ТҮРКІСТАН: СЕРВИСТІК МОДЕЛЬДІ ІСКЕ АСЫРУ ФОРУМЫ ӨТТІ

Түркістанда «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі сервистік моделін іске асыру» тақырыбында ауқымды форум өтті. Шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының ғылыми қызметкері Сағынған Молбасин, Түркістан облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов, Түркістан қаласының зиялы қауымы және қоғам белсенділері, жеке құрам мен ішкі істер органдарының ардагерлері, БАҚ өкілдері мен тұрғындар қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында полицияның сервистік моделіне көшу бойынша тапсырмасына сәйкес, өткен жылы Түркістан облысы әкімдігінің жанынан ведомствоаралық топ құрылып, жұмысын бастады. Мақсат – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сервистік тәсілді енгізу. Түркістан қаласында бастау алған пилоттық жоба келер жылдан бастап облыс аумағында жүзеге асатын болды. Форумды ашқан облыс әкімі Д.Сатыбалды сервистік модельді іске асыру бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген тәртіп сақшыларын марапаттады.
— Бүгінгі жиынның негізгі бағдары – халықтың қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз ету. Өздеріңізге белгілі, мемлекет дамуы үшін елге тұрақтылық пен тыныштық керек. Полиция бұл жазалаушы емес, халықтың жанашыры болғаны жөн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асып жатқан сервистік модельдің мақсаты да осы. Өңірде құқық қорғау органдарына қолдау жоғары деңгейде. Бұл жұмыстарды құқық қорғау қызметкерлері ғана емес, бәріміз бірлесе атқаруымыз қажет»-деп атап өтті облыс әкімі.
Алғаш рет ұйымдастырылған форумның негізгі мақсаты — ҚР Президентінің сервистік модельді енгізу тапсырмасы мен министр Марат Ахметжановтың нұсқауымен жүргізіліп жатқан жұмыстарды саралау, алдағы күнге жоспар құру, халықпен кері байланыс жасау. Шарада полицейлерге көмектескен қоғам белсенділері мен еріктілерді де марапатталды.
— Ішкі істер министрі «сервистік модель» жобасы аясында әрбір полиция органдары жанынан «Сервистік орталықтар» салынуы қажет екенін айтқан болатын. Сол себептен келесі жылды «қала, аудандағы полицейлер жылы» деп бекітіп, жеке құрамға демеу болу мен мәселесіне мән беретін боламыз. Полиция ғимараттарын жаңартып, жаңа талапқа сай құрал-жабдықтармен және сервистік орталықтармен қамтамасыз етеміз,- деді облыстың бас полицейі.
Түркістан қаласы сервистік модель аясында пилоттық жоба ретінде таңдалған аймақтардың бірі. Қазіргі таңда өңірде бағдарламаның төртінші кезеңі іске асырылуда. Сондықтан «Жұртқа жақын полиция қағидаты» бойынша жұмыстар жалғасып, жандана бермек.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі