ТӘУЕЛСІЗДІК ҮШІН ТАБАНДЫЛЫҚ ТАНЫТҚАН ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Бүгін аудан әкімі Сәкен Қаланұлы жастығын жалын шарпып, аяз тоңдырған шулық желтоқсаншылармен кездесіп, егемендікті жақындатқан ерліктеріне алғыс білдірді. Тәуелсіздік күні қарсаңында өткен кездесуге 1986 жылғы жастар толқуына қатысқан жерлестеріміз бен аудан ардагерлері қатысты.

Еліміздің еркіндігі мен бостандығы жолында бастарын бәйгеге тігіп, жастардың орталық алаңға шығып, өз талаптарын қоюы ата-бабамыз арман еткен, аманат еткен Тәуелсіздігімізге жол ашқаны ақиқат. Ел тарихындағы ең маңызды кезеңнің куәгерлері мен батырлары қазіргі кезде ортамызда жүр. Бүгінде арамыздағы әрбір желтоқсаншының жанкештілігі кейінгі ұрпаққа үлгі болуы тиіс.

Сол себепті де аудан әкімі Тәуелсіздік үшін табандылық танытқан «Желтоқсан оқиғасының» қатысушыларына Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарды табыс етті. Сонымен бірге, «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін де табыстады.

Шу ауданы әкімдігі