Алманың ақысы
Iлгерiде бiр елде Сәбит деген жiгiт өмiр сүрiптi. Сол Сәбит бiр күнi арықта ағып келе жатқан алманы ұстап алады. Қарны ашқан жiгiт алманы бiр тiстейдi де ойланып қалады. «Апыр-ай, бұл да бiреудiң өсiрген жемiсi ғой. Алма иесi ақиретте жолығып, ақысын сұраса не деп жауап берем?» — деп қиналады.
Сонан соң суды жағалап алма иесiн iздеп шығады. Жолда бiр баққа кез болады. Арық осы бақтың iшiнен ағып өтедi екен. Сәбит бақ иесiне келедi. Ол иман жүздi қария екен, жiгiт алманы рұқсатсыз тiстеп қойғанын айтып, қариядан өзiн кешiруiн сұрайды. Қария ойланып тұрады да:
— Жоқ кешiре алмаймын, — дейдi. — Сен менiң бағыма бiр жыл бойы келiп кетiп жүрiп жұмыс iстейсiң.
Сәбит келiсуге мәжбүр болады. Өйткенi ол ақирет күнi болғанда адам шаңның тозаңындай күнәсi үшiн жазаланып, сондай мөлшердегi сауабы үшiн жарылқанатыны жайлы аятты жақсы бiлетiн. Сол мақшар күнi сұралғанда, осы қарияның ризалығын алмағаны үшiн басы дауға қалуын қаламады.
Сонымен жыл бойы Сәбит қарияның алма бағына келiп, жұмыс iстеп жүрдi. Бiр жылдан соң:
— Ата, айтқан бiр жылыңызды өткiздiм, ендi риза болсаңыз, менi жiберiңiз,- дейдi. Қария:
— Риза емеспiн. Менiң рұқсатымды алу үшiн сен менiң қызыма үйленуiң керек.
Қызымның қолы шолақ, аяғы ақсақ, тiлi сақау, көзi соқыр, құлағы керең. Келiссең ал, келiспесең кете бер, — дейдi. Жiгiт қатты сасады. «Жоқ» деп қыздан бас тартса, ақирет күнiнде шал мұнан алмасын сұрайды. Бұл қайдан тауып бермек? Ал мүгедек қызын қайтпек? Ақыры жiгiт он ойланып, тоқсан толғанып шалдың қызын алуға келiседi. «Бұл қызды да бiреу алу керек шығар, сол адам мен-ақ болайын» деп түйедi ойын.
— Ендеше, қалыңдығыңды барып көр. Ол анау үйдiң iшiнде отыр, — дейдi. Жiгiт басы салбырап үйге кiрiп барады. Қараса ай мен күндей, сұлулығын суреттеуге тiл жетпестей, төрт мүшесi түгел сұлуды көрiп: «Астагфирулла!» деп атып шығады үйден. Сол бетте қарияға жүгiрiп кеп:
— Сiздiң қызыңыз емес, онда басқа бiреу отыр, — дейдi.
— Сол менiң қызым. Қолы шолақ дегенiм, көлденең жатқан алтынды да алмайды. Аяғы ақсақ болатын себебi, бөгде кiсiнiң көзiне көлбеңдеп түсе бермейдi. Бiр жыл осында жұмыс iстегенде саған бiр рет көрiндi ме? Жоқ. Тiлi сақау болатын себебi — ешкiмнiң сыртынан ғайбат сөз айтпайды, алдамайды. Кереңдiгi сол — әдiлетсiз әңгiмелердi естiмейдi.
Соқырлығы — оның бiреудiң затына көз сатпайтыны. Кiсi мiнiн iздеп үңiлмейдi. Сен алған алманы тiстеп қойғаныңа өкiнiп, менен кешiрiм сұрап келгенде, мен сенi қызыма лайық көргенмiн. Бiрақ бiр жыл сынап көрейiн дедiм. Сынымнан сүрiнбей өттiң. Ендi екеуiң бақытты болыңдар, — деп батасын берiп екеуiн қосады.
Екеуiнен Нұғман атты ұл туылады. Нұғман алты жасқа келгенде анасына келiп:
— Анашым, мен Құран кiтабын жаттап алдым, — дейдi балалық мақтанышын жасыра алмай. Сонда анасы қуана күлiп:
— Сенiң әкеңнiң бiреудiң алмасын рұқсатсыз тiстеп қоятын сабырсыздығы болмаса сен Құранды былтыр жаттап қойған болар едiң,- дептi. Сол бала кейiн бүкiл Ислам әлемiне танымал, елдi аузына қаратқан үлкен ғалым болады. Ол бiзге Имам Ағзам Әбу Ханифа (р.а.) атымен белгiлi.