Қазақтың Төлегені – Құман Тастанбековтің дүниеден озғанына– 5 жыл.

Аса ардақты, кино және драма әртісі Қ.Тастанбековтің жан жары, Қазақстанның еңбек сіңірген актрисасы Меруерт Өтекешованың сұхбатынан:
Құман өмірде әртіс боп көрген жоқ. Өтірік те айта алмайтын. Отбасын, ауылын, ұжымын, бар қазақты жақсы көретін. Біреуге ренжіп, кек сақтамайтын, сөз қумайтын. «Қойшы, өзгерер дейсің бе?» — дей салатын. Ал, адами адалдықтары қайталанбайтын, тым ерте бақилық болған сырлас, мұңдас, әзілдері жарасатын жан достары: Әнуар Боранбаев, Әшірәлі Кенжеев, Саят Мерекенов, Уайс Сұлтанғазиндерді сағынып, көп қамығатын. Олар өмірде де, өнерде де, үйде де, түзде де бірін-бiрi көрмесе отыра алмайтын еді.
Бiз гастрольмен бүкіл Қазақстанды араладық. Барған жерiмiзде қалай күтерiн бiлмей ел-жұрт құрақ ұшып жүреді. Соңында «Не деген қарапайым едіңіздер?!» деп таңқалатын.
Құманның екі сөзінің бірі «ел» еді. Театрға, қонаққа, жолсапарға «ел күтіп отыр» деп асығып, жүрегіне ота жасалғанына да қарамайтын. Ауырдым дегенді айтпайтын, аянкестенбейтін. Театрмен қиян шеттегі Лос-Анджелеске сапары, ұстазы Х.Бөкееваның 100 жылдығына сонау Казталовкаға (БҚО) баруы, сахнадағы «Жүрейік жүрек ауыртпай» спектакліндегі соңғы ойыны, туған жері Сарқанға көлiктi өзi жүргiзiп барып қайтуы, қайтыс болған туысының орнын жоқтатпаймын деп Ақтаудағы тойға барып, сонда қаза болуы — «ел, ел, ел» деуiне мысал емес пе?! Тiптi, әкесi мен анасының туған жері Семейді де, әсте, естен шығармайтын.
Құман сомдаған М.Әуезов атындағы академиялық театрдағы рольдері қандай! Шын айтамын, ол — өте талантты актер. Кітапты көп оқыды. Домбыра, гармон, гитара тартты. Теннис, бильярдты шебер ойнады. Спорттың бар жұлдызын танып, жанкүйер болды.
Ешкімнен жамандық іздемейтін сыңарымның қасынан қанша қалмай жүрсем де, айырылып қалдым. Жас келгенде ерлі-зайыптылар бір-біріне көп көңіл бөлуі керектігін түсінуші едік. Амал қанша, уақыт шапқан аттай өте шықты. Ол бәрібір менің жүрегімде, ойымда өмір сүреді. Қазір естеліктер кітабын, фотоальбомын шығару дайындығындамын. Алла амандық берсе, шөберелеріне атасын ұмыттырмаймын ғой.…………………..

Online Qazaqstan