Әйел тілінен жерінсе, баласы ұлтынан жериді
Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлымен «Назарбаев» Университетінің студенттері кездесті. Кездесу барысында студенттер тарапынан «қазіргі Қазақстанда әйел адамның рөлі қандай?»,- деген сұрақ қойылды. Осы сұраққа Елбасы: «Менің өмірлік тәжірибем көрсеткендей әйел басшы, әйел министрлер өз жұмыстарына өте ұқыпты болып келеді. Және әйел адам қашанда тендікке ұмтылады. Бұның жақсы, жаман екенін білмеймін. Әйткенде де, әйел адамның өз рөлі, ер адамның өз орны бар екендігі шындық»-дей келе, жазушы Лев Толстойды мысалға алды: – Лев Толстой бұл сұрақпен терең айналасқан адам. Жесір, жетім қалған және де жағдайы қиын әйелдерге өте көп көмек көрсеткен. Оларды үйіне әкеліп жуындырып, тамақтандыратын еді. Тіптен бай адамдардың басын қосып әйелдер мен жетімдерге көмек қорын да құрған. Бірақ өмірінің соңына қарай ол кісі мынандай тұжырымға келіпті: Патшалық заманда бай адамдар балаларын өздері тәрбиелемей бала күтушілерге бақтырады. Міне осының кесірінен балалар өзгеше күйге ұшырайды. Сондықтанда, әйел адамның басты жұмысы бала тәрбиелеу»-дей отырып, сөзінің аяғын Сингапур президентінің: «Егер де әкесі мен шешесі білімді болса, әлбетте балалары ақылды болады» деген пікірімен тиянақтады.
Осы орайда Елбасының «Әйел адамның басты жұмысы бала тәрбиелеу» дегеніне қос қолды көтеріп қосыламыз. Өйткені, шариғатта да солай. Балалардың тәрбиесі анасына жүктелген. Мысалы, бала тәрбиесіне қатысты қазір Біріккен Араб Әмірлігінде тосын жағдай қалыптасуда. Айталық, бұл елге соңғы 20 жылда жұмыс іздеп, босып келген, малай, бенгал, индонезиялық мұсылмандар қаптап жүр. Бұлардың ер азаматтарының көбі қалада қоғамдық көлік жүргізеді немесе таксист. Өздері табиғатынан әдебі жақсы, өте мейірімді, жуас халық. Әйелдері тіптен жұмсақ. Бір ерекшелігі бұл мұсылман бауырлар аздап ағылшынша тіл сындырғаны болмаса, араб тілін білмейді және қандай жағдайда өздерінің ана тілінде сөйлейді.
Жұмыс іздеп келген әйелдердің дені дәулетті арабтардың баласын бағады. Енді мына қызыққа қараңыз: бала бағушы әйелдердің мейірімділігі соншалық қарауындағы баланы өзінің ана тілінде айналып-толғанады. Өзінің бесік жырын айтып тербетеді. Өзінің туған жеріне деген сағыныш жырын сарнап жүріп, мәпелеп өсіреді.
Бұл әйелдердің балаға деген махаббатының күштілігі соншалық, араб баласының тілі асыраушы анасының тілінде шығып жатыр. Және асырушысына деген балалардың да махаббаты ерекше. Сөйтіп, жау шаппай, жел соқпай, тып-тыныш отырып-ақ арабтар тілінен айырыла бастады.
Осыған қарағанда, Елбасының жоғарыдағы сөзі айна қатесіз дұрыс пікір. Және қазақ халқының тілдік бөлінісінің түп төркіні әйел адамдардың ана тілінен жерінуінде жатқанын ол кісі аңғармайды дейсіз бе?!
Ерлан Алтай