400-ден астам жаңа жұмыс орны құрылды
Аймақта 2025 жылға дейін ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 322,6 млрд. теңгені құрайтын 50 инвестициялық жоба және «Жамбыл облысын дамытудың жол картасы» аясында 73,7 млрд. теңгені құрайтын 716 инвестициялық кіші жобалар жүзеге асырылады.
Олардың негізгі бағыттары сүт тауарлы фермаларын, көкөніс сақтау қоймаларын, бордақылау алаңдарын, жылыжай кешендерін салу, құс, балық және бал ара шаруашылықтарын құру, су үнемдеу технологияларын енгізу, сүт өнімдері мен картоп өнімдерін қайта өңдеу болып табылады.
Осының аясында биылғы жылы облыста жалпы құны 17,9 млрд. теңгені құрайтын 14 жобаны жүзеге асырып, 281 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған.
Бүгінгі күні 10 жоба Жуалы, Қордай, Меркі, Шу аудандары мен Тараз қаласында жүзеге асырылды. Мұнда 179 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Құны 14,9 млрд. теңгені құрайтын бұл жобалардың 4 көкөніс сақтау қоймасы, 1 кондитерлік цех, 1 сүтті қайта өңдеу цехы, 1 құс фермасы, 1 балық шаруашылығы және 2 су үнемдеу технологиялары.
Сондай-ақ, «Жамбыл облысын дамытудың жол картасы» аясында биылғы жылы жалпы құны 5,0 млрд. теңгені құрайтын 105 кіші жобаны іске қосу жоспарланса, қазіргі уақытта 4,5 млрд. теңгені құрайтын 95 жоба жүзеге асырылып, 312 жаңа жұмыс орны құрылды.
Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы