Қордай: Үкіметтің 20 жобасы мәдениетімізге қан жүгіртті

Әулиеата аймағының ауылшаруашылығының драйвері іспетті қос аудан шаруаларының тірлігі қашанда қарбалас. Малға жайлы, егінге қолайлы Қордай жерінде болған сапарымызда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының іске асырылу барысына баса назар аудардық. Жұртшылықпен кездестік, әкімдерімен де амандық-саулық сұрастық.
Жалпы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы ауыл-аймақтың ажарын кіргізіп, тіршілігіне қан жүгіртіп, болашағына үміт сыйлап отырған берекелі жоба болды. Өйткені осы игіліктің арқасында қаншама елді мекеннің есігіне қара құлып ілінген мәдениет үйіне жан бітіріп, тозып кеткен мектебі мен ауруханасын қайта тұрғызып берді. Ауызсуын алыстан тасып ішіп отырғандар тіршілік нәріне қол жеткізсе, өмірі асфальт көрмеген ойдым-ойдым жолдары бүгінде тақтайдай теп-тегіс. Не керек, «Ауыл – Ел бесігінің» арқасында алтын бесік – ауылымыз қайта түлеп жатыр.

 

Қордай ауданы облыстағы әлеуметтік-экономикалық жағдайы тұрақты, бизнес және агро секторы дамыған өлке. Кәсіпкерлігінің де өрісі кең. Сондықтан мұнда алып бара жатқан әлеуметтік күрделі мәселе жоқ. Дегенмен, мәңгілік ешнәрсе жоқ. Құлағалы тұрмаса да күрделі жөндеуді керек ететін көнерген әлеуметтік нысандар баршылық. Мәдениет үйлері де көп ауылда жұмысын тоқтатқалы қашан. Сол себепті биылға Қордай ауданы бойынша «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Үкімет 20 жобаға 3063,7 млн теңге қаражат бөлген екен. Тізімге көз жүгіртсек, қаржының көп бөлігі мәдениет үйлерінің құрылысына бағытталған сияқты.
Аталған 20 жобаның 14-іне биыл 1862,8 млн теңге қаражат бөлініп, есепті кезеңде оның 60,5 пайызы, яғни 1127,3 млн теңгесі игерілген.
Жекелеп айтсақ, спорт саласында 3 жобаға 659,3 млн теңге қаражат қарастырылып, бүгінгі күнге игерілген қаражат 489,6 млн теңге немесе 74 пайызды құрап отыр.

 

Алдымен Қарасу ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына тоқталсақ. Бөлінген қаражат – 356,7 млн теңге. Құрылыс келесі жылы толық аяқталатын болғандықтан, қарастырылған қаражаттың биылға 171 млн теңгесі ғана бөлініп, игерілген. Келер жылға қалғаны – 166,9 млн теңге. Оның ішінде республикалық бюджеттен 133,1 млн, аудандық бюджеттен 33,8 млн теңге. Игерілген қаражат – 130,6 млн теңге немесе 88 пайызды құрайды.
Карасай ауылында да дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтерген. Құрылысқа бөлінген қаражат – 326,1 млн теңге. Бұл өтпелі жобаның былтыр 143,5 млн, биыл 166,9 млн теңге қаражаты, яғни 90 пайызы игеріліпті.
Ауқатты ауылына да керек нысанның бірі дене шынықтыру-сауықтыру кешені еді. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бұл олқылықтың орнын толтырып отыр. Республикалық бюджеттен 310,3 млн, аудандық бюджеттен 34,4 млн теңге бөлініп, оның 208,7 млн теңгесі игеріліп, нысан пайдалануға берілудің алдында тұр.
Мәдениет саласы бойынша Қордай ауданында 6 жоба қолға алынған. Жалпы бөлінген қаражат – 867,6 млн теңге. Бүгінгі күнге игерілген қаражат 300,7 млн теңге немесе 39 пайызды құрайды.

 

Сондай-ақ Еңбек ауылындағы мәдениет үйін күрделі жөндеуіне 73,2 млн теңге қаражат бөлініп, ол қаржы толығымен игеріліп, құрылыс жұмыстары да толығымен аяқталған.
Сұлутөр ауылындағы мәдениет үйі де ескіліктің қалдығындай еді. Атқарушы билік оны күрделі жөндеуден өткізу керек деп шешіп, бюджеттен 82 млн теңге қаржы бөлген. Оның 77,3 млн теңгесі республикалық бюджеттен алынса, қалғаны аудандық бюджеттен бөлініп отыр. Бүгінде бөлінген қаражат толығымен игеріліп, жұмыс 100 пайызға аяқталыпты.
Қордай ауылындағы аудандық Мәдениет үйі де биыл күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты жұмысын тоқтатты. Ондағы жұмыстарға 100,1 млн теңге бөлініпті. Әзірге жұмыс толық аяқталмаған, қаражаттың 27,3 млн теңгесі (27 пайыз) ғана игеріліп тұр.
Сол сияқты, Қарасу ауылындағы 90 орындық мәдениет үйін салуға 161,5 млн теңге, Қақпатас ауылында мәдениет үйін салуға 350 млн теңге, Бетқайнар ауылында мәдениет үйін салуға 349,7 млн теңге бөлінген. Бұл аталған нысандардың құрылысы әлі толық аяқталмаған.
Жолдарды орташа жөндеу бойынша 5 жобаға бөлінген қаражат 337 млн теңгені құраған. Қаражат 100 пайыз игерілген. Атап айтсақ, Кенен ауылындағы Жылыбаев және Қашағанов көшелерінің орташа жөндеуіне 53,2 млн теңге қаражат бөлінген.
Кенен ауылындағы Қордай және Еспаев көшелерінің орташа жөндеуіне бөлінген қаражат – 52,5 млн теңге. Осы ауылдағы Несіпбаев көшесінің орташа жөндеуіне де 51,8 млн теңге бөлініп отыр.

 

Отар ауылының көшелері де орташа жөндеуден өтіп жатыр. Оған бөлінген қаражат – 99,2 млн теңге.
Жаңатұрмыс ауылы тұрғындары да көшелердің жөнделгеніне қуанып жүр. Ауылдағы Жамбыл, Қалманбет, Алмабек көшелерінің орташа жөндеуіне бөлінген қаражат аз емес – 80,1 млн теңге. Бүгінгі күнге жол жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған.
Денсаулық сақтау саласы бойынша да қыруар қаржы бөлінген. 3 жобаның жобалық-сметалық құны 288,7 млн теңгені құрады.
Сұлутөр ауылында ауысымына 10 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысына 82 млн теңге бөлініп, жұмыс аяқталып, нысан ел игілігіне беріліп қойды.
Беріктас ауылында да биыл денсаулық сақтау саласында үлкен қуаныш. Ауысымына 10 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысына 75,2 млн теңге бөлініп, қаражат толық игерілді.
Отар ауылындағы дәрігерлік амбулатория ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу бөлінген қаражат 131,4 млн теңге бөлініп, бүгінгі күнге жұмыстар толығымен аяқталды.

 

Білім беру саласы бойынша да 3 жобаға жүзеге асуда. Бұл бағытқа 912,2 млн теңге қаражат бөлініпті. Бөлінген қаржы толығымен игеріліп, жұмыс та аяқталған. Атап айтсақ, Қордай ауылындағы №1 мектеп-гимназиясына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген, Отар ауылында К.Әзірбаев атындағы №41 орта мектеп абаттандырылып, күрделі жөндеуден өтсе, Степное ауылындағы №24 орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ауласы абаттандырылған.
Экспедиция аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан аудандық Мәдениет үйіне бас сұғып, Степное ауылындағы М.Әуезов атындағы №24 орта мектебіне де кірдік. Бұл білім ордасы биыл «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында күрделі жөндеуден өткен.
Ауылдық округ әкімі Қайрат Жолдасбаев округтің жалпы жағдайымен таныстырып шықса, мектеп директоры Дарын Биғазиев оқушылардың оқу үлгерімі мен ұстаздар қауымының жағдайын қысқаша баяндап өтті.
Ал мұғалімдермен болған кездесуде Сәуле Мешітбайқызы ұстаз мәртебесінің, үйдегі және мектептегі бала тәрбиесінің қандай болу керектігі төңірегінде біраз тұшымды дүниелерімен бөлісті. Әсіресе, оқушыны кітап-журнал оқуға баулу мәселесінің өзекті болып отырғанын ұстаздар да құптады. Ұлағатты ұстаз болған, бүгінде журналистиканың бел ортасында жүрген С.Мешітбайқызы газетке не үшін жазылу керектігін әдемілеп тұрып жеткізіп берді. Осы орайда ауылдық округ әкімінің орынбасары Іңкәр Шүйшібекова осындай кездесулер жиі болып тұрса деген тілегін жеткізді. Өйткені газетке жазылыңдар деп құр сөзбен үгіттей бергеннен гөрі осындай жүзбе-жүз кездесулердің маңызы анағұрлым артығырақ екенін айтып өтті.

 

Жасұлан СЕЙІЛХАН