Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз еңселі болсын!
Құрметті жамбылдықтар!
Сіздерді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнімен құттықтаймын!
Тəуелсіздік күні – Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Біз бабалардың арман-аңсарына айналған бейбіт және тәуелсіз елде өмір сүрудеміз!
Осынау Тәуелсіздіктің арқасында жоғалтқанымызды жаңғыртып, рухани-мәдени байлығымыз түгенделді. Сан ғасырлық асқақ арман, талай тар жол, тайғақ кешулердің өтемі бізге бақ болып оралды.
Ел басына күн туған сәттерде қазақ халқы бір тудың астына жиналып, тағдыры үшін аянбай күрескені – тарихымыздың тағлымы.
Сонау Алтай мен Атырау арасындағы Ұлы даланы жайлаған, бастарын бәйгеге тігіп, бодандық құрсауынан шығуға ұмтылған, сол жолда қаншама жыл жанқиярлық күрес жүргізген ата-бабаларымыздың рухына біз қашан да тағзым ете білуге тиіспіз!
Ұлт мұраты – Тәуелсіздігімізді баянды ету, бабадан мирас болған қастерлі жерімізді көздің қарашығындай сақтау, еліміздің жарқын болашағы үшін қызмет ету – бәріміздің асыл борышымыз.
Қазақстан осы жылдары түрлі дағдарысқа қарсы тұрып, біртұтас мемлекет, еркін ел екендігін көрсете білді. Шекарамыз бекітіліп, Ата Заңымыз халқымыздың бас құжатына айналып, төл рәміздеріміз төрге шығып, ұлттық теңгеміз қолданысқа енді.
Ынтымақты – ұран, татулықты – ту еткен еліміз осы кезең ішінде толағай табыстарға жете білді десек, оған қасиетті Жамбыл жерінің, облыс тұрғындарының да қосқан үлесі орасан.
Азаттықтың арайлы жылдары Мемлекетімізбен бірге Жамбыл өңірі де өркендеу мен жаңғыруды бастан кешіп келеді.
Тәуелсіз Қазақстан бүгінде – ел дамуының жаңа кезеңіне нық қадам басып, баянды әрі әділетті болашақтың іргесін бүгіннен қалап жатқан тұғырлы мемлекетке айналуда.
Осы жолда баршамыз берік бірлікте егемен еліміздің ертеңі үшін аянбай еңбек етіп, жаңару мен жаңғыру жолында өз үлесімізді қоса білгеніміз – маңызды.
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз еңселі болсын!
Баршаңызға зор денсаулық, шаңырақтарыңызға бақ пен береке, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін!
Нұржан Нұржігітов,
Жамбыл облысының әкімі