Есік жасайтын ерекше кәсіп иесі
Тараз қаласында есік жасайтын шағын цехтар көп. Соның бірі – «Кремлевские двери» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестік 2019 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда 14 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отырған серіктестіктің цехында айына 500 есік дайындалады.
Серіктестік директоры Артур Пактың айтуынша, мұнда есіктің 40 түрі әртүрлі дизайнда, барлық өлшемде дайындалады екен. Серіктестік цех жұмысын жолға қою үшін өңірлік «Даму» қорынан несие алып, жұмысын бастаған. «Қазіргі таңда есіктеріміз «Кремлевские двери» деген брендпен шығарылуда. Есіктердің сапасы өте жоғары. Оған қажетті құрал-жабдықтар, ағаштар тікелей Ресей мемлекетінен жеткізілуде», – дейді ол.
– Бүгінде біз есіктің барлық түрін, оның ішінде ішкі бөлме есіктерін жасаймыз. Қажет болған жағдайда бүлінген бөлме есіктерінің керегелерін де ауыстырып береміз. Бізде жасалған есіктер сапалы әрі шыдамды. Егер есік керегелеріне, есіктің өзіне зақым келген жағдайда олардың бір ғана бүлінген бөлігін де ауыстыра береміз. Бұл бір жағы тапсырыс берушіге арзан түссе, екінші жағынан есіктің бүлінген бір бөлігіне бола оны тұтас ауыстырып жүрмейді. Сондай-ақ тапсырыс берушінің қалауымен түрлі өлшемде есік дизайнын жасаймыз. Біздің цехта жасаған есіктер барлық температуралық, еуростандарттық талаптарға жауап бере алады. Цехтың атауын «Кремлевские двери» деп қоюымыздың өз себебі бар. Оны біз Ресейден көшірме түрінде алып, өңірде жолға қоюдамыз. Құрал-жабдықтарды да сол мемлекеттен жеткізудеміз. Таразда есік жасайтын цехтар баршылық. Бірақ оның көбінде кепілдігі жоқ. Бізге ағашы, басқа да жабдықтары тікелей Ресейден тасымалданып, осында құрастырылады. Бағасы да тұрғындар үшін қолжетімді, – дейді кәсіпкер.
Кәсіпкердің мақсаты – халықты қолжетімді бағамен отандық өндірістің сапалы ішкі есіктерімен қамтамасыз ету. Сондай-ақ жеке тұрғын үйлерден бөлек, мектептер мен басқа да мемлекеттік мекемелердің есіктерін орнату үшін мемлекеттік тапсырыс қабылдап, жұмыс істеуді де жоспарлауда. Жалпы, мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде қазіргі таңда ішкі есіктер царовы өндірісінің ауқымы мен өндірістік қуаты артқан.
Цехта тапсырыспен де есіктер дайындалады. Ол еуропалық стандартқа сай жасалып, кепілдікпен алушыға жеткізіледі. Тапсырыс берушілердің қалауымен есікті цех жұмысшылары орнатып беру қызметімен де айналысады. Егер тапсырыс беруші орнатылған есігін зақымдап, шынысын сындырып алса, серіктестік оны ауыстырып, бұзылған жерін қайта қалпына келтіру қызметін де көрсетумен айналысады екен.
Кәсіпкер қазіргі Ресей еліне салынып жатқан шектеулер кәсіпорынның жұмысына да аздап салқынын тигізіп жатқанын жасырмады. Өйткені олар сол жақтан келетін шикізатқа тәуелді. Есікке жарамды берік ағаштар біздің республикада өсірілмейтін көрінеді. Дегенмен кәсіпкер қажетті шикізатты бірнеше айға жететіндей етіп жеткізіп алғанын айтты.Нәтижесінде баға біршама көтерілгенін де жеткізді.
Цех шебері Сержан Есенбейев кәсіпорын ашылғаннан бері жұмыс істеп келеді. «Кәсіпті бірге бастадық. Қытай мен Ресей елдеріндегі кәсіпорындарда тәжірибемізді шыңдадық. Осында келгелі талай жасты үйретіп, олардың шеберлігін арттыруға күш салдым. Қолының ебі барлар жұмыс істеп кетті», – дейді ол.
Аталған кәсіпорынның алға қойған жоспары да көп. Серіктестік директоры Артур Пак алдағы уақытта өндіріс көлемін екі есеге арттыруды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Марат ҚҰЛИБАЕВ, Тараз қаласы.