Жамбылда 153,0 мың гектар жайылым мемлекеттік жер қорына қайтарылды
Жамбыл облысында жайылым жерлердің пайдаланылуын зерделеу барысында 683 мың га жайылым жер жетіспейтіндігі анықталған. Бүгінде Жер кодексіне сәйкес ауылдық округ теңгеріміне босалқы жерлер санатындағы 170,0 мың га жерді беру жұмыстары жүргізілуде. Ал ортақ жайылым жерлердің пайдалануға беріліп кеткен бөлігі елді мекендерге қайтарылып келеді.
Сол сияқты орман қорындағы 1,0 млн. га жайылым уақытша пайдалануға берілді. Игерілмеген және заң талаптарын бұзып пайдаланған 153,0 мың га жайылым мемлекеттік жер қорына қайтарылды. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек жыл ішінде атқарылған жұмыстар бойынша журналистермен өткізген брифинг барысында айтты.
-Биыл жалпы өңірлік өнімі бірінші жартыжылда 1,0 трлн. теңгеден асты. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 110,6%, яғни 778,9 млрд. теңге деңгейінде қалыптасты. Ал ауыл шаруашылығында 562,6 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 343,6 млрд. теңге инвестиция тартылды,-деді Қанатбек Мәдібек.
Жалпы, биыл өңірдің ауыл шаруашылығы саласына 32,0 млрд. теңге бөлінген. Дақылдар 756,2 мың гектарға орналастырылды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 5,4 мың гектарға артық. 371,1 мың га масақты дәнді дақылдар орылып, жалпы түсім 633,4 мың тоннаны құрады. 1576,0 мың тонна көкөніс дақылдары, 290,2 мың тонна картоп өнімі жиналып, 1,1 тоннадан астам пияз алынды. 5,5 мың гектар қант қызылшасы егіліп, оның 4,5 мың гектарынан 187,2 мың тонна қант қызылшасы жиналды. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаулардың нәтижесінде алдағы жылы қант қызылшасы алқабын 10 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда. Мал саны да едәуір артқан. Соның нәтижесінде ет өндірісі де ұлғайып отыр. 1,7 мың тонна ет экспортталды.
Агро салаға 14,8 млрд. теңгеге 10 инвестициялық жоба іске қосылып, 179 адам жұмыспен қамтылды.
5,5 мың гектар қант қызылшасы егіліп, оның 4,5 мың гектарынан 187,2 мың тонна қант қызылшасы жиналды. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаулардың нәтижесінде алдағы жылы қант қызылшасы алқабын 10 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда.
Аймақта суармалы алқаптарды қалпына келтірудің жол картасы әзірленіпті. Халықаралық қаржы институттары арқылы 35,0 млрд. теңге қаржы бөлініп, 25,0 мың гектар суармалы алқап қалпына келтірілген.
2022-2024 жылдары 306 су нысанына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 55,0 мың гектар алқапты айналымға қосу көзделген.
Келесі жылдың өнімі үшін күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 10725 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді.
-«Ауыл аманаты» деген атаумен таратылып отырған пилоттық жоба одан әрі жалғасуда. Әулиеата жерінде бастау алған оң тәжірибе бойынша 2025 жылға дейін барлық ауыл тұрғындарын қамту көзделіп отыр. Ол үшін 75,5 млрд. теңге бөлу қажет етіледі.
Қазіргі таңда облыста 87,0 мыңнан астам жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері бар. Оларда жұмыспен қамтылғандар 130,0 мыңнан асты. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 311,3 млрд. теңгенің өнімін өндірді.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде 69,0 млрд. теңгеге 188 жоба қаржыландырылды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының инфляциясы жыл басынан бері 21,7% -ды құрады.
Осы орайда 155 ірі сауда дүкеніне делдалсыз 3,0 мың тоннаға жуық 9 тауар түрі бойынша тікелей жеткізу ұйымдастырылды. 244 ірі сауда желілерімен 11,0 мың тн көлемінде 10 тауар түрі бойынша күзгі форвардтық келісім жасалды. Бүгінде 32 әлеуметтік павильон қызмет көрсетуде. Жыл басынан бері 532 жәрмеңке өткізіліп, 17,0 мың тонна арзандатылған ауыл шаруашылығы өнімдері сатылды,-деді Қанатбек Мәдібек.
Тағы бір айта кетерлігі, Жамбыл облысында балық шаруашылығы қарқын алмақ. Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы аясында алдағы 5-6 жылда 8,0 мың тоннаға дейін балық өндіру күтілуде.