ЖАЙЫЛМАДАҒЫ ЖАРЫС

Жайылма ауылында 16 — желтоқсан ҚР Тәуелсіздік күні меркесіне орай, еңбек ардагері, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын медалінің және «Құрмет белгісі» орденінің иегері Оспан Қабанбаевты еске алуға арналған Грек – рим күресінен 2011 – 2012 жылы туылған кіші жасөспірімдер арасында облыстық ашық турнир болып өтті.
Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Өз сөзінде аудан басшысы бұл турнирдің Сарысу ауданының қалыптасуына, дамуына өлшеусіз үлес қосқан Оспан Қабанбаевтың есімін есте сақтау мақсатында болып отырғандығына, айтулы азаматтың өмір жолы өскелең ұрпақ үшін үлгі – өнеге екендігіне тоқталып, сонымен қатар, бұндай спорттық жарыстардың аудан спортын дамытуда, жас спортшыларды анықтап, оларға қолдау білдіруде маңызы зор екендігін айтты.
Бұдан кейін, Оспан Қабанбаевтың ұлы Арқабай Оспанов сөз сөйлеп, жарысты ұйымдастырып отырған аудан басшыларына, ауыл азаматтарына алғысын білдірді.
Турнирге Байзақ, Меркі, Жамбыл, Т. Рысқұлов аудандарынан, Жаңатас қаласынан және Жамбыл ауданының Жасөркен ауылынан, Сарысу ауданының Жайылма ауылынан жас спортшылар қатысты.
120 – дан аса жасөспірім қатысқан облыстық турнирде әр түрлі салмақ дәрежесі бойынша 40 спортшы жүлдегер атанды.
Жарыс жеңімпаздары ұйымдастырушылар тарапынан арнайы медалдармен, дипломдармен және заттай сыйлықтармен марапатталды.

Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі