Туған жердің тұғыры
Туған жер. Қандай мағыналы, жылы естілетін сөз. Туған жер кіндік кескен жеріміз ғана емес, баршамыздың кең байтақ ғажайып өлкеміз. Туған жеріңе деген сүйіспеншілікті сөзбен жеткізе алмайсың. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды.
Менің туған жерім – Қазақстан. Осы бір құдіретті сөзді асқақ сезіммен, мақтанышпен айтамын. Өйткені біздер асқақ арман жетегінде, отаншылдық рухты ту еткен ұлт пен ұлыстардың ұл-қыздары, қасиетті қазақ топырағында өніп-өсіп, мекен етіп, береке-бірлікте өмір сүріп жатырмыз. Бір кеудеге екі жүрек сыймайтыны сияқты, адам баласының Отаны да жалғыз болып қала бермек. Адам тек қана туған жерін ғана емес, туған елін де ойлауы керек. Туған жер адамның қаны тамған, туып-өскен жері болса, туған ел оның отбасы, туыстары. Менің кіндік қаным тамған өлкемді атағанда елең етіп, мойын бұрмайтын адам кемде-кем.
Мақпал сайының етегінде орналасқан, ағынды судың арнасы тарамданып барып, терең өзекке құйылғандықтан, өзектің жанындағы елді мекен «Тереңөзек» аталған. Сүттей ұйып отырған, береке-бірлігі мықты осы бір ауыл – менің туған өлкем. Адамдары да бір-біріне ағайын-туыс, қойы қоралас, қазаны аралас болып кеткен. Ауылдың ауасы таза, суы тұнық, шөбі көк майса. Оның топырағы да, тауы мен тасы да маған ыстық. Мен үшін туған жерімнің әр тасы, бір тамшы суы да қымбат. Әркімге өз ауылы, туған жері мақтан. Ауылдағы қазыналы қарт аталарымыз:
– Мақпал-ау, Ашылқайнар қайран тастақ, Барамын ел-жұртымды артқа тастап.
Ел қайда Бектемістей?
Шыныбектей жақсысы бар,
Шөнкенейдей бақсысы бар.
Шыныбектен ақыл сұра,
Шөнкенейден бата сұра», –деп, ауылымның қасиетін, онда тұрған жақсы адамдардың кестелі өлең-жырларын айтып отырады.
Ел ішінде от ауызды, орақ тілді, сөзге шешен айтыскер ақындар көптеп кездеседі. Осындай өнегелі, салиқалы, елі үшін еңбегі сіңген, ары таза қарттарымыз – біздің алтын қорымыз. Сондай азаматтың бірі – Әмірқұл Мырзақұлұлы. Ол «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған. 1985 жылы зейнетке шығысымен тау баурайындағы сулы да нулы
«Ашылқайнар» деп аталатын жерден 5 гектардай шағын алқапқа неше түрлі сән ағаштары мен жеміс ағаштарын өсірген нағыз бағбан болған. Емдік қасиеті бар өсімдіктерді де жинап, іс жүзінде пайдалана білген. Халқымызда «Ағаш бір жерден көгереді» деген ұлағатты сөз бар. Дәл осы сөзді Әмірқұл атамыздың ғибратты өміріне қарап айтса да болады. Елге оралғаннан кейін ол бар ғұмырын туған жерін көркейтуге арнады. Кейінірек бау-бақша өсірумен де айналысты. Қазіргі күні «Ашылқайнар» жері жемісі жазда мәуелеп тұратын табиғаттың әсем бір мүйісіне айналған. «Мың жылдығын ойлаған ағаш егеді» деген осы. Бұл да Әмірқұл атамыздың артында қалған жақсы ісі, өнеге етер көрегендік қасиеті.
Сөзімді түйіндей келе айтарым, егер әр адам ата-анасына құрмет көрсетсе, өзінің туған жерін сыйласа, туған ұлтын қадірлесе, сол – нағыз туған елінің, жерінің патриоты. Туған жердің сылдырап аққан суына, аспанмен таласқан көрікті тауларына қарап, кеудеңде бір мақтаныш сезімі оянады. Ұлан байтақ жерді алып жатқан мемлекетіміздің азаматы болу – біз үшін асқақ абырой. Мен өз Отанымды, туған жерімді, құдіретті елімді сүйемін және мақтан етемін.
Толғанай ТОҚСАНБАЙ, Жамбыл атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы. Тереңөзек ауылы, Т.Рысқұлов ауданы.