Экономикалық дамудың діңгегі

Қазіргі таңда ел экономикасы өркендеу үшін ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту өте маңызды. Ірі ауылдардың экономикалық және ауыл шаруашылығы тұрғысынан дамуы өңірлердің дамуына да әсер етеді. Жаңашыл бағытта дамудың ерекше үлгілерін шалғайда жатқан Ақсу ауылынан да көруге болады.

Сонымен, Ақсу ауылдық округінде қандай жұмыстар жүріп жатыр? Бұл округ құрамына Ақсу және Оразалы батыр ауылдары кіреді. Әуелі асыраушы сала – ауыл шаруашылығынан бастасақ. Округте қой-ешкі 13070, мүйізді ірі қара 3000, жылқы 5550, құс саны 7700 басты құрайды. Ақсулықтар 1600 гектар алқапқа бидай, 2900 гектарға арпа егіп, биыл бидайдың әрбір гектарынан орта есеппен 19,1, арпадан 15,2 центнерден өнім жинады. Сонымен қатар алдағы жылдың өнімі үшін 1900 гектарға күздік бидай себіліп, 2100 гектар жер парға дайындалған.

«Аманқұл» шаруа қожалығы шөп тайлағышы бар жаңа тракторға қол жеткізсе, «Дулат» шаруа қожалығының тракторлары мен ауылшаруашылық техникалары 75 пайызға жаңарып отыр. Бақытжан Тілеуханов басқаратын «Ақсу», Ермахан Айтбаев басқаратын «Ермекбай» шаруа қожалықтарының да жұмысы ширақ. Жаңа техника алуға жұмысы жүріп тұрған өзге шаруашылықтар да ұмтылып келеді.

Ауылдың ауыл шаруашылығы дамуы үшін қолайлы жағдай керек екені белгілі. Жолдың жаңа болуы, көшенің тазалығы, түрлі бағдарламалардың орындалуы – ауылдың дамуына әсер етеді. Ауыл болған соң жарығы самаладай жарқырып тұрғанға не жетсін? «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша өткен жылы 2 миллион 840 мың теңгеге Оразалы батыр ауылына жарықтандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Әсіресе Ілияс Жансүгіров көшесі тұрғындарының түні де күндізгідей жарық болып, айы оңынан туды. «Былтыр Алматыдан таксимен қайтып келе жаттық. Қалғып кеткен екенмін. Көзімді ашсам, жарқыраған жап-жарық жерде тұрмын. Жұбайымнан «Біз әлі Алматының маңында жүрміз бе, неге жап-жарық?» деп сұрап қоямын. Ол «Өзіміздің Оразалы батыр ауылында тұрмыз ғой», дегені. Бұл ауылдың түнгі жарқыраған жарығын көрмеген екенмін», дейді ақын Сәт Мәлібекұлы.

Ал биыл Ақсу ауылындағы көшелерді жарықтандыру, тазалығын қамтамасыз ету жұмыстарына 1 миллион 500 мың теңгеге жуық қаржы бөлініп, бұл елді мекеннің де көшелері жарығын мол шашатын шамдармен қамтылып, түннің өзі күндізгідей жарыққа айналған. Екі ауылда да таза ауыз су бар. Екі ауылға да биыл көгілдір отын кіргізіліп жатыр. Мұның бәрі қуанышты жағдай. Бұл істің барлығы Шу ауданының әкімі Сәкен Арубаевтың қолдауымен, округтің әкімі Айдар Айтбайдың тыным таппай шапқылап жүгіруімен жүзеге асып жатқан игі істер. «Қазсушар» мекемесі облыстық филиалымен келісіп, 1146 гектар мал жайылымын округ тұрғындарына алып беріп, малы көптерді ауылдың сыртына шығардық. Бұл істің игілігін отызға жуық шаруа қожалығы көріп отыр. Екі ауылдың жол мәселесін де шешіп жатырмыз. Бақытжан Тілеужанов салып берген саябақтың жанынан футбол алаңын, балалар ойын алаңын ашып, ауыл халқына кешкілік ұзақ уақыт демалып, спортпен шұғылдануына жағдай жасап отырмыз. Ақсу ауылында «Мүбарак ниет» жекеменшік балабақшасы ашылып отыр. Оны ауылымыздың түлегі Қайрат Аханұлы ел игілігіне берді», – дейді ауыл әкімі.

Аудан орталығынан 80 шақырым шалғай жатқан, Алматыға апаратын үлкен автожолдан 15 шақырым ғана алыс орналасқан тұрғындары берекелі, жері шұрайлы Ақсу ауылдық округінде 2650 адам тұрады. Аталған округке қарасты екі ауылда тұрғын саны осынша болуы жақсы көрсеткіш. Сондықтан мұндай үлкен округті әр тұрғынның тілін тауып, ойынан шығып басқару да оңай шаруа емес. Аталған ауылдық округтің әкімі, осы ауылдың тумасы Айдар Айтбайдың тек ойлайтыны – ауылдастарынан алғыс алу, елдің көңілінен шығу. Негізі Айдар Ермаханұлының қолынан талай іс келеді. Себебі тәжірибелі маман. Басшылық қызметте де біршама төселген.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтын сызу-сурет пәнінің мұғалімі, Қазақ мемлекеттік университетін археология-этнография мамандықтары бойынша бітірген. Білімі де бір басына жетіп артылады. Тіпті 25 жасында туған ауылындағы Жүсіп Баласағұн атындағы орта мектебіне екі жыл директор болған уақытта да біраз тәжірибе жинағаны анық. Ал мұнан соң аталған ауылдық округте табан аудармай 28 жыл бойы бас маман болып, былтыр қаңтар айында ғана ауылдық округ әкімі болып сайланған. Осынша тәжірибелі маманның бір ауылдық округті шыр айналдырып басқаратынына күмәніміз қайдан болсын?!

Ауылда медициналық мекемелер де лайықты деңгейде жұмыс істеп тұр. Жүсіп Баласағұн атындағы орта мектебінде 250, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінде 235 оқушы бар. Екі білім ошағында жалпы 82 мұғалім, 55 кіші қызметкер жұмыс істейді. Қайрат Тәсібеков пен Шарапат Ағыбаева сияқты іскер директорлар білім ошақтарының тасын өрге домалатуда. Ұстаздардың еңбегі жемісті. Бұл ауылда Сәт Мәлібекұлы, Төрехан Әлханұлы секілді ақын, ардагер ұстаздар тұрады. Олардың шәкірттері айтыскер атанып жүрген Бақытбек, Нұрлан Жұмабековтерді, Айым Көшербайды, Әділет Медетқұлды облыс халқы тегіс таниды.

«Ақындар ауылы» атануымен де Ақсу ерекшеленіп тұр. Осы ауылдан Гауһар Алдабергенова деген әжеміз 1938 жылдары колхозшылардың бүкілодақтық бірінші съезіне делегат болып қатысқан екен. Қазір Ақсу ауылында тарихта есімі қалған Гауһар әженің қызы Тұрсынкүл, немере, шөберелері тұрады. Тұрсынкүл қырық жыл шәкірт тәрбиелеген ұстаз, алтын алқалы ана. Бұл ауылдың көкпаршыларымен де аты шығып тұр. Жақында ғана өткен аудандық жарыста Ақсу ауылдық округі жеңімпаз атаныпты.

Бұл ретте тақымынан көк серкені босатпаған шабандоздар Әбілбек Сәлиев, Айдын Серіков, Жанасыл Молдабаев, Дулат Тынышбек секілді дода бұзған жігіттердің есімдерін ерекше атап кетуге болады. Александр Жомарт деген оқушы бала жасөспірімдер айтысынан көрініп жүр. Бұл баланың атқа құмарлығы да бар екен. Не айтыскер, не көкпаршы болатыны анық. Онсыз да бұл ауыл жігіттерінің бірі – көкпаршы, бірі – айтыскер. Бұл ауылда әлеуметтік көмекті былтыр 4, биыл 3 отбасы ғана алған. Бірте-бірте атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы мүлдем қалмайтын тәрізді. Тұрғындар әлеуметтік көмексіз-ақ тірліктерін тіктеп отыр. Жұмыссыздар жоқ деуге де болады. Баспанадан және жер телімін алудан мәселе жоқ. Бір сөзбен айтқанда, Айдар Ермаханұлы басқаратын Ақсу ауылдық округінде барлығы дұрыс жолға қойылған. Дүкендері де уақтылы істеп тұр. Бұл ауылда бір ғана өзекті мәселе бар. Ол ауылдық клубтың тозығы жетуі.

Клуб меңгерушісі, айтыскер Бақытбек Жұмабеков ескі ғимаратты қанша жамап-жасқағанмен, болмапты. Әзірге бұл ауылда клуб мәселесі ғана күрделі. Округ әкімі жоғарыға ұсыныс айтып, оның да жобалық-сметалық құжаттарын өткізуге қам жасау үстінде. Бұйырса, алдағы жылдары Ақсу ауылында жаңа, зәулім клуб салынып қалатын сияқты. Жаңа клуб бұл ауылға өте қажет. Әйтпесе, Сәт, Төреқұлдай ақындарды баулитын ұстазы бар, Бақытбек, Нұрлан, Айым секілді ақыны бар ауылда клуб болмауы қисынға келмейтіні анық. Бұл мәселе бойынша да Ақсу ауылын өрге сүйреген әкім Айдар Айтбай амалын іздеп келеді.

Есет ДОСАЛЫ, Шу ауданы.