Т.Рысқұлов: Жағымды жаңалықтар жетерлік
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолының бойында орналасқан Т.Рысқұлов ауданы да егінге қолайлы, малға жайлы мекен. Ауылшаруашылығы жақсы жолға қойылған ауданда мемлекеттің де қолдауымен жүзеге асып жатқан жобалар баршылық. Әсіресе «Ауыл – Ел бесігі» жобасының игілін рысқұловтықтар да көріп келеді. Атап айтсақ, жақында жақсылық ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ел игілігіне берілді.
Ауыл тұрғындарының көптен күткен қуанышын бөлісуге аудан әкімі Ернар Есіркепов, Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшылық өкілдері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов қатысып, ақ батасын берген екен.
Біз де осы ауылға ат басын бұрып, амбулаторияның ішін аралап көрдік. Жаңа нысанның құрылыс жұмыстарына 103 млн теңге бөлінген. 1783 ауыл тұрғыны бар Жақсылық елді мекеніндегі бұл амбулатория ауысымына 15 келушіге арналған. Заманауи дәрігерлік құрал-жабдықтармен жабдықталып, халық игілігіне беріліп отырған нысанда 11 адамды тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Нәтижесінде, денсаулық сақтау ұйымдарының тозуы 51 пайыздан 49 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде.
Айта кететіні, биыл ауданда 2 дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстары жүріп, жақын күндері Жаңатұрмыс ауылындағы дәрігерлік амбулатория да қолданысқа берілетін болады. Осылайша аудандағы барлық елді мекендер жергілікті дәрігерлік амбулаториялармен толығымен қамтамасыз етілмек.
Жалпы Т.Рысқұлов ауданында медицина саласы қарқынды дамып келе жатыр. Соңғы 10 жылда ауданда ана өлімі тіркелмеген. 2021 жылы аудандық орталық ауруханаға барлығы 305,1 млн теңгенің медициналық құрал-жабдықтары алынып, жарақтандыру көрсеткіші 91,2 пайызды құрап отыр.
Осылайша Жамбыл жеріндегі экспедициямыз аяқталды. Әулиеата өңіріндегі сапарымыз барысында біраз ауылды аралап, көптеген ұжымда болдық, түрлі тақырыпта ойымызды бөлісіп, екінші тараптың да пікірін тыңдадық. Ауылды аралау демекші, дәл біздің газет сияқты еліміздің әр облысына ат арылтып, елдің жағдайымен жақынырақ танысып жүрген ақпарат құралы кемде-кем, тіпті жоқтың қасы.
Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті ауыл деп шырылдап жүргеніне биыл он бес жылға жуықтап қалды. Сондықтан біздің экспедиция мен үкіметтің «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бір-бірімен үндес, сабақтас деп айтуға толық негіз бар. Біздің де мақсат-тілегіміз – ауылдың еңсе тіктеп, еңбегінің рәтті болуы, ас ішіп, аяқ босату емес. Сол жолда Үкімет жобасын насихаттап, елге таныстырып жүрген жайымыз бар.
Ал бірер жыл бұрын Жамбыл облысында тұсауы кесіліп, жемісті нәтижесін берген «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобасы бұйыртса келер жылдан ел көлемінде көлемді бағдарлама ретінде қанат қақпақшы. Осы жобаның жай-жапсары жөнінде алдағы нөмірлерімізде толығырақ тоқталармыз.