САҢЫРАУҚҰЛАҚТАН ТҮСЕР ТАБЫС МОЛ

Бұған дейін саңырауқұлақты құмды жерлерде, жауыннан кейін «қаптап» шығады деп ойлаушы едім. «Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті» деген теңеулерді де журналистік өмірімізде талай мәрте пайдаланғанымыз бар. Қазір ойлап қарасам мен көріп жүрген әлгі құмды жердегі саңырауқұлақтар табиғи жолмен өседі екен. Ерте көктемдегі жауындардан кейін өзім қырық жылдай тұрған Мойынқұмның сексеуілі арасындағы құмды жерлерде саңырауқұлақтың көп шығатынын талай мәрте көргенбіз. Оны әсіресе Бішкектен келіп теретіндер көп болатын. Ал кейінгі жылдары мойынқұмдықтарда үйреніп, саңырауқұлақты теріп, одан өз напақаларын тауып жүргендері де аз емес.
Ал саңырауқұлақты қолдан өсіріп, одан мол қаржыға кенеліп жүргендерде бар көрінеді. Жақында солардың біріне жолығып, атқарылып жатқан тірлігімен танысқан едік.
Жол бастаушымыз бізді Сарыкемер ауылының күн батыс жағындағы бұрынғы шарап шығаратын зауыттың ескі ғимаратына алып келді. Аталған ғимаратты ауқымды жерімен қоса жеке кәсіпкер Назым Нұрбаева сатып алып, осы жерде саңырауқұлақ өсіруді қолға алған екен. Алдымен Назымнан бізге таңсық болып отырған саңырауқұлақ өсірудің жолы (технологиясы) жайлы айтып беруін сұранған едік.
— Біз бұл жұмысты 2020 жылы қолға алдық. Алдымен ескі ғимаратты пайдалана отырып, жылыжайды дайындадық. Содан соң оны жылыттық, сөрелер дайындалды. Арнайы өнімді буландыратын цехқа үлкен жылыту пеші мен су қайнататын қазандық орнатылды. Саңырауқұлақ өсіру үшін бір жылға 20 тонна мақтаның қалдығын (шелуха) Шымкент қаласынан әкелеміз. Оның 250 келісіне әр түрлі дәрумендер мен Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орнынан әкелінген тұқым араластырылып шағын блоктарға (пакет тәріздес) салынады. Қазандықтағы суды қайнатып, қайнаған су буымен 3 құбыр арқылы шелуханың микробтары өлтіріледі. Әр блоктағы салмағы 3-4 келі тартатын шелуха буда 9-10 сағат тұрады да, содан соң жылыжайға жеткізіледі. Бұл жерде 3 күннен соң саңырауқұлақ құлақтанып, 20 күннен кейін өнім бере бастайды. Жұлып алынған саңырауқұлақ орнына 10 күннен кейін қайта саңырауқұлақ шығады. 1 блок 5 ай өнім береді. Тек оны қарап, күтімдеп, уақытылы суарып, ауаны тазартып, жылылықты сақтап отыру қажет. Саңырауқұлақ өте нәзік болғандықтан, ерекше назар аударғанды жақсы көреді,- дейді кәсіпкер Назым.
— Саңырауқұлақтың адам ағзасына тигізер пайдасы мол. Келешекте өнім көлемін көбейтіп, оны маринадтап шетелге шығаруды да жоспарлап отырмыз,-деп технолог Тәуекел Әуесхан сөзге араласты.
Біз барған күні жұмысшылар Дінмұхамет Жақсылықұлы мен Бибарыс Әуесхан кезекті блоктарды шелухаға толтырып жатыр екен. Қастарындағы темір пеште су қайнап тұр. Буландыру цехы мен жылыжайдың отын жағып жылыту, қажетті суды тасымалдау да соларға тапсырылған. Ағаштарды жарып, көмірге тамызық қылуда. Олар өз жұмыстарына дән риза. Айына 110-120 мың теңгедей жалақы алатындарында білдік.
Көлемі 360 шаршы метр болатын жылыжайға енгенімізде темірден жасалған 5 қатардағы 3 қабатты сөрелердің жартысына ғана блоктар қойылыпты. Олардың дені құлақтанып, жинауға дайын болып қалған. Төбесіне целлофан тартылып, іші жылытылған жылыжайдағы саңырауқұлақтарды екі адам күтімдеумен айналысуда. Пешпен жылытылатын жылыжайдың сыйымдылығы 7000 блокқа арналғанымен мұнда бар болғаны 3 мыңға жуық қана блок тұр. Ал саңырауқұлаққа деген сұраныс туралы Назымның өзі айтып берді.
-Саңырауқұлаққа деген сұраныс көп. Бізге Тараз қаласындағы мейрамханалардан күніне 300 келіге дейін сұраныс түседі. Сондай-ақ Алматы қаласынан да біздің өнімімізге деген қызығушылықтар бар. Ал біз бар болғаны күніне әр келісі 1500 теңгеден 100 келіге жуық қана саңырауқұлақ өткізіп жүрміз.
Біздегі басты проблема – шелуха булайтын цехтағы және жылыжайды жылытатын пештерді газға қосу болып отыр. Жылыжайдағы жылылық 20 градустан кем түспеуі керек. Сондай-ақ су мәселесінен де қиындық көріп отырмыз. Бізге су құбыр арқылы тартылып берілсе дұрыс болар еді. Сонда ғана өнім көлемін арттырып, сұраныстарды қанағаттандыруға болады,-дейді Назым.
Ескі ғимараттың тозып кеткені көрініп тұр. Маңайында пайдаланылмайтын бөлмелерде бар екен. Кәсіпкер келіншек келешекте осы маңнан өз кәсібін кеңейту мақсатында балық өсіруді қолға алып, қосымша консервілер шығаруды ойластырып жүргенінде айтып қалды. Ол бұған дейін мемлекеттен ешқандай көмек алмай өз қаржысымен жұмыс істеп келді. Тың нәрсені қолға алып, кәсіпкерлікті жаңадан бастаған ілкімді азаматқа алдағы уақытта төменгі пайызбен несие берілсе немесе қайтарымсыз грантты иеленсе тіптен дұрыс болар еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы жылғы халыққа арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі»- деп атап өткені белгілі. Ендеше жоқтан бар жасап, кездескен қиындықтарға қарамастан 5 азаматқа жұмыс тауып беріп отырған кәсіпкер ана Назым Нұрбаеваға тиісті орындар арқылы қолдау көрсетілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Сүндетулла ӘБІЛОВ, Сарыкемер ауылы.