңда өзге ұлт өкілдері қазақ тілінде сөйлемек түгілі, қазақ тілінде ақындар айтысына түсіп, жүлде ала бастады. Ал айтыс өзге ұлт өкілдері тұрмақ, қазақ шеберлерінің өзіне де қиын соғатын күрделі өнер. Міне, осы күрделі айтыс өнеріне қадам басып, көптің көзайымына айналып жүрген балқар қызы Алина Айдаралыға қалай риза болмассың.
Бүгінде Алина Жамбыл ауданындағы Айша бибі атындағы орта мектептің 10-сыныбында оқиды. Қазақ сыныбында білім алады. Қазақ тіліне деген ерекше қызығушылығын оятқан да мектептегі ұстаздары екен. «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Құралай Райымбекованың нұсқауымен қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларымен етене таныстым. Есейіп, ес білгелі өлең жазуды қолға алдым. Ең алғашқы аудандық оқушылар арасындағы айтысқа да ұстазым Құралай Кеңсебайқызының қолқалауымен қатыстым. Осылайша айтыс өнеріне алғаш рет қадам бастым. Ал менің нағашыларым – қазақтар. Нағашы атам Жеңісбек те, нағашы апам да айтысты өте жақсы көретін өнерлі кісілер. Анам Маралдың да өнерді түсініп, мені қолдап, бетімнен қақпағаны үшін алғыс айтамын», дейді ақын қыз.
Ең алғашқы жеңісі туралы да бізге айтып берді. «Жамбыл ауданында оқушылар арасында өткен аймақтық айтыс менің өмірімдегі ең бір елеулі айтыс дер едім. Сол айтыста бірінші орынды иеленіп, 70 мың теңге жүлде алдым. Айтысқа мені жас айтыскер Нұрлыбек Құрманов дайындады. Сол кезге дейін өзімнің жеке домбырам болмады. Мектептің домбырасын немесе өзге біреулердікін сұрап алатынмын. Осы айтыс маған алғашқы өз домбырамды қолыма ұстатты. Бұл менің ең үлкен жетістігім деп білемін», – дейді ол.
«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, өмірін өлеңмен өрген өнерлі қыздың айтыс әлемінде жеткен жетістіктері де жетерлік. Атап айтқанда, Алина Айдаралы былтыр Павлодар қаласында өткен «Ұлт ұстазы–Ыбырай» атты республикалық оқушылар айтысында жүлделі екінші орынды, Алматы қаласында өткен «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» атты республикалық оқушылар айтысында кіл мықтылармен бақ сынасып, жүлделі үшінші орынды иеленген. «Осы айтыстарым жайлы ерекше айтып өткім келеді. Бұл айтысқа өңірімізге танымал айтыскер, белгілі журналист, облыстық «Aq jol» газетінің бөлім меңгерушісі Есет Жаңабайұлы алып барды. Ол кезде айтыстың көп тәсілдерінен шеберлігім төмен еді. Айтыскер ұстазым күндіз-түні көз ілмей жүріп, осы айтыстарға дайындады. Құралай апайымның да мейірімін, ақ тілегін ұмытпаймын. Керекуде керемет тамаша күндер өтті. Біз Арман Қани, Аспанбек Шұғатаев сияқты ақын ағалармен танысып, олар маған ақ баталарын берген еді. Әттең, сол Арман Қани аға осыдан төрт айдай бұрын өмірден өтіп кетті. Бұл қаралы хабарға біздің жүрегіміз ерекше ауырды. Ал Алматыдағы айтыста әйгілі Ринат Зайытов, Серік Қалиев, айтыстың тұрақты демеушісі Дулат Тастекеев ағалардың көзіне түстік. Оның барлығы үшін әуелі Аллаға, онан соң Есет ұстазыма мың алғысымды айтқым келеді», дейді Алинаның өзі.
Оның айтыс әлемінде бағындырған биіктері мұнымен шектеліп қалмайды. Биыл Жуалы ауданында Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай өткізілген «Жай отынан жаратылған намысы» атты облыстық ақындар айтысында алғаш рет аға буын өкілдерімен бірге үлкен сахнада өнер көрсетті. Нәтижесінде топты жарып, жүлделі үшінші орынды қанжығасына байлады. Сондай-ақ таяуда ғана Мойынқұм ауданында Айтбай Назарбековтің 100 жылдығына орай өткен облыстық ақындар айтысында да шашасына шаң жұқтырмай, жүлделі бірінші орынға ие болды.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, өнер әлемінде жұлдызы жарқырап келе жатқан Алина Айдаралы жетістікке жетуінің сыры ұстаздарының зор тәлімінің арқасы екенін айтады. Сондай-ақ өнерлі өрен өзін домбыра тартуға баулыған Қыдырбай Оразбаев, Мадина Сағымбекова сынды мұғалімдерінің орны ерек екенін де атап өтті. Алина Айдаралы облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы ұйымдастыратын іс-шараларға белсене араласады. Атап айтқанда, «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен өткен «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты іс-шараға қатысып, қазақ тіліне деген өзінің жүрекжарды жырын жеткізіпті.
Сонымен қатар облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің бастамасымен өткен «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының облыстық кезеңінде де Алина Айдаралы топты жарып, алға шықты. Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілін дәріптеп, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуді мақсат тұтқан додада ол «Жарқыра, жас дарын!» ақындық байқауы бойынша бақ сынады. Сол мезетте берілген тақырыпқа өлең шығарып, өзінің суырыпсалма ақындық қасиетін көрсетіп, бас жүлдені жеңіп алды. Қазіргі таңда ол Астана қаласында өтетін «Мың бала» байқауының республикалық кезеңіне қызу дайындық үстінде.
«Мың бала» байқауы барша этнос өкілдерінің арасында өтетіндіктен жөні бөлек деп білемін. Мұнда біз сүйікті Отанымыз – Қазақстанды жырға қостық. Қаншама ұлт пен ұлыс тату-тәтті өмір сүріп жатқан егемен еліміз жасай берсін! Келешекте туған еліміздің жарқын болашағы үшін қызмет етеміз. Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінің мәртебесі қашанда асқақ болсын!», дейді айтыскер. Алина Айдаралы жуырда Алматы қаласында өтетін «Біржанның інілері, Сараның сіңлілері» атты республикалық айтыста бақ сынағалы отыр. Көкейіне сөз сәулесі қонған жамбылдық жас таланттың болашақта да үлкен айтыс биігінен көріне беретініне сенеміз.
Есет ДОСАЛЫ, Ақ жол газеті