Шындықтың шарайнасы: Шерхан Мұртазаның көзқарасы мен ұстанымы
Ел тарихы мен мемлекет болып қалыптасудың тар жол, тайғақ кешуінде ұлт перзенттерінің жарқын тұлғасы мен олардың қоғам үшін атқарған ерен қызметі жадыда жаңғырып тұрады.
Әрине, арғы-бергі дәуірде «Алаш» партиясын құрып, Алаш автономиясын жария ету тұрғысында аға ұрпақтың атқарған жанқиярлық қызметі мен күрескерлік танытқан өмірі бүгінгі күнде де аса маңызды және өшпес өнеге. Сол ұлылығы ұмытылмас, ерекше туған Ә.Бөкейханұлы, А . Байтұрсынұлы, М. Дулат, М.Жұмабаев, Ж.Аймауыт сияқты ақберен азаматтардың, түбі бір түркі елінің тұтас бірлігі үшін өмірбақи күрескен Т.Рысқұловтардың және онымен тұстас, тізе қосқан есіл ерлердің үзілмес рухынан күш- қуат алып, өзі өмір сүрген дәуірдің қайсар мінезді қайраткерлерінің қатарында Шерхан Мұртазаның қоғамдық орны айрықша екені даусыз.
Қалың жұрттың мейірімі мен ыстық пейілінен «Шер-аға» атанған қаламгердің қоғамдағы оттай жанған өткірлігі мен кесіп, дөп тауып айтар тастүйін ойлары мен көркем суреткерлігі, еліміздің ең ірі басылымдарының редакторы лауазымында батыл да ұлт мүддесінің биігінен сөз айта алған дара тұлғасы дербес Қазақстан мемлекеттілігі жарияланғанға дейін- ақ әйгілі еді.
Заман өз адамын іздейді, заманына қарай адам да туады. Қазақ мемлекеттілігінің, қазақ ұлтының тілі мен келешегі ұстараның жүзіндей тағдырлы тартыс-тіреспен бетпе-бет келген шақта Шерхан Мұртазаның ұлтжанды, аузы дуалы, өжет өміршеңдіктің сөзін сөйлеуі заңдылық еді.
Реті келгенде бұл ойымыздың бір ұшын дәйектеп айтар болсақ. Әлі есімізде…
Қазақтың ойшыл перзенті, данагөй қаламгер, шешендік өнердің жүйрігі Әбіш Кекілбайұлы 2012 жылы қоңыр күзде Алатаудың етегінде, атақты Жуалы-Мыңбұлақ төрінде қалың нөпір халықтың қатысуымен өткен ағаның 80 жылдық мерейтойында: «Қызыл іңірден бастап құлан иек құба таңға дейін баласының тілеуін тілеген аналарымыздың әлдиімен өскен елдің баласымыз.Біз бүгін ардақты Шәкеңнің ащы да тұщы балалығы өткен киелі жерінде адал сөзімізді айтуға келдік.
Тағдырымызға ризамыз, осындай арыстан жүректі адаммен табысқанымызға. Мына алмағайып заманда жауға бермес қорған, дауға бермес Шәкеңдей ағамыз алдымызда аймүйізденіп жүрсе ғой, уайымы жоқ жандаймыз. Халықтың сөзін ашып және ашына сөйлеген, қоғамның шындығын шыжғырып айтудан ешбір тайсалмаған, қаймығудан мүлдем ада, қайыспас қара нар, өжет қазақтың інісі болуға жараған болсақ, онда біз де бақыттымыз!» деп қырандай самғап қалықтаған даусы әлі күнге шейін құлағымызда жаңғырып тұр.
Әріден де, беріден де терең толғайтын Әбіш аға ұмытпасақ, 1993 жылы Әулиеатаның солтүстігі – Сарысу ауданында қобызшы Ықылас Дүкенұлының тойында, сегіз қанатты ақ киіз үйде айнала отырған алқалы ағайын алдында «Қазақтың тәуелсіздігін табандап тұрып қорғайтын Шерхан ағаның бар болғанына шүкіршілік етейік», деген мағынада айтылған сөзі тағы ойымызға оралады. Сол кезде даңқы шиыршық атқан Шерағаң енді алпыстың асуынан асса, ал әбжіл би өріне өскен Әбіш аға әлі жастау екен ғой. Сертке селкеу түсірмеген сенім құдіреті бәрін сыйғызып тұр. Бұл ғасырларда осы әлеуметшіл алыптардың саяси өмірдегі жүріп өткен қиямет-қайым, ауыртпалығы одан асып түскен жолдары мен қызмет еткен жылдары халықшыл және хас таланттарға тән болғаны хақ. Тағы бір тарихи дерек.
Сөз бен ойдың серкесі, батыл көзқарастың баптаушысы Шер-аға басқа да адамдармен қатар, олардың арасында сұңғыла саясаткерлер дегендер де болды-ау. Сол 1999 жылдың алғашқы күндерінің бірінде Алматыда, Республика сарайында ел өміріндегі аса бір саяси оқиғаға байланысты форумда сөз сөйледі. Елімізге елеулі жақсы мен жайсаңдар, жоғары мәртебелі лауазымдағы кісілер мен кілең танымал-таныс әлеумет жиналған форумда Шер-аға өз сөзін былай бастады: «Біз жақында жазушы, журналист Камал екеуміз Жезқазған жазирасына, қарт Қарсақбай, Ұлытау өңіріне барып қайттық. Мың-сан сайлаушымен кездестік. Мен қазір тек сол халықтан естігенімді айтамын.
Сайлаушылар аманат айтты: – Дүниеге келген жас сәби жетіге жеткенше жерден таяқ жейді. Одан кейін шынжау, дімкәс, мешел болмаса жүгіріп кетеді, – деді.
– Қазақстан атты жас мемлекет азаттық алғалы жеті жыл өтті. Жеті жастан асқанша Қазақстан жерден таяқ жеген жоқ. Жемқорлардан, парақорлардан, қорқаулардан қорлық көрді, – деді».
Залда отырған мың-сан адам қозғалақтап кетті. Әдетте мұндай аса жауапты жиында сөйлейтіндердің сөз мәтінін алдын ала тексеріп, сүзгіден өткізетін аппарат адамдары Құдай ұрғанда сұсты кейіп, ауыр мінезді Шер-ағаға «Не жаздыңыз, қандай мәселені айтасыз?» деп сұрауға батылы жетпеген болар. Шынында да солай болған…
Басқа да ел тілегі айтылды, бірақ бұлай төбеден жай түсіргендей солқ еткізген сөз басы биліктің дәрменсіздігі мен былық-шылығын бетіне шыжғырып басқандай емей, немене?! Біздің елімізде «Сатылмаған не қалды?» деген жазушының жанайқайына іштей тіксініп қалып, міз бақпаған билік пен белгілі бір озбыр топтар, бетімен кете бастаған алпауыттар жаппай жекешелендіруде қарапайым халықпен санасуды мүлдем ұмытты, ар-ұятты аяққа басты. Дүниеқоңыздық пен тойымсыздықтан «жарысқа» түскендер билікке жаппай келе бастады. Бұл өте қауіпті еді. Қатерлі құбылыс еді…Тәуелсіздіктің құндылықтарына қорғаныш керек еді…
Тоқсаныншы жылдардың басында рухани тоқырау мен адами тозу, басбұзар бұзақылық жалқы емес, жалпылай орын алып, атыс-шабыс, ұрлық-зорлық, мемлекет мүлкін есебін тауып жымқыру, дүниенің бәрін тиын-тебенге сатып жіберу қолында билігі бар парақорлар мен жемқорлар немесе арам ақшасы мол рэкет – аламандардың «дәуреніне» ұласа түскен уақытта газет бетінде өткір сын айтқандарың үшін біреулер атып кетпесін деген жанашыр ескертпені де естіген.Камал ағамыз оны досына жазған хатында айтады. Жүрек жұтқан Шер-аға не десін?! «Әр жерде шыншыл журналистерді атып кетіп жатқаны рас. Қайда барып тығыласың?
Шындықтың жолы – қиын жол. Біздің тағдыр Аспан компьютерде жазулы тұр. Қашан, қай жерде, қай сағатта, қай минутта. Ол ноқтадан ешкім қашып құтыла алмайды. Жазмыштан озмыш жоқ!», дейді.Шындықтың жолы – ең қиын жол, иә, оның азабы мен тауқыметі де аз емес. Сонымен бірге бұқара халықтың өмірі пен қоғамның сауығуы үшін шындық пен адалдықтың орнығуына аянбай қызмет етуден асқан абырой жоқ. Шер-аға өзі басқаратын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы және өзінің жеке күрескерлігімен қосыла жағымсыз құбылыстарға қарсы аяусыз күресуінен тартынған емес. Құдіретті күш-жігері де, басқа әріптестерінен артықшылығы да осында.
Бір сұхбатында ардақты қайраткер: «Менде қамығу деген болмайды. Жүдеп-жадай беретін болсақ, әлдеқашан су түбіне кетіп қалған болар едік. Менде түрлі қиыншылықтармен күресе білу деген ұғым бар. Боркемік болу – кісі сүйер қылық па?» деп жауап береді. Баршаға Шер-аға болудың бір құпиясы осында болса керек. Оның шығармашылық ізденістері мен қоғамдық қызметі халықтың көз алдында өтіп жатты.
Атақты «Қызыл жебе» бес том кітабынан «Ай мен Айша» романына дейін, ең соңғы көркем туындысы «Бір кем дүниесіне» дейінгі аралықта талай-талайғы көсемсөздің, күйіп тұрған тақырыптағы небір сын мақаланың және керемет әдеби жазбаларының авторы – Шер-ағаның жазған-сызғандарының оқырмандары еліміз бойынша сол уақытта ең көп болғанын тұлғалық танымалдылығымен және ақиқат сөздің иесі атанған қаламгерлігімен анық аңғартты. Барлық өңірде онымен үндестік танытқан әріптес ізбасарларының қолдауына орайлас белгілі бір қоғамдық орта қалыптасты.
Әйгілі саясаттанушы, Парламент депутаты қызметінде де қоғамдық ойлы көзқарастарымен және абыройлы болған Амангелді Айталының: «Қазақ руханиятында Шерхан Мұртазаның ел мен жер, тіл мен дін, әділдік пен шыншылдық, ұлт мүддесі жолындағы үздіксіз күрескерлік қызметін – нағыз ұлт перзентіне тән ерлік және тарихи еңбек деп бағалауға тиіспіз» деп айтқан пікірін жалпыелдік мағынада түсінуге болады. Туған елінің табысы мен жетістіктеріне, қоғамды қуантқан тірліктер мен бастамаларға қолдау білдіріп, тілектестік танытқан әрбір адал адам секілді, рас, Шер-аға да өз ойларын толғанып, тағылымды сипатта айтты. Бірақ оның әрдайым зәу билік басында отырғандардың көзінше айтқан ащы ақиқаттарын қоғам ұмыта қойған жоқ. Дүниеқоңыздықтың, тойымсыздықтың құрдымға кетіретін кесапат екенін ашық ескерткеніне біреу сенер, біреу сене қоймайтын аңыз секілді.
Әркімнің жүрегі дауаламайтын ежелгі әпсаналық ой айтудың дәстүрін сақтаған тұлға қоғамда қалыптасқан халықтың сөзін сөйледі. Шындықтың жебесін Шер-ағаң қоғам тазалығы мен адами адалдықтың ағзасын қорғау жолындағы мақсатына қарай садағынан шірене тартқандай еді: «Жемқор, парақор, ұрылардың кешегі және бүгінгі сұғанақтығы апатқа ұшыраған үйлерді тонайтын мародерлердің, қорқаулардың тойымсыз қараулығына ұқсайды.
Олар бәрібір арам жолмен тапқан малдан опа таппайды. Көк Тәңір бәрін көріп тұр. Жазаланады» деп билікке қаратып қалың ой салады. Бұдан артық, бұдан асып қалай айтуға болады, өзі?!Бұл аз десеңіз, енді бір шоқ жазбасында: «Адам санасын, құлқын, пейілін түзетуде біздің Үкімет шөп басын сындырған жоқ. Ал оның есесіне теңіздің ар жағынан, бер жағынан келгендер артығымен толтырып жатыр. Теледидар солардың қолшоқпарына айналды» деп зілбатпан салмақ салған болатын.
Мұның алдында әйгілі ел ағасы: – Дәрменсіз болып отырмыз, идеология бізге керегі жоқ дедік. Ал жат елдердің бізге жаппай жұмсап отырғаны идеология. Бір оқ шығармай санаңды, рухыңды, жан-тәніңді, ақыл-ойыңды жаулап алу, сөйтіп, сені құлақкесті құлға айналдырып, мәңгүрттендіріп, ұлтыңды, тегіңді ұмыттырып, дию пішіндес ету идеологиясы, – деп жұртшылықтың көкейіндегі жанайқайын жеткізген болатын. Биіктік – философиялық қадам. Өмірінде биіктікке бас иіп, мойындаған адамның бойында киелі қасиеттер болады. Ол қасиеттер Құдай сүйген адамдарда да кездеседі екен. Сол ойымыздың бір айғағындай, қазақтың аса беделді қайраткер азаматы және көрнекті жазушысы лауазымды қызметі мен жұмысын қоғамдық абыроймен атқарып, енді зейнеткерлікке шыққан бойда «Егемен Қазақстан» газеті редакциясының қара шаңырағына қайта оралған еді. Біз бұл сәтті шамалы хронологиялық тәртібімен бекерден-бекер еске алып отырғанымыз жоқ. «Қазақстан» телерадио хабарларын тарату жөніндегі комитеті төрағасы қызметінде де өшпес із қалдырған (жалпы Шер-аға бұл қызметінде қазақ тілі мен қазақ кадрлары, қазақ тіліндегі хабарлардың басымдығы және әлеуметтік-тұрмыстық әділдік, ұлттық сананы ояту тұрғысындағы күрескерлігі өз алдына үлкен тақырып) қаламгердің сол тұста жанына батқан басқа да жағдайы бар болатын. Асыл жары, өмірлік серігі, балаларының анасы Мәрия әпкеміз сырқат еді…
Алаңдаулы еді. Дертке дауа іздеген күндер мен сағаттар, мазасыз түндер өтіп жатты.Тағдырдың жазуына не шара, қолдан не келмек? Өкіндіріп кеткен өмір… Міне, осындай көңіл-күйді мұң шалған кезеңде ұлт перзентін іздегендер мен қолтығынан демегендер көп болды. Ел газеті редакциясының ұжымы дәстүрлі қошеметпен өз ортасына, шығармашылық қызметке шақырды. «Сіз қалың қазаққа, қоғамға керексіз!» деді. Бас редакторы – талантты ақын, қоғам қайраткері, ірілердің інісі Нұрлан Оразалин еді. Бұл жақсы мағынада атынан ат үркетін тұлғаның тағдыры мен өміріне қолдау қадамы құт әкелді. Бір Шер-ағаның егемендіктің етек-жеңін жинар тұста жазған публицистикалық мақалалары мен ойлы жазбаларының қуаты тұтас елімізде өміршеңдіктің өжет даусындай естілді. Дауыс демекші, Шер-ағаның жаңа елордаға қоныс аударып кеткен Парламентке депутат болып сайлануына бірден-бір себепкер «Егемен Қазақстан» газетінде жиі-жиі жарияланған өткір, сын мақалалары мен қоғамның әлеуметтік-саяси және мәдени-рухани саласындағы ең өзекті мәселелерді ашық қозғауы мен батыл ой-пікірлері еді.
Жан досы, белгілі қаламгер Камал Смайылов екеуінің бас газет бетінде бір жарым жыл бойы жазысқан хаттары мен онда көтерілген күрделі, керекті тақырыптар Қазақстан айнасы болды деуге келеді. Бұл қазақ баспасөзінде ерен тапқырлық және ерлікке тән шығармашылық еңбек болды.Қасиетті Әулиеата – Жамбыл жұрты, Жаңатас пен Қаратау қалаларындағы өндіріс ошақтарының жұмысшылары мен кеншілері Шер-ағаға ашық хат жазып, ол кісінің Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттығына дауысқа түсуге келісім беруін сұрады. Кезінде жазушының осы екі моноқала кеншілері өмірінен жазылған «Қара маржан» романы Мемлекеттік сыйлықпен аталып өткені де айтылды. Адалын айтайық, Алматы қаласында тұрып жатқан ағамыз сайлауда басқа да бәсекелестердің аянып қалмайтынын және депутаттық мандаттың жауапкершілігі зор екенін шынайы сезініп, едәуір ойланды. Күткеніндей-ақ, төрт ауданнан құралған бір сайлау округінде онымен бірге бұрынғы Мәжіліс депутаты, дардай ғалым, танымал жазушы, бақуатты кәсіпкер, белгілі диктор азамат дауысқа түсіп, бәсекені әбден қыздырды. Дегенмен, бірінші турда Шер-ағаны қолдаушылар дауыстың тең жартысынан астамына ие болды. Міне, еліміздің рухани бет-бейнесін айқындаған тұлғалардың қатарында ерекшеленіп тұратын қаламгер-қайраткердің Парламентке депутат болып сайлануы шын мәнінде халықтың үнін билікке жеткізуде сертке сай сенімділікті туғызды. Бұл да бір уақыт ыңғайында берілген әдемі саяси мүмкіндік болды.
Билікке де ұтымды қадам еді. Алыптардың алтын сынығындай айтулы адамның Парламент қабырғасында отыруы идеологиялық жағынан дұрыс болса, ұлттық мәселе мен әлеуметтік сұрақтар туындағанда азулы депутаттың адал шешімдерді табан тіреп тұрып алуы көп жағдайда тиісті орындарды жайсыз, ыңғайсыздыққа апарып тірегендей еді.Көзі қарақты оқырмандар жақсы біледі, қай басылымның да тізгінін ұстаған бойда Шер-ағаның редакторлық қолтаңбасы атойлап шыға келеді. О, несін айтасыз, бет-әлпеті мен макетіне дейін өзгермейді дейтін «Егемен Қазақстан» газетін басқарған алғашқы күндердің өзінде-ақ бұған дейінгі сықиған қалыпты бұзып, халықтың басылымына айналдырды. Жұрт оны күн сайын асыға күтетін болды. Осы тарихи газеттің ыстық-суығын бір кісідей-ақ көрген тарланбоз журналист Ержұман Смайыл жазғанындай «Тіпті егемендіктің елең-алаңында басқа республикалардан қашып шыққан солдаттардың редакцияны пана тұтып келуінің өзі халық үшін пайдалы іс атқара бастағанымызды танытқандай еді.
Соның бәрінің астарында газеттің тәуелсіздік басылымына айналуының бастауында тұрған ұлы редакторымыз Шерхан Мұртазаға деген сенім мен құрмет, сүйіспеншілік бар болатын». Сол 90 жылдың белортасында қиындық атаулы аяққа тұсау болып жатқан еді. Бір күні сонау Жаңатас қаласынан он бес шақты жұмысшы мен қоғам белсендісі жаяу жалпылап шығып, шаршап, шалдығып,
Алматыдағы аға газеттің бас редакторының кабинетінен бір-ақ шыққан. Талап, тілектері біреу: «Кеншілер қаласы – Жаңатаста негізгі өндіріс орнының жұмысы тоқтап қалды. Жағдай өте күрделі. Біздің жанайқайымызға тиісті орындар құлақ аспай отыр. Енді бұл мәселені Шерхан Мұртаза ағамыз қолына алып, Премьер-Министр Н.Балғымбаевтың атына қаратып ашық хат жазуын сұраймыз.
Бұл мақала газеттің ертеңгі нөміріне жариялануын талап етеміз. Онсыз біз бас редактордың кабинетінен шықпаймыз» деген бұйымтайларын шегелеп қойды.Бұл кезде Шер-ағаң редакцияда дербес шолушы болып қызмет ететін. Аяқ астынан шақырту алған аса сыйлы кісіні есік алдынан күтіп алған жаңатастықтар оны туған әкелеріндей көріп, жапа-тармағай амандасып жатты.«Ағатай, біз сізге сенеміз. Сіздің жазып, айтуыңыз ерекшелікке ие. Жалақысыз қалған мыңдаған кенші мен жұмысшы шығандап кеткен әлеуметтік және өндірістік мәселе енді шешілмесе, теміржолды жабамыз деп отыр…» деген оқшау пікірлер айтылды.
Ертесінде Жаңатас туралы жанайқай мақала газеттің бірінші бетіне жарқ етіп шықты. Авторы белгілі. Бірер күннен кейін Премьер-Министр Жамбыл облысына шұғыл ұшып барды, айқай-шуы басылмай тұрған Жаңатас қаласында қалыптасқан қиын жағдайды өз көзімен көріп, тығырықтан шығудың жолдарын түпкілікті қарастырып қайтты.
Мәселенің мәнісі осылай шешілген. Бұл да қарапайым адамдардың ел ішінде жүріп, кімнің кім екенін біліп, соған аманат еткен сенімінен жүзеге асқан іс болатын.Арлы адамдар көп болса, қоғам да абыройлы болар еді, әрине. Ал таза қоғам мүддесі үшін ащы да адал сөзін айтып, ортақ іске залалын тигізетін теріс, заңсыз әрекеттерден алдын ала сақтандыруды көздеген ақылман адамдардың әрбір ой-пікірі қашанда құнды және олар естен шықпауға тиіс.
Халық «Тура биде туған жоқ» демей ме! Көрнекті жазушының терең де өткір, ашық, көңілге қонымды ой-толғамдарына зиялы қауым да, басқалар да айызы қанып, қанаттанып, сүйіспеншілікпен оқығанда, кей-кейде «Апырай, тым қатты айтқан жоқ па екен?» деп үйінде отырып үрейлі болып жүргендер де кездесетін. Дәл тауып айтқанына, бірақ дән риза еді олар. Шарболаттай шыңдалған ұстанымы берік, мемлекетшіл қасиеттері мол Шер-аға 1996 жылы тасқа басылған бір тұшымды мақаласында: «Әрине, халық төзімді. Бастық барып: «Хәлің қалай?» десе, «Құдайға шүкір, бұдан жаман күнімізде де шыдағанбыз» деп тәубасын айтады. Халық төзімді. Бірақ халық төзе береді екен деп тасыраңдауға болмайды. Халық тымық жатқан мұхит сияқты. Ал бір буырқанса… Құдай оны көрсетпей-ақ қойсын» деп жазды.
Саяси элита мен билікке қаратып айтқан бұл қаhарлы ескертпенің әлеуметтік мәнісі өте маңызды, қоғамдық сипаты бөлектеу еді. Шер-аға ғана айта алған…Қазір, дәлірек айтсақ, 2022 жылдың бедер-белесінде елімізде ең негізгі құндылығы – әлеуметтік әділеттілік болып табылатын жаңа Қазақстан құрудың батыл және бетбұрысты қадамдары жасалып жатқанына куә болып отырмыз. Әсіресе қоғамды тазарту және заң үстемдігін түбегейлі орнатып, халықтың дәулетін ту-талапайға түсірмей, ортақ игіліктерге жұмсау арқылы жаңа, ашық қоғамды өркендету мен экономикалық дамудың бағыт-бағдарын қалың бұқара жан-жақты қолдап, үлкен сенім артып отыр.
Жұрттың көптен бергі үміті мен күткені де осы оң өзгерістер жағдайы еді.Біздің елімізде саяси жаңару мен жаңғырту барысында «Мемлекет-Қоғам-Азамат жауапкершілігі» қағидасының барлық уақытта бұлжымайтынын қадағалау аса қажет екені даусыз. Ал мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершіліктің үлкен-кішісі болмайтыны белгілі. Қазақтың біртуар перзенті, қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар ұстаған Шерхан Мұртазаның ел мен жер, қоғам мүддесі талқыға түскен тағдырлы кезеңдерде ұлттық жауапкершілікті мойнына алып сезінуі мен соған сәйкес атқарған қызметі сөз жоқ, тарихи тұлғалардың дәреже-деңгейінде ойға оралады.
Шер-ағаң Жаратқан Ие берген саналы ғұмырын, қажыр-қайратын, білімі мен ерен еңбегін егемен елі мен адал қоғам мұраты үшін аянбай сарп етті. Шындық үшін күресті. Сол себепті замандастары оны «Шыңдағы Шер-ағаң» деп атады. Қазақ әдебиетін дамытуға керемет көркем кітаптары арқылы өз қолтаңбасын қалдырып, от найзағайлы публицистикалық шығармаларымен күллі оқырмандарын сүйсіндірген және қандай мінберде болмасын, қалың әлеуметтің ақ сөзін сөйлеп, туған халқының жүрегінен орын алған әйгілі адамның өнегесі – қоғам байлығы. Ал рухани мұрасы ендігі жерде таусылмас асыл қазына. Ақиқатында, оның сөнбес жұлдызды тұғыры Қазақ жұртының ұзына бойғы төл тарихы мен мәдени өмірінде ылғи да жарқырап тұратыны анық. Заңғар Алатау мен қазыналы Қаратаудың көркі мен төрі болған, ата-бабамыздың абыз шежіре-шаңырағы Мыңбұлақтан (Ағамыз шартарапта болса да «Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді» деп жазады емес пе?») шыққан мың жылдық жолаушы сияқты… Өшпес із қалдырған.
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.