ЖИРЕНШЕНІҢ ЖАРЫ…
Бір күні аң аулауға шыққанда ханның лашын құсы ұшып кетіп, Жиреншенің үйінің төбесіне келіп қонады. Жиреншенің әйелі оны ұстап алып, түлетіп-желпінтіп қояды.
Соны естіп, құсын алуға ханның өзі барады. Жиренше үйде жоқ екен, зайыбы бүркеніп шығып ханға құсты алып береді. Хан қараса құсқа томаға тігіп кигізіп, қолғап тігіп құлпыртып, балақ бау есіп жарастырып-ақ қойған екен.
Бұрын томағаны, қолғапты бұл жұртта көрген-білген жан болмапты. Жеңдерімен ұстап, «жұмсақ жүн» деп құстың аяғына уықтың бауын тағады екен.
Ұшқанда сонысы бір құлаш болып шұбалып, аяғына оралып жүреді екен. Сондықтан хан не құсына қарарын бiлмей, не қатынға қарарын білмей, атынан ауып түсiп қала жаздайды.
— Біз бүгін осында қонамыз, — дейді хан.
— Үйде еркек жоғын көріп тұрсыз. Алда-жалда еркек жоқта қонақ боламын десеңіз, арада біраз күн салып, бір айналып келіңіз. Кіріміз болса жуылып, қонақ жабдығын хал келгенiнше даярлап тұрайық.
Және жігіт-желеңмен келмеңіз: көп қонақты күтуге шамамыз келмейді, өз басыңыз ғана болсын! — дейді Жиреншенің жұбайы.
Хан «жарайды» деп, «оңаша келіңіз» дегеніне дәмелі болып, көңілі өсіп, қайта береді.
Сонымен бірнеше күн өткен сон, хан жалғыз өзі келеді. Хан келген соң, әйел алдынан шығып, қолтығынан демеп түсіріп, қолынан ұстап үйіне кіргізеді. Бар дүниелігін жайнатып, құлпыртып қойған екен.
Көрпе жаюлы, төсек салулы, шымылдық құрулы тұр. Ханды жайғастырып, әйел тамақ жабдығына кіріседі. Жалғыз қалған хан айналасына көз салса, үйдегі нәрсенің бәрі кестелі екен.
Жастықта да, көрпеде де, шымылдықта да, орамал, дастарқанда да бәрінде де кестемен тіккен бір жазу бар. Ол «біреудің есігін қолыңмен қақсаң, өз есігіңді біреу аяғымен тебер» деген сөз еді.
Хан бұл сөзге түсінген жок, есіл-дерті әйелдің етегінде, нәпсінің жетегінде болып отыра береді. Жиреншенің әйелі бір уакытта палау басып, әртүрлі ыдысқа салып әкеліп, ханның алдына койыпты. Хан палау әр түсті ыдыста болған соң басқа -басқа ғой деп, әр қайсысынан бір-бір алып отырады.
Бәрінің де дәмі бірдей болған соң, «бұл калай» деп қайран калады. «Тақсыр -ау, ыдысымның басқалығы болмаса, бәрі де бір тамақ», — дейді әйел. Ханмен біраз отырып әзiлi жараскан соң:
«Тақсыр, ас айныса, не түзейді?» дейді. Хан: «Мұз түзейді», — дейді. Қатын: «Май айныса не түзейдi? — дейді. Хан: «Тұз түзейді», — дейді. Қатын: «Тұз айныса не түзейді», – дейді. Хан бәлен дей алмайды.
Тағы да әйел: «Халық айныса не түзейді?» — дейді. «Халық айныса, хан түзейді», – дейді. «Хан айныса, кім түзейді?» – дейді.
Сонда хан дәнеме дей алмай, ұялғанынан бетінің терін сүрте береді. Ақыры айыбына — қолындағы жүзігін сыйлап, хан қайтып кетіпті…………………
Online Qazaqstan
Maksat Skakovтың фейсбук парақшасынан алынды.