Бірлігіміз бекем, Тәуелсіздігіміз мәңгі

Өңірде татулық пен достықты нығайту мақсатында атқарылған жұмыстар аз емес. Қазақстан халқы ассамблеясы қала мен облыс бойынша арнайы бағдарламалар дайындап, іс-шаралар ұйымдастыруда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бітімгершілікті қолға алу жөніндегі қойған міндеттеріне сәйкес осы жыл ішінде көптеген жұмыстар жүргізілді.

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы өткен қараша айында «Қоғамдық келісім» КММ мекемесінде, облыстық ҚХА Медиация кабинеттерінің «Қазақстан халқы ассамблеясының Медиация кабинеттерінің Ашық есік күні» атты республикалық акциясын ұйымдастырды. Ішкі ынтымағымыз бен ауызбірлігімізді арттыратын рухани- мәдени шаралар әртүрлі ұлттар мекен еткен жерімізде жиі өткізіліп тұрады.

Желтоқсан айында ассамблеяның дамыту тұжырымдамасын іске асыруға арналған «2022 жылдың ҚХА үздік медиаторы» облыстық байқауын қорытындылайтын салтанатты марапаттау рәсімі «Достық үйінде» өтті.

Талай ұлттар мен ұлыстарға мекен болған киелі шаңырақтың отын мейірімділікпен, қамқорлықпен жағып, ғасырлар бойы ынтымағымыздың ырысын шашпай, берекеміздің бесігін тербетіп келеміз. Түрлі мәдениеттер мен тілдердің, дәстүрлер мен діндердің бірлестігі де біздің Отанымызда қарама-қайшылыққа жол бермейді.

Облыстық этномәдени бірлестіктер қаңтар оқиғасында зардап шеккендерге көмек қолын ұсынып, «Күшіміз – бірлікте», «Жақсылық айы», «Құдайы тамақ», «Жылу», «Мейірімділік керуені», Алғыс айту күніне «Берекеміз – бірлікте», «Жан жылуы» акциялары мен Наурыз мерекесіне орай облыстық ассамблеяның «Мейірімді жүрек», Құрбан айт мерекесіне орай «Ізгілік айы» акциясы, «Мектепке жол», Қостанай облысындағы қайғылы оқиғаға көмек, Республика күніне орай «Жанашыр жүрек» қайырымдылық акцияларын ұйымдастырды.

Қаңтар оқиғасына байланысты «Күшіміз – бірлікте» акциясында Тараз қаласының өзбек орталығы қоғамдық бірлестігі 1080 адамға – 1 миллион 520 мың теңгеге, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің өкілдері 1000 адамға, әкімшілік және полиция басқармасының қираған ғимараттарын қалпына келтіріп жатқан полиция қызметкерлері мен жұмысшыларға қайырымдылық түскі ас ұйымдастырды.

«Жақсылық айы» акциясы бойынша «Ахыска» түрік этномәдени орталығы Байзақ ауданының, Бурыл ауылында тұратын мұқтаж 10 отбасыға 100 мың теңгеге азық-түлік пакеттерін таратты және жіті лимфобластық лейкоз ауруымен ауыратын баланы емдеу үшін баланың ата-анасына 3 миллион 200 мың теңгеге материалдық көмек көрсетті.

«Вынхуа» этномәдени бірлестігі 4 миллион 164 мың теңгеге Алматы қаласы және Алматы облысының тұрғындарына азық-түлік, көкөністер жіберді.

Облыстың блок бекеттерінде болған құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер үшін ыстық түскі ас ұйымдастырды. ҚХА «Ассамблея жастары» өңірлік қоғамдық бірлестігі «Жылу» қайырымдылық акциясы аясында тұрғылықты үйлері өрт құрсауында қалған көпбалалы Табуровтар отбасына қайырымдылық қорын ашып, 200 мың теңгеге тұрмыстық қажетті заттар, азық-түлік, балаларға тәттілер жеткізді.

Бұған қоса, планшет сыйлады. Осы сынды қайырымдылық пен мейірімділіктің үлгісін танытқан бауырлас, туыстас ұлттардың біртұтас ұлтқа бастайтын жанашырлықтары талай жанға жылу берді.

Тәуелсіздігіміз ортақ, Отанымыз бір, достық қарым-қатынасымыз берік орнаған бейбіт мемлекеттің тұрғындары татулық туын мәңгі жықпайтынына сенімдіміз!

Нұржан ӘЛІШ, журналист.