Халық қаһарманы – Мейіржан Аймановты курстастары сағынышпен еске алды
Өткен демалыс күндері 1997 жылы Мейіржан Көпбосынұлы Аймановпен бірге Павлодар техникалық училищесін бірге аяқтаған түлектер бас қосып, курстастары болған Халық қаһарманы Мейіржан Аймановты сағынышпен еске алды.
Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары болған азаматтық қорғау полковнигі Мейіржан Көпбосынұлы Айманов азаматтық қорғау органдарында 1995 жылдың қыркүйегінен бастап қызмет атқарған. 2021 жылғы 26 тамызда Байзақ ауданындағы әскери бөлімдегі жарылыс кезінде М.Аймановтың нақты, сауатты іс-әрекеті мен қайсарлығының арқасында Тараз қаласындағы 3 елді мекеннің 710 тұрғыны қауіпсіз орынға эвакуацияланды. Алайда, М.Айманов аталған оқиға орнында қызметтік міндеттерін орындау барысында ерлікпен қаза болды.
Қаза болғаннан кейін, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасына сіңірген ерен еңбегі мен қызметтік борышын атқаруда көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары болған марқұм Мейіржан Көпбосынұлы Аймановқа «Халық қаһарманы» атағы беріліп, «Алтын жұлдыз» және «Отан ордендері» тапсырылған болатын.
Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті