БҮГІНГІ ОҚЫҒАНДАР «ЗИЯЛЫ» МА, «ЗИЯНДЫ» МА?
Қазір газет бетін ашып қалсаң, теледидарды қосып қалсаң «Зиялы қауым» деген сөйлем алдыңнан «жүгеріп» шығады. «Зиялы қауым Президентпен кездесіпті», «Зиялы қауым бас қосыпты» дегенге де тіл жаттығып, құлақ үйреніп қалыпты.
Амал жоқ бұл сөздің шығу тегіне үңілдім. Сөздік қорымызда жиі ұшырасатын «зиялы» ұғымының түбірі араб тіліндегі «зия» сөзінен келіп шығатынын білдім. «Зия» сөзі – «нұр», «жарық», «ағару» мағыналарын білдіреді екен.
Ал «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» (Алматы, 2008, 346 б.) «зиялы» терминіне «ізетті», «әдепті» немесе «оқыған», «сауатты азамат» деп анықтама беріліпті. Шынтуайтында, бұл анықтама латын және орыс тілі қолданысындағы «интеллегенция» терминінен тәржімаланып алынған. Әлбетте, бүгінгі күннің талабымен алғанда зиялы адам әдепті әрі білімдар болуы шарт. Бірақ, мәдениетті һәм сауатты адам ұлттық құндылықты аяқасты етіп, отанына опасыздық жасауы да ғажап емес. Яғни, мәдениетті һәм сауатты болу толық зиялылықты білдірмейді. Оны тек зиялылықтың бір нышаны деп қана қарастыруға болады.
Оған дәлел көп қой. Өзін зиялы санайтын бірақ, бала- шағасы орысша ғана сайрайтын «Зиялы» аз ба? Ел басшысына жағынып, орден- медал тағынып, шындықты айта алмай жүрген «Зиялы» қаншама?!
Белгілі философ-ғалым Д.Кішібеков: «Зиялы жан шыныдай таза, ол жеке басы пайдасынан гөрі қоғам мақсатын жоғары ұстайтын адам» – депті. Көпке топырақ шашпайын, ғалым айтқан талапқа сай зиялы қауым арамызда жүруі әбден мүмкін. Бірақ ондай адамдардың дәл қазіргі уақытта аз екеніне бәс тігемін… Келешекте қаулап шығарына үмітім зор.
Өйткені жеке басы пайдасынан қоғам мақсатын жоғары қоятын тұлға әр дәуірде әр түрлі атаулармен аталған ғой . Айталық, қадым заманда қара басының қамынан қалың бұқараның мүддесін жоғары қойған адамды халқымыз «ер» деп атаған. Орхон-Енисей ескерткішінде: «Он жаста шешем Ұмай текті ананың бағына, інім Күлтегін ер атанды» деп Күлтегіннің он жасында елі үшін ерлік жасап, жауға шапқандығы баяндалады. Демек, «ер» сөзі адамның жынысын ғана емес, ел үшін басын бәйгеге тігіп, жауына қарсы күрескен тұлғаның мақамын да білдірген. Мысалы, Асан қайғы бабамыз: «Төс табаны төрт елі, Нарлар жүрер жер екен. Төсегінен түңіліп, Ерлер жүрер жер екен» деп жеке басының қызығын тәрк етіп, халық үшін ғұмыр кешкендерді жырлайды.
Жалпы, қазақ халқы «ер» сөзіне балама ретінде «батыр», «баһадүр» атауларын да қолданған. Мысалы, қазақ халқы өз батырларын «Ер-Абылай», «Ер-Жәнібек», «Ер-Науан» деп атайды. Сонымен бірге, халқымыз «ер» сөзіне қосып қалың бұқараның қамы үшін аянбай қажыр-қайратын жұмсаған, жанқияр іс атқарған жанды «азамат», «сабаз» деп те мадақтайды. Яғни, ерлік жасаушы мағынасын білдіретін – «ер», «батыр», «баһадүр», сондай-ақ, ірі іс атқарды һәм ұлылық танытты дегенді білдіретін – «азамат», «сабаз» атаулары да зиялылық ұғымымен астасып жатыр деген сөз. Мысалы, Мұстафа Шоқай: «Ұлттық зиялы деп кiмдердi айтамыз? Бiр қарағанда, жеңiл көрiнгенiмен, шын мәнiнде бұл сауалға дұрыс жауап қайыру оңай емес. Оқыған, тәрбие көрген адамның бәрiн «зиялы» деп атап, оны сол адам өзi тән болған ұлттың «ұлттық зиялысы» қатарына қоса беруге болады деп ойласақ, сөзсiз қателесемiз. Бiздiңше, белгiлi бiр мұрат-мақсаттардың соңында жүрген және сол белгiлi мұрат-мақсаттар төңiрегiне жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп айтуға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтiк дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кiре алады. Зиялылардың мiндетi ұлы да қасиеттi болуы себептi өте ауыр. Халықты ұлт деңгейiне көтеру, яғни жерi, суы, қазынасы, тiлi мен дiнi бар болған халық бұқарасын бiрлестiрiп, олардың санасын бiртұтас саяси, әлеуметтiк, ұлттық санаға жеткiзуде ұлы тарихи мiндеттiң маңызды бiр бөлiгi зиялылардың үстiне жүктеледi» деп зиялы ұғымының мәнін жан-жақты ашып көрсетеді.
Ал біз кімдерді «Зиялы» деп жүрміз? «Біздің зиялылар», қоғамға зиянды әрекеттер істеп жүрген жоқ па? Бір сәт ойланып көріңіз!
Нағашыбай Қабылбек