Тараздың әкімі халықтың өтініш-тілегін тыңдаудан қашқан емес
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһар тізгінің қолға алғалы бері, 4 ай ішінде 16 аумақта кездесу өткізді.
Нақты айтар болсақ, облыс орталығына қарасты №2 (Родничок, Бурыл, Мичуринец, Қайнар), №6, №7, №8, №9, №10, №11 (Шөлдала, Қызыл Абад, Көлтоған, Шаңырақ, 28 саяжай) аумақтық округтердің халқымен (2 рет) және 15 шағын аудан, Сүлейменов көшесіндегі жеке сектор, Сәтпаев көшесі, Қант зауыты, Тектұрмас, Арай, Құмшағал тұрғын алқабтары, Масанчи көшесі тұрғындарымен жүздесіп, мәселелеріне құлақ түрді.
Кездесуге келген халықтың басым бөлігі әлеуметтік нысандар (мектеп, балабақша, емхана, спорттық нысандар, балалар ойын алаңшасы), елді мекендердің инфрақұрылымы (газ, су, жол, жарық, аялдама) және қоғамдық көлік мәселелерін көтерді.
Бақытжан Әмірбекұлы кездесулерде ең алдымен округтердегі атқарылған жұмыстардың есебін тыңдап, зерделеп, халықтың негізгі сауалдарына зейін қойып келеді. Зерделеу жұмыстары бойынша заң аясында іске асыруға болатын сұраныстар мерзімінде орындалып, жоспарлы жұмыс жүзеге асуда.
Сондай-ақ, қала әкімі биылғы жылдың 13 қыркүйегі мен 23 желтоқсан аралығында 17 қабылдау өткізіп, 192 азаматты жеке сұрақтарымен қабылдады.
Сонымен қатар, аумақтық округтерде де 4 есептік кездесу өткізіп, әр кездесу соңындағы жеке қабылдауда 23 азаматтың мәселесін зерделеді.
Бұдан бөлек шаһар басшысы қаламыздағы зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, тасымалдаушы компаниялардың өкілдері және жастармен де кездесіп, пікір алмасты.