Пилоттық жоба ауыл еңсесін көтереді
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының бас редакторы Мешітбаева Сәуле Мешітбайқызы «Ел аманаты: Ауыл – ел бесігі» экспедициясы аясында Сарысу ауданында болды.
Инфрақұрылымды
кешенді дамыту керекАудан әкімі Марат Сұлтанғалиевтың арнайы қабылдауында болып, ауданның бүгінгі ахуалымен, ел-жұрттың тыныс-тіршілігімен танысты. Сәуле Мешітбайқызы халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің «AMANAT» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты және «Мөлдір бұлақ» журналымен бірлескен экспедициясының биыл «Ел аманаты: «Ауыл – ел бесігі» деген атаумен жалғасын тапқанын айтты. Аудан халқына, ауданда атқарылып жатқан игі істерге, ел игілігі үшін қызмет атқарып жүрген басшыларға ризашылығын білдірді.
Бұдан кейін аудандық кітапхананың «Коворкинг» орталығында аудандағы мекеме басшыларымен, білім беру ұйымдарының, кітапхана, мәдениет үйінің қызметкерлерімен кездесті. Кездесу мерекелік кешке ұласып, Сәуле Мешітбайқызының өміріне арналған өлеңдер оқылып, анаға арналған әндер шырқалды.
Сәуле Мешітбайқызы өмір жолындағы кездескен жақсы адамдар, қоғамдағы өзекті мәселелер: тіл, ұлттық рух, биік адамгершілік жайында тебірене ой қозғады.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ауылды дамыту бойынша тың бастамаларына тоқталып, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша ауылдық елді мекендерді кешенді дамыту, ауылдағы тұрмыс сапасын жақсарту мен жұмыс орындарын құрудың бүгінгі таңдағы маңызына тоқталды. Ауылдың барлық инфрақұрылымның күретамыры екенін жеткізіп, шалғай ауылдарға аса көңіл бөлудің маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында «Qazaqstan dauiri» газеті редакциясының бастамасымен жарыққа шыққан «Намыс қайрағы», «Ұлт шырағы» атты жаңа кітаптарды аудандық кітапханаға тарту етті.
Әлеуметтік жағдай жақсарып келеді
Ауыл – қазақтың күретамыры. Бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің, ұлт руханиятының, қазақы тәрбиенің қайнар көзі. Салт-дәстүр, мәдениеттің сарқылмас мол қоры да ауылдарымызда сақталып келеді.
Бір кездері ауыл тұрғындары қалалы жерлерге үдере көшкен еді. Қазір бұл көш тоқтаған. Бүгінде өркендеп, дамып келе жатқан ауылдар аз емес. Себебі елімізде ауылды өркендетуге, ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған жобалар, мемлекеттік бағдарламалар қолға алынып, өзінің оң нәтижесін беруде.
Солардың бірі – Президент пәрмен беріп, Үкімет жауапкершілігіне алған «Ауыл – Ел бесігі» жобасы. «Ауыл – Ел бесігі» жобасының басты мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту.
Ауылдық жерлердегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, жол құрылысы, сумен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт объектілерін қайта жаңарту және жаңа объектілерді салу, жұмыс орындарын құру сияқты ауылды өркендетуге арналған шаруалар осы бағдарламаны іске асыруды көздейді.
2022 жылы Сарысу ауданында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша ауыл тұрмысын жақсартуға 278,9 млн теңге бөлініп, 5 елді мекенде 16 жоба жүзеге асырылды. Бағдарлама шарапатымен 67,5 млн теңгеге Әбілда ауылында ауысымда 5 келушіге арналған жаңа медициналық пункттің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы артты.
Жалпы ауыл халқының медицина саласына қолжетімділігін арттыру мақсатында, ауыл тұрғындарының жағдайын назарға ала отырып, жобадан тыс та жұмыстар атқарылады. Мәселен, Тоғызкент ауылы мен Жаңатас қаласында 30 адамға арналған медициналық амбулатория соғылып, халық игілігіне берілді.
Ауыл тұрғындары үшін мәселенің бірі ішкі жолдардың жағдайы еді. Ішкі жолдарға келетін болсақ, бұл жақта да оң өзгерістер орын алды.
Ауыл ішіндегі көшелерді жөндеп, асфальт төсеп, тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында 4 елді мекенде жалпы құны 211,4 млн теңге болатын 15 көшенің жол жабындысы орта жөндеуден өтті.
Атап айтқанда, Саудакент ауылында 7 көше 74,1 млн теңгеге, Жайылма ауылында 4 көше 89,1 млн теңгеге, Қызылдихан ауылында 1 көше 16,7 млн теңгеге және Игілік ауылында 3 көше 31,5 млн теңгеге орта жөндеуден өтті.
Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» жобасынан бөлек, өзге де мемлекеттік бағдарламалар ауылдың ажарын айшықтай түсуде. Жаңатас-Түркістан және Жайылма ауылдарына кіре беріс жолдар 287,7 млн теңгеге орта жөндеуден өткізіліп, ауылдықтардың қуанышын арттырды.
Өткен жылы аудан орталығынан шалғай жатқан Шығанақ, Қамқалы, Жайлаукөл ауылдарының кіре беріс жолдары жөнделсе, биыл Тоғызкент – Шығанақ бағытындағы 102 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар жолдың 30 шақырымы жөндеуден өтуде. Жоба құны 736,3 млн теңгені құрайды.
Ауыл десе, жол сапасымен қатар, ауызсу, ауылдарды газдандыру мәселелері еске түседі. Бұл бағытта да қызу жұмыстар жүргізілуде.
Аудандағы 25 елді мекеннің 4-еуі газдандырылған. Қазіргі таңда аудандағы 14 елді мекенге жеткізуші және ауылішілік газ құбырларын салу құрылысы жүргізілуде. 8 елді мекенде газ жүйесін тарту жұмыстары толығымен аяқталды.
18 елді мекен, яғни ауданның 75 пайызы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілді. Үшбас, Шағалалы, Жайылма-Маятас, Ақтоғай, Тоғызкент, Саудакент ауылдарын сумен қамтамасыз етудің және қайта жаңартудың жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, қалған халық саны 200 адамға дейінгі 4 ауылға кешенді блок модульды қондырғы орнату көзделіп, жұмыстар атқарылуда.
Ауыл тұрғындарының тұрмысын арттыру бүгінгі күннің басты талабы десек, біраздан бері қолға алынып келе жатқан «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы ел еңсесін көтеруге үлкен септігін тигізуде.
Бұл жобаның негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының қосалқы шаруашылықпен айналысуына қолдау көрсету. Яғни үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану, үй ауласында мал және құс өнімділігін арттыру, ауыл сыртындағы жерлерді ұтымды пайдалану, сол арқылы жем-шөп және жайылым мәселесін шешу, кооперативтер құру арқылы қосалқы шаруашылықтарды дамытуға бағытталған өзге де мәселелерді шешу және ауылдағы шағын жобаларды қаржыландыру.
Сондай-ақ, сапалы тұқым, көшет, тыңайтқыштар алу, жаңа техникалармен қамту мәселесі де осы жобаның ішінде. Негізінен, жоба аясында жергілікті халыққа 2,5 пайызбен несие беріледі.
Осыдан екі жыл бұрын бұл пилоттық жоба бойынша ауданда Байқадам ауылдық округі таңдалған болатын. Жоба аясында «Саудакент – 2019» өндірістік кооперативі құрылып, ауылдағы 984 аула жобаға кірді. 915,5 млн теңге несиемен қамтылды. 5 бағыт бойынша іске асырылған жобаның арқасында саудакенттіктер төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп келе жатыр.
Биыл Жайылма ауылдық округі таңдалып, жұмыстар басталып кетті. Бұл округтегі атқарылайын деп жатқан жұмысқа тоқталсақ, жоба аясында несие алуға өтініш бергендердің қатары көбейіп, жалпы сомасы 835 млн теңге несиемен 514 аула қамтылады деп жоспарлануда.
Пилоттық жоба биыл да 5 бағытқа арналған.
Олар: 1) Үй іргесінде егістік жерлерді игеру 2) Ауладағы мал шаруашылығын дамыту
3) Ауыл сыртындағы егістік жерлерді игеру
4) Құрылған кооперативті жабдықтау
5) Шағын кәсіпкерлікті дамыту.
Жобаның бірінші бағыты бойынша 514 аула егістік жерді игеретін болады. Егістік алқаптың көлемі 20,2 гектардан 24 гектарға ұлғаяды. 2 азаматтан отбасылық жылыжай салуға да өтініш түскен.
Екінші бағыт бойынша, мәселен, жобаға дейін 492 аула мал шаруашылығымен айналысса, екінші бағыт бойынша ауладағы мал шаруашылығын дамытумен 514 аула айналысатын болады. Бұл бағытта 709 млн теңгеге өтініш қарастырылуда.
Жобаның үшінші және төртінші бағыты бойынша да қызу жұмыстар жүргізілуде. Пилоттық жоба бойынша құрылған кооперативке 6 азамат мүше болып тіркелген. Кооперативтің 248,3 гектар егістік, 18,9 гектар жайылым жері бар. Алдағы уақытта егістік жер 558 гектарға жеткізілетін болады деп күтілуде.
Қазіргі таңда кооператив 23,8 млн теңгеге 45 тонна тұқым, 35 тонна жанар-жағармай алады.
Ауылдағы 12 ұсақ шаруа қожалықтары кооперативпен бірлесіп жұмыс істеуге ниетті. Нәтижесінде, қосымша 300 гектар егістік, 464 гектар шабындық, 10 468 гектар жайылымдық жерлер кооператив құрамына біріктірілетін болады.
Сонымен қатар, 2 азамат ауыл сыртындағы жерге 2 алма бақ өсіруді қолға алмақшы.
Кооперативті жабдықтауға 21 дана ауылшаруашылығы техникасын, яғни 4 трактор, 1 прицепті комбайн және 16 қосалқы құрылғыларымен алу жоспарланған.
Ауылшаруашылығы саласынан басқа, пилоттық округте 5-бағыт бойынша, яғни тұрғындардың өз кәсібін ашуға 72 млн теңгенің жобасы ұсынылып отыр.
Ауылдық округтегі жеке кәсіпкерлер саны 63-тен 266-ға ұлғайса, жұмыссыз болып тіркелген 31 азаматтың 18-і жұмыспен қамтылып, ал, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 12 отбасыдан 6 отбасыға азайып, қосымша өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны артады.
Жалпы ауылды өркендетуге арналған жобалар аясында ауданда атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Мемлекеттік қолдаулар мен ауқымды жобалардың арқасында ауылдардың ажары айшықталып, тұрғындардың тұрмысы жақсара бермек.
Рауан МУТАИР