15 миллион түп ағаш отырғызылды
Орман шаруашылығы – экономиканың бір саласы. Орман өсіру, жаңартып отыру, күту, оны кесіп, реттеу, өрттен, зиянкестер мен түрлі аурулардан қорғау, ағашқа және орман өнімдерінің халық шаруашылығына қажеттілік мақсатында алатын орны ерекше.
Бүгінгі таңда облыстағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4 миллион 427 мың гектар болса, оның орман ағаштары көмкерген жерлері 2 миллион 357 гектарды құрап отыр.
Орман қоры жерлері облыс аумағының 30,8 пайызын, ал орманды жерлері 15,5 пайызын алып жатыр.
Жыл сайын мемлекеттік орман қоры аумағындағы 5000 гектарға жуық жерге орман ағаштары көшеттен және тұқымнан егіліп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік орман қорының аумағына 2 миллиард түп ағаш отырғызу туралы тапсырмасын орындау мақсатында табиғат қорғау және орман шаруашылығы қызметтері бірлесіп, облыста орман алқаптарын ұлғайтуға және қалпына келтіруге бағытталған «Жамбыл облысында 2021-2025 жылдары ормандарды толықтыру және молайту туралы» кешенді жоспар дайындалды.
Жоспар аясында 2021-2025 жылдары 140 миллион түп ағаш облыстың мемлекеттік орман қорына егу көзделсе, 2022 жылы 13 660 гектар жерге 24,5 миллион дана ағаш отырғызу жоспарланған.
Биылғы жылдың көктем айларында 5220 гектар жерге 15 миллион 300 мың дана ағаш отырғызылды және 250 гектар жерге 253 мың дана ағаш егіліп, орман толықтыру жұмыстары орындалды.
Сонымен қатар 64,2 мың килограмм сексеуіл ағашының тұқымы жиналып, орман қорына 250 гектар сексеуіл тұқымбағына 23,2 тонна тұқым себілді және 8190 гектар алқапқа тұқым себу жұмыстары толығымен аяқталды.
Данияр БАШАНОВ,
облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы.