Екі жақты келісім нәтижелі болды
Халықаралық «Қазақстан ZAMAN» ЖШС-ның бас директорының бірінші орынбасары, қоғам қайраткері, «ЕлАна» қоғамдық-саяси, танымдық сайтының бас редакторы Сәуле Мешітбайқызы өткен аптада Ақмола облысында іссапармен болды. Облыс әкімі С.Кулагин іссапарда болуына байланысты С.Мешітбайқызын әкімнің бірінші орынбасары Қ.Отаров қабылдап, обылыстың бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды. Кездесуде Қадырхан Махмұтұлы ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызын ұлт жанашыры, ел анасы ретінде, елімізге белгілі тұлға деп білетінін жеткізді. С.Мешітбайқызы «Қазақстан ZAMAN» газеті мен «ЕлАна» сайтының ерекшеліктері жайында сөз қозғап, газетке, сайтқа қолдау көрсетуге ұсыныс жасады. С.Мешітбайқызының ұсынысын қабыл алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Қ.Отаров:
— Халықаралық «Қазақстан ZAMAN» газеті өзіндік ұстанымы, айтар сөзі бар, заман талабына сай басылым. Сіздердің газет жыл сайын газет басшылары басқарып, ауылға экспедиция шығарып, елдің негізгі тірегі болған ауыл жайымен танысып, жетістігі мен кемістігін саралап, билік пен халық арасына дәнекер болып жүргендеріңізді жақсы білемін және өте құптарлық игі іс деп қолдаймын. «ЕлАна» сайты да ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын, атына заты сай болатын ақпарат құралы деп сенемін. Сіздің ұсыныстарыңызды облыс әкімі С.Кулагинге жеткізіп, қолдау көрсетуді өтінемін, — деп, құрметті мейманға жылы жауап қатты.
Кездесу соңында Сәуле Мешітбайқызы облыс әкімінің баспасөз, бұқаралық ақпарат құралдарына жауапты орынбасары Нұрлан Нұркеновпен кездесті. Кездесуде облыстағы баспасөз жайында әңгіме қозғалды. Сондай-ақ, Ақмола облысының ерекшелігімен қоса әлеуеті, халықтың талғамы жоғары екендігі, баспасөзге жазылу, мемлекеттік тапсырысқа қатысу, оны орындау заман талабына сай күрделеніп келе жатқандығы сөз болды. Сондықтан сол деңгейге, талапқа сай болумен қатар, бір-бірін қолдау екі жаққа да тиімді деген тоқтамға келді.
Дахан Шөкшир