ТАРАЗДЫҢ «НАРЫНЫ» ТАЛАЙДЫ ТАМСАНДЫРУДА

Әлемде азық-түлік қауіпсіздігі деген ұғым бар. Біріншіден, бұл жер бетіндегі адам санының өсуіне байланысты азық-түлік тапшылығын болдырмау, оған жол бермеу болса, екіншіден, адам өміріне, денсаулығына зиянын тигізбейтіндей сапалы өнім өндіру.
Шындығында, бұл іспен экономикасы дамыған алпауыт елдер айналысып жатқанын мойындауымыз керек. Ал біз сөз еткелі отырған мәселе – өркениетті елдер секілді әлемдік нарықты отандық өніммен жауламасақ та, өз нарығымызды өз өнімімізбен қамтамасыз ету. Осы тұста сыпайы түрде айтар болсақ, Қазақстанда азық-түлік дағдарысын болдырмау жолында онсыз да шетелдіктер жоғары қарқынмен жұмыс істеп жатқаны анық. Турасын айтқанда, алыс-жақын шетелдіктер тамақ өнеркәсібі саласында дайын өнімді көптеп шығарып, артығын біз секілді дамушы елдерге үздіксіз экспорттап жатыр. Ал бұл тек азық-түлік нарығында ғана емес, кез келген тауарды тұтынуға келгенде қазақ елінің импортқа тәуелділігінен болып отыр. Біз шикізат экспорттаушы, өзгенің дайын өнімін тұтынушы мемлекеттен өндіруші, өңдеуші мемлекетке айналмай бұл мәселеден арыла алмайтынымыз анық. Сондықтан қолдан келсе ішкі нарыққа енетін импорттан сыртқа жөнелтілетін экспорттың көлемін арттыру өте маңызды. Ал ол мүмкін болмаған жағдайда өзіміздің өнеркәсіп, оның ішінде тамақ өнеркәсібі өнімдерін әлемдік бәсекеге сай өндіру ең басты мәселенің бірі. Отандық нарықтан шетелдік тауарларды ығыстыруға сонда ғана, яғни сапа мен сан үйлесім тапқанда ғана жол ашылады. Ал бұл тұрғыда өңірдің тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібінің отандық нарықтағы әлеуеті қандай? Мұны біз облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы өнеркәсіп және қазақстандық қамтуды дамыту бөлімінің басшысы Талғат Шалдарбековтен сұраған едік. Ол көтеріліп отырған мәселе орынды ек енін, мемл ек ет тарапынан кәсіпорындарға, бизнес құрылымдар мен шаруашылықтарға, қандай да бір іспен айналысамын деген ниеттегі жеке адамдарға көрсетіліп жатқан қолдаудың астарында халықты өз өнімімізбен қамтамасыз ету мәселесі жатқанын сөз етті.
– Облыстың ауылшаруашылық тұрғыда мамандандырылуы және шикізаттық базаның нығаюы қайта өңдеу өнеркәсібінің дамуына ықпал ететін бірден-бір фактор. Бұл аймақтық экономикада келешегі басым сала. Осы жылдың қаңтар-қазан айында тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі саласында 104,6 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, нақты көрсеткіш индексі 117,8 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсібі құрылымындағы үлесі – 20,1 пайыз.
Аймақтың аталған саладағы негізгі кәсіпорындары – «Тараз қант зауыты», «Меркі қант зауыты», «Бурненская молочная компания», «Меркі ірімшік зауыты» секілді тағы да басқа жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен сүт, макарон және кондитерлік өнімдер өндіретін шағын кәсіпорындар. Осы жылғы қаңтар-қазан айларында 193,8 мың тонна қант, (2021 жылы – 131,9 мың тонна), 2 088 тонна (2021 жылы – 2 510 тонна) ірімшік және сүзбе, өндірілді. Осы тектес облыста ел бойынша өнімі сұранысқа ие кәсіпорындар жетерлік.

Тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына осы жылдың он айында салынған инвестициялар көлемі 1719,6 миллион теңгені құрады. Салада экономикалық қызметтің 6 түрі ұсынылады. Жалпы аймақта әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке жататын тауар түрлерінің 16 түрі өндіріледі. Атап айтқанда, 2 қант зауыты, 7 сүт өнімдерін өңдейтін, 4 шұжық өнімін өндіретін цех, 4 макорон (рожки) өндіруші, 3 ет, 2 күнбағыс майын өндіретін зауыт, 2 тауық етін өндіретін құс фабрикасы, 1 ас тұзын өндіруші, 1 жұмыртқа өндіретін цех бар. Сонымен қатар облыс бойынша түрлі нан өнімдерін дайындайтын 59 наубайхана жұмыс істейді. Жалпы облыста ет және тағамдық, сүт және өңделген сұйық сүт және кілегей, дәнді дақылдардан және өсімдіктен жасалған ұн, олардың ұлпа іспетті тартылған майда қоспасы секілді тамақ өнімдерінің негізгі түрлерін өндіру динамикасы жылдан-жылға қалыптасып келеді.

Бір айта кетер жайт, соңғы жылдары облысымызда индустрияландыру аясында тамақ өнеркәсібі саласында бірнеше инвестициялық жобалар іске асырылуда. Оның барлығы да экспортқа бағдарланған кәсіпорындар. Бұл тұрғыда ұзын кеспе өндіретін «С.П. «Ролла-Ян», құс етін өндіретін «Әулие-Ата Феникс», құс жұмыртқасын өндіретін «Аса-Damu», кондитерлік өнімдер өндіретін «Сауле» кондитерлік фабрикасы», ас тұзын өндіретін «Соляная компания «Асылтұз», сүт өнімдерін шығаратын «Байтұр 2050», аквапоникалық технология негізінде алғашқы қайта өңдеумен салат дақылдарын өндіретін «GREENWILL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі секілді жобаларды айтуға болады, – деді Талғат Базарбайұлы.

Отандық нарыққа өз өнімімізді шығаруда тек ірі кәсіпорындар ғана емес, еттен шұжық, сүттен балмұздақ, балықтан шпрот секілді дайын өнім шығаратын майда-шүйде цехтардың да тигізер үлесі мол. Осы тұста тараздықтарға ғана емес, еліміздің Астана, Алматы, Шымкент іспетті ірі қалаларына «Нарын» атты дайын тағам ұсынып отырған «Айтбаева» жеке кәсіпкерлігін сөз етуге болады. Осы істі жүзеге асырған патент иесі Қойшыбек Манатбаевтың негізгі мамандығы – гидротехник. Біз аталған цехқа барғанда Қойшыбек Төлегенұлы «коммерциялық құпия» деп біраз сырды бүгіп қалғысы келгенімен кейіннен шешіле сөйледі.

– Жұмысымыз жолға қойылған. Сұраныс қанша көлемде түссе де оны өтеуге әлеуетіміз жетеді. «Нарынды» 2013 жылдан бастап шығара бастадық. Бастапқыда байқап көру үшін өнімді аз мөлшерде шығарып жүрдік. Бұл тағамға алдымен тараздық емес, астаналықтарды үйреттік. Одан кейін Шымкент, Алматы қалаларынан сұраныс түсе бастады. Бұл тағам негізінен табиғи өнімнен дайындалады. Қамыры кәдімгі ұннан жасалған кеспе. Сол секілді жылқы еті, оның қазы-қартасы пайдаланылады. Май, тұз болмаса тағамға тауардың ұзақ мерзімге сақталуына септігін тигізетін концентраттар мен дәмдеуіш, хош иіс шығарғыш секілді өзге де қоспалар қолданылмайды. Өйткені біз әу бастан өнімнің табиғи қалпын сақтауға, лажы болса үйде дайындалатын тағамға жақын болуына мән бердік. Бірреттік пайдаланылатын ыдысқа салынған тағам осы жерден 280, ал арнайы қаптамаға салынған «Нарын» 240 теңгеден босатылады. Өнімді қаптайтын аппараттар Қытайдан әкелінген.

Тауарды өз күшімізбен шығарып жатырмыз. Алдағы уақытта кәсіп аясын кеңейтсек, өнім көлемін арттырсақ деген жоспар бар. Ол үшін реті келсе мемлекеттен жеңілдетілген пайызбен несие алатын шығармын. Осыған дейін де жоспар болған. Бірақ несиенің пайыздық ставкасы біз ге қол айл ы бол а қоймад ы. Осыдан 1-2 жыл бұрын кәсіпкерлерге қолдау ретінде мемлекет тарапынан 5 миллион теңгеге дейін грант берілетінін естігенмін. Мұндай мөлшердегі қаражатпен ойға алған. ісіңді жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан 4-5 миллион теңге үшін ешқандай мекеменің есігін қаққан емеспін, – деді ол.

Кәсіпкер өнімнің өзіндік құнының төмендеуі тағамға пайдаланылатын ет, ұн, май секілді шикізат пен Қытай және Ресейден келетін бірреттік ыдыстар мен қаптаманың бағасына байланысты екенін айтады. Одан бөлек сұраныс кең көлемде түссе, баға да біршама арзандамақ. Мұнда 13 адам тұрақты жұмыс істеп жатқанымен сұраныс көлемі артқанда адам саны 20-ға дейін жетеді екен. Жұмысшылардың айлықақысы 100-120 мың теңге аралығында.

– «Шөлдала» тұрғын алқабынан қатынап жұмыс істеймін. Менің міндетім – дайын өнімді ыдыстарға салып, оны қаптайтын аппаратқа жөнелтіп тұру. Күніне 8 сағат жұмыс істейміз. Осы еңбегім үшін айына 100 мың теңге табыс табамын. Екі баланың анасымын, отағасы құрылысшы. Отбасылық бюджеттің бір бөлігін осы цех арқылы құрап отырмыз. Жұмысым ауыр емес. Кейде басшылық «Нарын» тағамын беріп тұрады, – дейді Айнұр Қоспанбетова.

Негізінде қайтарымсыз қаржы немесе жеңілдетілген несие қаражаты жұмыс істеп тұрған осындай цехтарға, өзіндік идеясы бар, қолынан іс келетін азаматтарға берілуі керек. Сонда ғана біз сөз етіп отырған отандық нарықты өз өнімімізбен жаулауға болады.

Осыдан 2-3 жыл бұрын Астана қаласында «Кеспебай», Түркістан облысының Қазығұрт ауданында «Қазан жаппа» деген атаумен тура осындай өнім нарыққа жол тартқан-ды. Алайда олар шығарған өнімнің дайындалу технологиясы дұрыс болмады ма, нарық жіті зерттелмеді ме көп уақыт өтпей ол тауарлардың шығарылымы тоқтап қалған. Қазір осындай тағам Тараз қаласында «Туралған ет» деген атаумен шығып жатыр. Олардың қолға алған ісі өміршең болса екен деген тілегіміз бар. Себебі халық «BIG BON», «Роллтон» секілді сырттан келетін дайын тағам түрін тұтынбас үшін бізге Қ.Манатбаев секілді өз ойын қорықпай жүзеге асыратын іскер азаматтар керек-ақ.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ
arainfo.kz