ТҮРКІСТАН: ЖРВИ ЖӘНЕ ТҰМАУМЕН СЫРҚАТТАНУШЫЛЫҚТЫҢ МАУСЫМДЫҚ ӨСУІ БАЙҚАЛАДЫ
Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында тұмаудың және ЖРВИ таралуының алдын алу шаралары мен эпидемиологиялық жағдай бойынша брифинг өтті. Баспасөз мәслихатында Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бахтыораз Елемесов өңірде инфекциялық аурулардың маусымдық өсуі байқалғанын айтып, сақтық шараларын ұстануға шақырды.
– Қазіргі уақытта облыста ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанушылықтың маусымдық өсуі байқалады. Эпидмаусым басталғаннан бері ЖРВИ-дің 2 723 жағдайы тіркелсе, жалпы биылғы 11 айда ЖРВИ-дің 6 320 жағдайы анықталды. Ал, тұмау инфекциясы бойынша маусымдық 56 жағдайы тіркелді. 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7 есе өсіп отыр. Ал коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Осы ретте, облыс тұрғындарына айтарымыз, адамдар көп жиналатын жерлерде бетперде тағыңыздар. Алдағы мереке күндері коронавирус, тұмау, ЖРВИ инфекциялық ауруларын болдырмау үшін сақтық шараларын ұстануға шақырамыз. Инфекциялық аурулардың алдын алудың ең сенімді жолдарының бірі — профилактикалық екпе салдыру екендігін еске саламыз, — деді Бахтыораз Мизамұлы.
Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Салтанат Жабағиеваның айтуынша, өңірдің медициналық ұйымдарында дәрілік заттар тапшылығын жою мақсатында төмендемейтін резервтік қоры жасақталған. Бүгінде медициналық ұйымдарда вирустық инфекцияларға қарсы қолданылатын аса қажетті «Осельтамавир» 7мг — 21 610 құты, «Улкарил» 200 мг — 9495 құты, «Улкарил» 400 мг – 23 100 құты, «Улкарил» 800 мг- 31250 құты, Ибупрофен таблетка 200 мг – 16 928, Ибупрофен таблетка 400 мг – 16 640 дәрілік, Ибупрофен, суспензия 100мг/5мл – 7433, Ибупрофен, суспензия 100мг/5мл – 636, Парацетамол таблетка 200мг – 15 480, Парацетамол таблетка 500мг – 120 510, Парацетамол, суспензия 120 мг/5 мл – 13 830 заттары бар.
Айта кетейік, қазіргі таңда ЖРВИ-дің алдын алу үшін әрбір медицина ұйымдарында жоспар түзіліп, мобильді топтар құрылды. Сондай-ақ, халыққа санитарлық ағарту жұмыстары тұрақты жүргізіліп отыр.
Еске сала кетейік, тұмауға қарсы иммундау науқанын бастау үшін 304 000 доза көлемде «Гриппол+» вакцинасы сатып алынған болатын. Бұл вакцина арқылы облыс халқының тиісті контингентін 15% вакцинациялау жоспарланып, бүгінгі күнге егуге жататын контингент толық вакцинацияланды. Оның ішінде екінші және үшінші триместрдегі жүкті әйелдер саны – 14 868, балалар – 90 828, медициналық қызметкерлер – 24 466 және ересектер – 173 838.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі