АДАЛДЫҚ
Көрші әжей айтып берген бұл оқиға ол кісінің туған жері – батыс өңірінде, соғысқа дейін болған екен. Орманда орманшының үйі болыпты, бірақ онда тек жалғызбасты бір әйел ғана тұрған көрінеді. Кезінде ол да бақытты еді, сүйген жары, азды-көпті шаруажайы бар еді. Бірақ, бірде әйел азық-түлік әкелуге базарға кеткенде үйінен от шығып, күйеуі мен ұлы өртте опат болады. Содан бір кездері шат күлкісі үзілмеген шаңырағының орнында тау болып үйілген күл мен Ақтөс атты иті ғана қалады…
Ақтөстің өзі де әзер дегенде аман қалған еді. Үй жанып жатқанда баланы құтқармақ болып ішке жүгіргенімен, үлгере алмайды, бала түтінге тұншығып, өліп қалыпты. Сонда да баланың өлі денесін сүйреп, есіктің аузына дейін жеткізіп, өзі де құлап түскен итті шалажансар жатқан күйінде тауып алып, аман алып қалған осы әйел болатын. Баласын құтқара алмады, ал иттің жанын сақтап қалды.
Ақтөс өзін құтқарған әйелге адал қызмет етті, әйел де оған ұлындай қамқор болып, бар мейірін төкті. Осылайша екі мұңлық бір-біріне ес болып, күйбең тіршілігін жалғастырып жатты.
Бірақ, бақытты күндерін қайта-қайта еске түсіре беретін ауылда енді қалғысы келмеген әйел бір күні колхоз бастығынан зейнетке шыққалы жүрген қарт орманшының орнына жұмысқа тағайындауын сұрайды. Колхоз бастығы алғашында қарсылық танытады. Ит тұмсығы батпайтын, қасқыр мен аю өріп жүрген ну орманда әйел баласының жалғыз тұрғанын кім көрген? Бірақ, әйел айтқанынан қайтпай, колхоз бастығын тіпті аттап бастырмай қояды. Ақыры дегеніне жетеді. Сөйтіп, бар әлемнен баз кешкен жалғызбасты әйел мен оның жалғыз жанашыры – иті екеуі қалың ағаштың арасында өмір сүре бастайды. Колхоз бастығы алғашында жиі келіп, жағдайларын біліп кетіп тұрады. Бірақ, кейін әйел болса да, орманшының шаруасын бір кісідей атқарып жүргенін көрген соң, көңілі демделіп, екі мұңлықты жайына қалдырады.
Алғашқы қыс тыныш өтеді. Бірақ, көктем шыға әйелдің жалғыз сүйеніші орман ішіне кіріп, жиі жоғалып кететінді шығарады. Әйел жиі сыртта «қонып» қалатын «ұлын» күтіп, түн баласын алаңдаумен көз ілмей өткізетінге айналды.
Бірде «ұлы» біржола оралды, бірақ жалғыз емес. Үйден таяқ тастам жерде жас ұрғашы қасқыр тұрды. Осылайша иттің жиі жоғалып кетуінің сыры белгілі болды.
«Жас отбасы» есіктің алдындағы иттің үйшігіне жайғасты. Бәрі жақсы-ау, бірақ жас қасқыр жанында адамның жүргеніне көпке дейін көндіге алмады. Әйел тамақ беру үшін иттің үйшігіне жақындаса болғаны, қасқыр тісін ақситып, сес көрсете бастайды немесе үйшіктен шығып, артына жасырынады. Бірақ, бірде-бір рет оған қарай атылған емес. Өйткені, иесінің алдына тұра қалатын иттің ырылынан соң тез сабасына түсетін.
Бірде түнде Ақтөс есікті тырналап, қыңсылай берген соң, әйел далаға атып шықты. Ит етегінен тартқылап, әйелді үйшігіне алып келді. Қараса, ұрғашы қасқыр ырсылдап, жанын қоярға жер таппай жатыр екен. Әйел іші адам сыятындай кеңдеу етіп салынған үйшікке кіріп, қасқырды еркелете сөйлей отырып, оның әр жерін ұстап көре бастады. Қинала-қинала әбден әлсіреп қалған ұрғашы қасқыр тісін ақситқаны болмаса, еш қарсылық көрсетпей жата берді. Барлық сүйектері аман, аузы да таза. Демек, асқазанында кінәрат жоқ. Енді не болды екен?
Әйел не істерін білмей дал болды. Өзіне адам сияқты жалынышпен қарап, құрбысының жанында қыңсылап жатқан итіне көзі түсті де, жаны ауырып кетті. Бұларды бұл күйінде тастап, үйінде тыныш жата алмайтынын түсінді. Үйіне барып, етек-жеңі мол тігілген үлкен тері тонын алып келді де, қасқырдың жанына барып жатты. Үйшіктің іші тар, бірақ, жылы. Ақтөс үйшіктің табалдырығына жайғасып, «сүйіктісінен» көз алмай жатыр.
Қанша дегенмен, қасқыр деген аты бар емес пе, түні бойы алаңдап, аздап қорқыңқырап жатқан әйелдің таңға жақын көзі ілініп кетіпті. Бетін біреу жалағандай болған соң оянып кетіп еді, көздері қасқырдың сап-сары оқтай көздерімен кездесіп қалды. Қасқыр «келіні» тұмсығымен әйелдің жамылған тері тонының ішіне сұғына кіріп жатып алыпты. Осылайша жылынып, жаны жай тапса керек.
Әйел қасқырдың тұмсығын ұстап көрді. Ылғалданып тұр. Демек, кеселі қайтқан екен. Кенет тоннының астынан, аяқ жағынан бірдеңе жыбырлағандай болған соң, ашып жіберді. Кіп-кішкентай қасқырдың екі күшігі! Нағыз бөлтірік! Тек екеуі де әкесіне тартыпты. Тура соныкіндей екеуінің де кеудесінде үлкен ақ жолақ бар. Екеуі де қасқыр анасы сияқты сұр емес, қап-қара…
Бірақ, қуаныш соңын ала қайғы келді. Үйге тап берген аюдан иесін қорғаймын деп арпалысып жүріп, ит мерт болды. Екінші рет ұлынан айырылған «анасы» көз жасын төге жүріп, Ақтөсті үлкен ақ қайыңның түбіне жерледі. Сосын бірі ұлын, бірі жарын жоқтап, екі әйел түнімен қосыла жылады…
Ұрғашы қасқыр әйелді тастап кетпеді. Сол үйшікте күшіктерімен бірге тұра берді. Көп өтпей ауылдағылар да әйелден бір елі қалмай жүретін қасқырға үйреніп, тіпті оны «жесір келін» деп те атай бастады.
Бірақ, адам баласы мәңгілік емес. Бірде колхоз бастығы орман шетіндегі егін алқабының ортасымен келе жатқанында, кенет аты шапшып кетіп, тізгінін әрең тартып үлгереді. Қараса, тура жолдың бойында, қарсы алдарында шоқиып қасқыр отыр. «Жесір келінді» бірден тани кеткен колхоз бастығы назарын тіктеп қарағаны сол, ол тісін ақситып, жолдың үстінде әрі-бері ойқастап, алға қарай жүре берді. Бірдеңе болғанын түсінген колхоз бастығы оның соңынан ереді.
Ормандағы жалғыз үйшікке келіп кіргенінше, әйелдің денесі суып қалыпты. Ауыл дәрігері оның жүрегі тоқтап қалғанын айтады.
Әйелді ауыл зиратына жерлейді. Оны жер қойнына тапсырып жатқанда қыр астынан бір сұр, екі қара – үш қасқырдың жон арқасы қайта-қайта көрініп қалып тұрды. Бұлар ана қасқыр мен оның екі бөлтірігі болатын. Сол күні бүкіл ауыл ұйықтай алмай шығады. Қасқырлар ауыл зиратының басында түні бойы тоқтамай ұлыса керек…
— Ал қасқыр мен оның бөлтіріктеріне не болды? — деп сұрадым мен.
— Олар орманға кетті. Кейін келген орманшылардың айтуынша, «келін» қасқыр өле-өлгенше бірде-бір ұяласын жанына жолатпапты. Ал үш жылдан кейін оны ит жерленген қайыңның түбінде өліп жатқан жерінен тауып алыпты. Колхоз бастығы ешкімді тыңдамай, қасқырды да сол қайыңның түбіне жерлепті.
Ал қасқыр мен иттің күшіктері өсіп, бөлек бір үйірдің көсемі болған көрінеді. Бір қызығы, олардан өсіп-өнген қара түсті қасқырлардың ешқайсысы адамдар мен малға шаппайтын көрінеді. Аңшылар да оларға тиіспейтін. Иесіне адал болған ит пен оның «сүйгенін» осылайша көпке дейін ауыл тұрғындары ұмытпай, олардың «махаббатын» аңызға айналдырған…
Кейде орман ішімен өткен адамдар адасып кеткен жағдайда жол көрсетіп жүретін әйел туралы айтады екен. Оның жанында үнемі екі ит еріп жүретін көрінеді. Бірі – сұр, ал екіншісі – мойнында аппақ жолағы бар, қап-қара.
Авторы белгісіз
Райхан Матайдың фб парақшасынан