ЕЛ БОЛАМЫН ДЕСЕҢ – МӘДЕНИЕТІҢДІ ТҮЗЕ!…

Жалпы, Ұлтты қалыптастыратын һәм сақтайтын ерекшеліктер мен негіздер мыналар: тілі, діні, салт-дәстүрі, тарихы, өнері, атамекені, мемлекеті.

Бұл жетеуін тағы жинақтай түссек, онда 3 негізге топтауға болады: Мекені, Байлығы, Мәдениеті. Яғни Территориясы, Экономикасы, Идеологиясы қалыптаспаған халық Ел болып ұйысып, Мемлекет болып тұтастыққа, Бірлікке жете алмайды.

Ал бұл үшеуінің ішіндегі басты тұғыр – мәдениет-идеология саласы. Өйткені, пендені Адам қылатын нәрсе – рух, яғни Махаббат, Парасат, Ар, Намыс секілді рухани қасиеттер болса, ұлттың тобырдан ерекшелігі де – рухани құрылым екендігінде.

Яғни, тобырлық деңгейден әлдеқайда жоғары тұрған Ұлт дегеніміз – рухани бірлік, адами ерліктің нәтижесі! Қазақ тіліндегі «Халық» деген атау – Аллаһ Тағаланың бір есімі екенін, мағынасы «жаратушы» екенін еске түсірсек, халық немесе ұлт дегеніміз – Адам жаратушы рухани орта болып шығады.

Ал енді осы бір ұлы миссиясын ұмытқан ұлт жойылуға бет алады. Ол тіпті экономикасы дүрілдеп, басқалар сесінен дірілдеп тұрған мемлекет болса да. Яғни, Рухани мәнінен айырылған ұлт – өзегін құрт жеген ағаш секілді…

Міне, сол себепті де мемлекетіміздегі идеология-мәдениет саласы – сұмдық маңызға ие сала. Бізде осы басты саланың шатқаяқтап тұрғаны – жасырын емес.

«Бала – ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейміз. Яғни адамның қалыптасуы – ортасына көп тәуелді; көргені, естігені, білгені санасына сіңіп, мінезінен көрініс табады. Бұл жерде айтылып тұрған «ұя» ұғымын сәл кеңейтіп қарасақ, ұя дегеніміз – біздің қоғам, осы қоғамдағы ахуал, осы ел ішіндегі мәдениетіміз, деңгейіміз.

Осы тұрғыда балаларымызға не көрсетіп, не ұсынып жатырмыз? Үлкендік, ата-аналық міндетімізді атқара алып жатырмыз ба? Мемлекет ретінде азаматтарымыздың рухани-мәдени дамуына жағдай жасап отырмыз ба?

Тәрбие көзіне айналған экранымызды, санамызға әсер етер сахнамызды, ақпарат көзіне айналған смартфондарымызды, солардың ішіндегі мазмұнды сорға бастар сорақылықтардан сақтап отырмыз ба?

Сұрақ – көп. Жауаптар – көңіл көншітерлік емес. Экраның ойсыз, ұятсыз дүниеге толы болса, сахнаңда санасыз, тексіз немелер сайран салса – әрине, көңіл көншімек тұрмақ, бөрі құсап ұлығың келеді!

Біз бұл жерге жау іздеу үшін келмедік. Бірақ, шындықтың көзіне тура қарайтын болсақ: жаһанданудың жойқын әсеріне ұшырап, ұлттық құндылықтарынан айырылған, ұлттық мінезінен ажыраған ұрпақтың обалы – сіз бен бізде! Ең әуелі «мемлекет» деп аталатын ортақ үйдің мәдени саласына жауапты құзіретті орындарда!

Сондықтан біз, Қазақ Билер Алқасы, осы аса маңызды саланы шұғыл түрде сауықтыруды, құзіретті органдар мен азаматтардың өз міндеттерін жауапкершілікпен атқаруын, қажет болса, сала басшыларын қайта тағайындауды талап етеміз!

Иә, біз жау іздеп келген жоқпыз! Дау шешімін тапса екен, азаматтар оянса екен, кейінгі ұрпаққа ізгі ісіміз бен игі өнегеміз қалса екен, Ел бірлігі мен берекесі артса екен!» деген тілекпен келіп отырмыз!

Армансыз жігіттің дәрменсіз болатыны секілді, ұлттық идеясы, ұйытқысы жоқ ұлт та ұзаққа бармайды. Қарынның тоқ, көйлектің көк болуы секілді нәпсәни қажеттіліктерді қазақ ешқашан өзіне басты мақсат еткен емес.

Қайта ол қарынының ашқанына емес, қадірінің қашқанына жылайтын! Қазақтың мінезі – ерлік пен махаббат еді! Қазақтың қымбаты – ары мен намысы еді! Ендігі міндет – осы «еді» деген сөзді, «сол, солай болу керек» деген сөзге ауыстыру………………..

Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ.
Online Qazaqstan.