ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА ЖЫЛ ҚАРСАҢЫНДА ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Түркістан облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары күшейтілген. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Түркістан облысы ПД Жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бақытқали Кенжебаев мәлім етті.
Спикердің баяндауынша, облыстық полиция департаментінің жеке құрамы 2022 жылдың соңғы аптасы мен 2023 жылдың қаңтар айының бірінші аптасына дейін қызмет атқарудың күшейтілген нұсқасына көшкен. Бұл ретте, қазіргі таңда республика көлемінде 15-31 желтоқсан аралығында «Қылқан жапырақ» және 25 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында «Пиротехника» профилактикалық шаралары өткізіліп жатыр.
«Бүгінгі таңда Түркістан облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтің бұйрығына сәйкес, облыс көлемінде мереке күндері «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылуда. Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылып жатқан іс-шаралардың нәтижесінде бірқатар қылмыстар саны азайған. Мереке қарсаңында ғана емес, барлық уақытта қоғамдық тәртіпке бейжай қарамайық. Барша облыс тұрғындарын жолда үнемі ережені бұзбай, қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, қылмыс пен құқық бұзушылыққа жол бермеуге шақырамыз», — деді Б. Кенжебаев.
Сонымен қатар, өңірдегі жаңа жылдық мерекелер өтетін орындарда мемлекеттік инспекторлармен өрт қауіпсіздігі жағдайына бақылау жүргізіледі. Сала мамандарының айтуынша, мерекеде пиротехникалық бұйымдарды тек лицензиясы бар дүкендерден сатып алған жөн.
«Жаңа жыл мерекесіне орай сауда дүкендері мен базарларда пиротехникалық заттарды сату басталып кетті. Мысалы, пиротехникалық заттарды сатуға лицензиясы жоқ немесе сақтау тәртібінде заң бұзушылықтары орын алған жағдайда полиция қызметкерлері тарапынан кәсіпкерге айыппұл салуға әкімшілік іс қозғалып, пиротехникалық заттарды тәркілеуге алады. Сонымен қатар, Жаңа жыл мерекесіне орай кәсіпкерлермен пиротехникалық заттарды сату және сақтау тәртібіне бақылау жүргізу бойынша облыстық Полиция департаменті мен Төтенше жағдайлар департаментінің бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілген. Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша қала тұрғындарының арасында үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарламалар берілуде», — деді облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Асанғали Төлепбергенов.
Айта кетсек, пиротехникалық бұйымдарды жабық үй-жайларда, пәтерлерде пайдалануға, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен немесе зақымданған бұйымдарды пайдалануға тыйым салынады. Сонымен қатар, пиротехникалық бұйымдарды қолдану жөніндегі нұсқаулықта көзделмеген кез келген әрекеттерді жүргізуге болмайды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі