ӨНЕГЕЛІ ОТБАСЫ — ҚОҒАМ БАЙЛЫҒЫ
Отбасы – адам ғұмырының тірегі ғана емес, қоғамның да басты негізі. Шаңырағы биiк, босағасы берiк отбасы қоғамның тұрақты дамуының және мемлекеттiң өсiп-өркендеуiне, болашағы бiртұтас, «Мәңгiлiк Ел» болу жолында нығая түсуiне өлшеусiз үлес қосады. Тек берiк отбасылық дәстүрлерi орныққан ел ғана мығым әлi мызғымас ел бола алады.
«Отан отбасынан басталады» демекші, қазақ халқы қашанда отбасылық құндылықтарды жоғары қойған. Ер азамат-отбасының тірегі, қорғаушысы, жауапты тұлғасы, ал әйел-ана — шаңырақтың берекесі, тірегі саналса, балалар-өміріміздің жалғасы. Адам өмірінің мазмұны, әрбір тұлғаның ең асылы, өмір сүрудің басты қағидаты отбасы құндылықтарын келер ұрпақтың бойына сіңіру арқылы біздер ұлттық келбетімізді сақтап қалатынымыз анық. Отбасылық құндылықтардың ішінде тәрбие де, мәдениет те, әдеп те, салт пен дәстүр де бар. Өйткені отбасы-тұрақтылық тірегі, ал өнегелі отбасы-қоғамның байлығы саналады.
Қазір әлем үлкен өзгерістерді бастан кешуде. Жаһандану дәуірінде отбасылық құндылықтарды сақтаудың маңызы артып келеді. Соңғы онжылдықтарда отбасы институты дәстүрлі қалпынан айнып, елімізде некелесудің азаюы, азаматтардың отбасы құруға асықпауы, бала туудың көрсеткішінің кемуі, азаматтық неке және дәстүрге қайшы неке түрлерінің пайда болуы сынды жағдайлар қалыпты қабылдана бастады. Ал халқымыздың рухани құндылықтары алдымен отбасылық дәстүрлер арқылы берілетіндігі баршаға белгілі. Біздің қоғамда отбасы рухани және мәдени дәстүрлердің сақтаушысы, түрлі буындар арасын жалғастырушы болды және солай болып қала бермек. Сондықтан отбасының жарасымдылығы арқылы жұбайлық өмірдің жауапкершілігі мен балаларға, аға буынға ұдайы қамқор болудың маңыздылығын жастар жадынан сіңірудің өзектілігі артып отыр.
Түймекент ауылдық округінде үлгілі, өнегелі отбасылар көптеп саналады. Он үш перзент өсіріп, тамырын тереңге жайған әулеттің бірі Серік Мамырбаевтар отбасы. Ардагер-ұстаз, тоқсаннан асқан Серік атамыздың әулеті облыстық “Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, бірінші орынды иеленіп, ауданымыздың мәртебесін биіктетті. Сонымен қатар Ақжар ауылының тұрғыны, ардақты ардагер Тәуірбек Әшімов, түймекенттік Бөгенбай Битабаров сынды әулеттерді мақтан тұтамыз. Мұндай отбасылар ауылымызда көптеп саналады.
Азат, еркін елде өсіп келе жатқан Ұлы даланың ұрпағымыз. Адам өмірінің мәні – ел тыныштығы, отбасы амандығы. Отанды қорғау, елді сүю, ант пен парызға адал болу, отбасының құндылықтарын қастерлеуде өсіп келе жатқан жастар аға буыннан үлгі алып, бой түзеп өсетіндігі айдан анық.
Сымбат Жиеналиева,
Түймекент ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі аға инспекторы.