Жартылай финалға жолдама берілді

Қазіргі таңда жастар арасындағы танымал жобаның бірі – жайдарман ойындары десек қателеспейміз. Себебі жайдарманшылар қысқа уақыттың ішінде оймайқтай ой айтуға тырысып, оны әзілмен әдемі етіп ұсынып бағады. Әрине, күлдіремін деп бүлдіріп жүретіндері де жоқ емес. Дегенмен, болайын деп тұрған жастар баршылық. Соңғы уақытта өңірімізде өтіп жатқан жайдарман болсын, көңілді тапқырлар алаңы болсын жанданып жүргенін байқаймыз. Оған аудан басшылығының қомақты қолдауы сеп болуда. Мұндай пікірді жайдарман ойнайтын жастар жиі айтып жүр.

Жуырда ғана Шу аудандық Мәдениет үйінде Жайдарман ойындарының ширек финалы өткен болатын. Оны әдеттегідей «Шу-Чу» командасының капитаны, Шу қалалық лигасының жетекшісі Мақсат Шәймерден жүргізді. Бұл ойынға бақ сынау үшін ауданымыздан және тысқары жерлерден барлығы 12 команда қатысқанын айта кету керек. Соның ішінде Шерхан Мұртаза атындағы Тараз инновациялық институты 3 команда әкелген екен. Сонымен қатар Алматы және Тараз қаласынан, Меркі, Тұрар Рысқұлов аудандарынан әзілкештер ат терлетіп келген.

Ойынды бастаған алматылық «Келбетті жігіттер» көрерменге күлкі сыйлай алмаса, тараздық « Метеорит» астарлы әзілдерін асығып жеткізді. Ал, шулық «Төле би жастары» көрерменнің қошеметіне ие болды. Сондай-ақ облыс орталығынан келген «Сосын айтам» командасы ойынға дайындықсыз келгенін аңғартты. Жиенбет ауылынан келген команда болса ауылдарындағы орталау мектептің мұңын жеткізіп, жаңа мектепті тездетіп салу, ауылдары мен аудан орталығын жалғайтын жолдың тозғанын әзілмен жеткізді. Бір қайнауы кем болса да, талпыныстары бар екенін түсіндірді. Одан бөлек, «Адекват» командасы атына сай өнер көрсетіп, өткір әзілдерін көпшілікке ұсынды. Көршілес ауданнан келген «Өнерлі көшпенділердің» ойынына қарап келешегі бар команда ретінде бағаладық. Қылықты қыздардан құралған «Ұлдар емес» командасы майдан қыл суырғандай мәселе көтеріп, ойынға тыңғылықты дайындықпен келгенін көрсетті. Ауданымыздың «Қант зауыты» жігіттері тәтті қалжындарымен ерекшеленіп, көптен бері көзайым болып келе жатқан «Меркістан» мықтылығын тағы бір паш етті. Тағы бір тараздық «Престиж» командасы парасатты ойын көрсете алмады. Есесіне былтырғы чемпиондар бабында екенін білдіріп, мүдірместен залды күлкіге қарық қылды.

Ойын соңында құрметті қонақ ретінде қатысқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Ел Ана» қоғамдық қорының Президенті, ардагер-ұстаз, журналист Сәуле Мешітбайқызы сахнаға шақырылды. Өз сөзінде ел Анасы салмақты пікірін, салиқалы ойын айтып, жастарға жөн сілтеді.

Қатысқан командалардың жартылай финалға өтуі қазылар алқасының кубок беруімен шешілді. Яғни 8 адамнан құралған қазылар алқасы өздеріне ұнаған командаларға кубоктарын беріп, ойын туралы ойларын білдірді. Сондай-ақ ортақ шешіммен әулиеаталық «Ұлдар емес» командасының капитаны Айназ Адамбаева үздік ойыншы ретінде көзге түсіп, Шу қаласындағы «Данис» оптикалық орталық ұсынған 10 мың теңгелік сертификатқа ие болды. Осылайша 12 команданың 8-і келесі ойынға жолдама алып, қаңтар айында өтетін Жайдарман ойындарында бақ сынайтын болады.

Байжан ЕМБЕРДІ