Дойбыдан ашық турнир өтті
Аудан орталығындағы Ғ. Мұратбаев атындағы гимназияда 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күні мерекесіне орай, «Балалар жылына» арналған «Ғажайып дойбы 64-шаршы» тақырыбында дойбыдан жасөспірімдер арасында облыстық ашық турнир өтті. Оған облысымыздың 7 ауданының дойбышы жастар командалары қатысты.
Салауатты өмір салтын қалыптастырып, достық қарым-қатынасты нығайту, жастарды спортқа баулу мақсатында өткен жарыс Мемлекеттік Гимннің орындалуымен басталды. Онда Жамбыл облыстық дойбы федерациясының басшысы Жаухар Дәуренбекқызы, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерік Мамадияров, Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектептің директоры Мұхит Наметқұловтар спорттың денсаулыққа пайдасы туралы айта келіп, жастарға елімізді әлемге танытатын үлкен спортшылар болуларына тілек білдірді. Ал бүгінгі турнирде жеңіс тұғырынан көрінулеріне тілектес екендіктерін жеткізді.
Мектептің спорт залына қойылған бірнеше тақтада жасөспірімдер өз жастарына қарай жарысты бастап кетті. Аса тартысты өткен жарыста өз қарсыластарына қарағанда ең көп ұпай жинаған Талас ауданының командасы жалпы есепте бірінші орынды иеленді.
Ал олардан аз ғана ұпай кем жинаған Байзақ ауданының командасы екінші орынды жеңіп алса, Жамбыл ауданының командасы жүлделі үшінші орынды қанағат тұтты.
Жеңімпаз командалар мен жүлделі орындарды иеленген үздік дойбышы жастарға жарысты ұйымдастырушылар тарапынан диплом мен медальдар табыс етілді.
Сүндетулла АБЫЛАШҰЛЫ,
Сарыкемер ауылы.