44 мыңнан аса азаматтың құқығын қорғаған

Жыл сайын 6 желтоқсан күні Қазақстан прокуратурасының қызметкерлері кәсіби мерекелерін – прокуратура органдарының құрылған күнін атап өтеді. Айтулы мерекеге орай аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов облыстық прокуратурада өткен салтанатты жиынға арнайы қатысып, сала ардагерлері мен қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Нұржан Молдиярұлы қоғамдағы заңдылық пен тәртіпті, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау және тұтас мемлекеттің құқықтық саясатын жүзеге асыру жолында сала қызметкерлерінің еңбектері өлшеусіз екендігін атап өтті.

– Мемлекеттік органдар жүйесінде прокуратураның алар орны айрықша. Сала қызметкерлеріне ел игілігі үшін қызмет ету, заң талаптарының сақталуын бақылау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және мемлекет пен қоғам мүддесін қолдау сынды маңызды міндеттер жүктелген. Прокуратура – мемлекеттің жоғары қадағалау органы болғандықтан, заң үстемдігі, құқық тәртібі, жалпы қолданыстағы заңдылықты қадағалау сала қызметкерлерінің функционалдық басты міндеті. Әрине, бұл мақсаттарға қол жеткізу мәселесі прокурорлық қадағалаудың қарышты даму жолымен жүзеге асады.

Қоғамдағы заңдылық пен тәртіпті, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау және тұтас мемлекеттің құқықтық саясатын жүзеге асыру жолында сала қызметкерлерінің еңбектері өлшеусіз. Ал осындай күрделі мәселелерді шешу үшін прокуратура қызметкерлерінен әділдік, адалдық және жауапкершілік талап етіледі. Өңір прокуратурасының тарихында шыншылдықты ту етіп, саналы ғұмырын саланың дамуына арнаған ардагерлеріміз жетерлік. Олардың бірқатары бүгін ортамызда отыр. Сіздердің бүгінгі ізбасарларыңыз заңдылықты қадағалап, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етуде. Ендеше, заңдылықты сақтау жолындағы еңбектеріңіз еселеніп, жанұяларыңызда бақ пен береке орнасын, – деген Нұржан Нұржігітов бірқатар сала қызметкерлерін «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, Құрмет грамотасы және Алғыс хаттармен марапаттады.

Бұдан кейін сөз алған облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров прокуратура органдары жұмысының маңыздылығына, аймақтағы сала мамандарының жұмысына тоқталды. Сондай-ақ ол бас прокурордың және облыс прокурорының бұйрығына сай әріптестеріне марапаттар тапсырды. Айта кетейік, ағымдағы жылы орын алған заңбұзушылықтар бойынша облыс прокуратурасы 993 прокурорлық шара көру актілерін қолданып, нәтижесінде 44 мыңнан астам азаматтың конституциялық құқығын қорғаған. Сонымен қатар мемлекетке 3,5 миллиард теңгеден астам қаражат пен мүлікті қайтарған.

Есен ӨТЕУЛІ