САЯСИ ПАРТИЯ ЖӘНЕ ЭТНОС ОРТАЛЫҚТАРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Біз мемлекетіміз ұстанған дұрыс бағыттың арқасында демократиялы қоғам құрдық. Бір шаңырақ астында тату тәтті өмір сүріп жатқан көп ұлтты елге айналдық.
Еліміз саяси жағынан да белсенді бола бастады. Саяси партиялар да қоғам өміріне белсене араласуда. Біздің ауданымызда 5 саяси партияның өкілдіктері, 7 этно-мәдени орталықтар жұмыс істейді.
Бүгін аудандық кітапхананың «Коворкинг» орталығында аудандағы саяси партиялардың және этно-мәдени орталықтардың жетекшілерімен кездесу өтті.

Кездесуге аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев қатысып, сөз сөйледі.
— Бүгін Сіздермен биылғы жылдың соңында, жылдың қорытындысы ретінде бас қосып отырмыз. “Бірлік бар жерде – тірлік бар” – деген дана халқымыз. Сіздер аудан өміріне белсене араласып, берекелі тірліктің үлгісін көрсетіп келе жатырсыздар, — деген аудан басшысы М. Сұлтанғалиев ауданның саяси, мәдени және қоғамдық өміріне белсене араласып келе жатқан саяси партиялар мен этно-мәдени орталықтар өкілдеріне өз алғысын білдірді.

Бұдан кейін сөз алған саяси партиялар мен этно-мәдени орталық жетекшілері елімізде бірлік пен ынтымақ болсын деген тілектерін айтып, аудан басшыларына өз ризашылықтарын білдірді.
Әдеби сазды кешке ұласқан басқосуда этно-мәдени орталық өкілдері және мәдениет үйінің әншілері өлең айтып, жырдан шашу шашты.

Кездесу барысында аудан өміріне белсене араласып жүрген этнос орталықтары мен саяси партиялардың жетекшілеріне сый – сыяпаттар табыс етілді.

Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі