АРША БЕСІКТІҢ ҚАСИЕТІ
Бес жасқа дейін бақытты өмір сүрдім. Мен әкемнің жалғызымын. Менен бұрын үшеуі, бірінен соң бірі, қарашешектен қайтыс болып кеткен. Шешек шығады, өле береді, тірі қалмайды. Менімен бірге туған балалардың қырылғаны – бәрі тірі болғанда, біз бүгінгі заманда, 30 — 40 миллионға жетер ме едік?! Қырылып қалған! Қынадай қырылған, қарашешектен! Мен аман қалғам! Неге, аман қалғам? Сөйтсем, менің бесігім арша ағашынан екен. Әжем – Күнекей, жарықтық, байдың қызы. Сол әжемнің бесігі болған. Оны «Аршабесік» дейді. Талас Алатауында өсетін арша, содан бесік жасаған. Аршабесікке құрт-құмырсқа, «шорт-морт», бит, анау-мынау, жыбырлағандар жоламайды, қырылып қалады. Маған да шыққан, қарашешек. Құдай сақтап, сол аршабесіктің арқасында аман қалғам. Әкем жарықтық ол кезде жас, мен бесікте жатқанда: «Мынау да адам болмайтын болды ғой» деп теріс қарап, күдер үзіп қалған екен. Құдайдың құдіреті, бір кезде мен әйтеуір, тіріліп, қатарға қосылыппын. Аман қалуыма, сол аршабесік себеп болды. Шешек ауруының, дертінің уытын өзінің бойына сіңірген дүние. Қасиетті арша ағашы бар – Талас Тәңіртауында. Сол жерлерде өседі. Көп жерлерде жоқ, қасиетті арша. Ол кез келген жерде өсе бермейді. Міне, біздің тауымыздың, жаратылысымыздың, жеріміздің құдіреті. Су да дәрі болатын. Бірақ Кеңес өкіметі судың барлығын каналға салды-дағы, егіске, анда-мында айдатып жіберді. Оның барлығын жазғанмын. «Мылтықсыз майдан», «Ай мен Айшада» айтылады. Балалық шақ туралы білгісі келетіндер оқысын! Бірақ сендер оқымайсыңдар!
Шерхан Мұртаза