Еңбегіне қарай өнбегі
Елімізде жиі талқыға түсіп, қоғам назарынан қалыс қалмайтын тақырыптың бірі – зейнетке шығу, зейнет жасы, зейнетақы көлемі. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек, мүгедектігіне байланысты және бала күтіміне берілетін жәрдемақылардың төмендігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі халыққа арнаған кезекті Жолдауында дәл осы тақырыптарды көтерген болатын. Осы ретте біз – Мемлекет басшысы жүктеген міндеттер жергілікті жерде қалайша жүзеге асып жатқанын білу мақсатында аудандық зейнетақы қорының директоры Мұрат Сапаевпен сұхбаттасқан едік.
– Мұрат Жамалбекұлы, Президент Жолдауында көптің көңілінде жүрген бірқатар мәселеге нүкте қойды. Соның ішінде әлеуметтік салаға қатысты біраз мәселенің барысын ашып берді. Қазіргі таңда ауданда зейнетақы, атаулы әлеуметтік көмек алатын, сіздердің қызметке жүгінетін қанша азамат бар?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұған дейінгі Жолдауларында негізінен саяси реформаларға басымдық берілсе, бұл жолғы тарихи құжат елімізде орын алған саяси жаңғырудың экономикалық өзгерістерге ұласуына бастау болмақ.
Мемлекет басшысының елді елең еткізер тың бастамаларының бірі – әйелдердің 61 жастан зейнетке шығатындығы. Соңғы уақытта елімізде әйелдердің зейнет жасын төмендетуге қатысты үлкен талқылаудың болғаны белгілі. Бұл мәселе Еңбек министрлігінде де бірнеше рет қарастырылғанымен нақты шешім қабылданбаған еді. Дәл осы мәселеге Президентіміз Жолдауында соңғы нүктені қойды. Сөйтіп 2023 жылдан бастап 2028 жылға дейін әйелдер 61 жаста зейнетке шығатын болды.
Сондай-ақ Жолдауда зейнетақы жүйесінің де қайта жаңғыртылатынын, зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесі біртіндеп ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал жоғарғы шегі 120 пайызына жеткізілетіндігі айтылды.
Бүгінгі таңда ауданда 5634 зейнеткер бар. Сонымен бірге, 2132 адам мемлекеттік арнайы жәрдемақы, 702 азамат атаулы мемлекеттік жәрдемақы, сонымен бірге 4007 әйел бала күтіміне арналған жәрдемақы алады. Бала күтіміне арналған жәрдемақы алушылардың ішінде «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері 1383 ана болса, көпбалалы аналар саны – 2021.
– Президенттің тапсырмасымен 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жүзеге асырылатын болды. Бұл туралы не айтасыз?
– Өзіңіз жақсы білесіз, биылғы жылдың 5 маусымында республикамызда жалпыұлттық референдум өткізіліп, Ата Заңымызға түзетулер мен толықтырулар енгізілген болатын. Сол түзетулерге Президентіміз: «Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын», деді. Президенттің айтуынша, қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады. Оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады.
Ал енді жоғарыда айтқанымдай Жолдауда елді елең еткізген тың бастамалар өте көп. Соның бірі бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімі сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылуы. Бұл ең алдымен бала күтімінде отырған аналарды ерекше қуантып отыр. Президентіміз айтқандай, бұл бастама 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілмек. Осылайша, балалардың ең маңызды шағында – сәби кезінде ата-аналары жанында көбірек болуларына мүмкіндік берілмек. Ал әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға жұмыссыз қалғаны үшін төленетін төлемақы орташа айлық табысының 45 пайызына дейін көбейтіледі. Бұл қадам осындай жағдайға тап болған жандарға септігін тигізіп, қызметке тезірек оралуына мүмкіндік береді. Атаулы әлеуметтік көмектің бірыңғай жүйесі құрылады. Бұл азаматтардың әл-ауқатын жақсарту ісіндегі маңызды қадамның біріне айналады деп ойлаймын.
– Зейнеткерлердің көкейінде тұрған сұрақ біреу, ол – «Зейнетақы қанша болады?»
– Президентіміз Жолдауында базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерін күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін, ал ең жоғары мөлшерін 120 пайызға дейін кезең-кезеңімен арттыруды тапсырды. Келесі жылы ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң шамасы 40 567 теңгеге дейін көтеріледі деген болжам бар. Демек, базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 28 397 теңгеге, ал ең жоғары мөлшері 48 680 теңгеге дейін өсуі керек. Бірақ ол Президент айтқандай «кезең-кезеңімен» жасалады.
Айта кетері, базалық зейнетақы республикалық бюджеттен зейнет жасына келген әрбір қазақстандыққа беріледі. Оның мөлшері еңбек өтілі мен зейнетақыны жинақтау жүйесіне қатысу мерзіміне байланысты. Егер еңбек өтілі он жылдан кем немесе мүлдем болмаса, онда базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері тағайындалады. Ал еңбек өтілі он жылдан асып тұрса, қосымша әрбір жылға 2 пайыз қосылады. Осылайша, еңбек өтілі мен зейнетақыны жинақтау жүйесіне қатысу мерзімі 33 жылдан асып кетсе, ең жоғары базалық зейнетақы қойылады.
– Қазіргі барлық салада цифрландыру үрдісі жүруде. Бұл бағытта сіздерде қандай жұмыстар қолға алынды?
– Бүгінгі таңда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы СМС хабарлама арқылы 45 мемлекеттік қызметтің нәтижесі туралы хабарлайтын жаңа сервисті іске қосты. Енді клиенттер қызметтің нәтижесін білу үшін ХҚКО-ға екінші рет бармайтын болады.
Сервис әлеуметтік төлемдер, жер қатынастары, еңбек мигранттарына рұқсат құжаттарын беру, мектепке дейінгі ұйымдар және азаматтық хал-актілерін рәсімдеу желілерін қамтиды.
Тізімге енген мемлекеттік қызметтердің арасында бала тууы және оның күтімі бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындау, баланы мектепке дейінгі мекемелерге кезекке қою, асыраушысынан айырылған жағдайдағы жәрдемақы тағайындау, еңбек мигранттары рұқсатын рәсімдеу немесе ұзарту және спорттық атақтар беру сынды мемлекеттік қызметтер бар.
– Тағы қандай қызметтерді проактивті тәсілмен алуға болады?
– Жоғарыда айтып кеткенімдей, қазірдің өзінде азаматтар бала тууға қатысты қызметтерді телефон СМС-і арқылы алып жатыр. Сондай-ақ асыраушысынан айырылу, жұмысынан айырылу, жүкті болу мен босануға байланысты табысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындау, «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлеріне жәрдемақы рәсімдеу, мүгедектікті белгілеу жөніндегі қызметтерді және зейнетақы төлемдерін тағайындауға қатысты мемлекеттік кепілдіктерді проактивті тәсілмен ұсынуды жоспарлап отырмыз.
– Осы күнге дейін еліміздің барлық зейнеткерлері үшін базалық зейнетақы деңгейі бірдей еді, енді шілде айынан бастап бұл төлемдер басқаша есептеледі. Бұдан басқа биыл зейнетақы жүйесіне тағы қандай өзгерістер енгізілді?
– Иә, расымен, 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне қарай қайта есептеледі. Сәйкесінше, бірталай зейнеткер үшін төлем деңгейі айтарлықтай өседі. Осы уақытқа дейін базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызына тең болғандықтан, зейнеткерлердің барлығы бірдей 15 274 теңге базалық төлем алатын. Енді тұлғаның 1998 жылғы 1 шілдеге дейінгі ынтымақты зейнетақы өтілі мен содан кейінгі жинақталған өтіліміне қарай базалық төлем жаңаша беріледі.
Бұл зейнеткерлер үшін тиімді және әділетті болмақ. Мәселен, егер адамның жұмыс өтілі болмаса немесе 10 жылдан кем болса, базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды. 10 жылдан асқан әр жылдың жұмыс өтілі үшін базалық зейнетақы 2 пайызға өседі. Мысалы, 20 жылдық өтілі болса, базалық зейнетақы көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 74 пайызын, 30 жылдық өтілі 94 пайызды құрайды. Егер өтілі 33 жыл және одан да артық болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызын, демек биылғы есеппен – 28 284 теңгені құрайды. Бір ескерерлік жайт, мемлекеттік базалық зейнетақыны қайта есептеу процесі автоматты түрде жүргізіледі, сондықтан зейнеткерлерге ешкімге жүгінудің, ешқайда барудың, ешқандай құжат тапсырудың қажеті жоқ.
Сонымен бірге, биыл 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақы 8 пайызға өсті. Оның үстіне, базалық төлемдердің де көтерілгенін ескерсек, қазір еліміздегі орташа зейнетақы мөлшері 70 мың теңгеден (70 537 теңге) асты, ал былтыр бұл көрсеткіш 65 мыңдай болатын. Сондай-ақ осы жылы әйелдердің зейнет жасын алты айға көтеру үрдісі іске қосылды. Осы өзгерістер мен базалық төлемнің қайта есептелетінін ескерсек, бір айдан кейін орташа зейнетақы 80 мың теңгеден асатын болады.
– Әлеуметтік мәселе қоғамдағы ең өзекті және маңызды тақырыптардың бірі. Осы саланың маманы ретінде қатардағы азаматтарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Біз қазір «Еңбегіне қарай өнбегі» деген жүйеде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан ерінбестен еңбек ету қажет. Жұмысқа орналасқанда міндетті түрде ресми келісімшарт жасасып, жұмыс берушіден зейнетақы жарнасын аударуды талап еткен жөн. Себебі, бұл – сіздің қамсыз болашағыңыздың кепілі, қазіргі бейнетіңіздің зейнеті. Сондықтан жарнаны аудармас үшін табысты жасыру немесе тағы да басқа құйтырқы әрекеттер жасау арқылы адам ең алдымен өзін алдайтынын ұмытпауы керек.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Марат ҚҰЛИБАЕВ. Жуалы ауданы.