Қатты желдің салдары… Таразда жағдай тұрақты
Ауа райының қолайсыздығына байланысты Тараз қаласында қауіпсіздік шаралары жүргізілуде. Апаттық жағдайлар орын алған жерлерде авариялық бригадалар жұмыс жасауда.
Құмшағал, Көлтоғанға шығатын Пригородныйда фидер апаттық жағдайда өшкен. «ТГЭС» ЖШС авариялық қалпына келтіру бригадасы ақауды анықтап, тексеру жүргізуде. Алдағы уақытта анықталған кемшіліктер реттеледі.
Сондай-ақ, қатты жел салдарынан «Зеленый ковер» алқабы аумағындағы 628-ші трансформатор торабы апаттық жағдайда өшкен. Анықталған ақау жойылып, электр энергиясы қайта берілді.
Бүгінгі желден қаладағы 8 билборд пен 2 пилондағы және Көне Тараздағы ғимарат терезелеріне ілінген банерлер, Тұңғыш Президент саябағындағы Мемлекеттік Ту жыртылды. Қазіргі уақытта жыртылған материалдарды тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Қолайсыз ауа-райынан зардап шеккен адамдар тіркелген жоқ.
Қалада жылу,газ және электр энергиясы қалыпты берілуде. Жағдай тұрақты бақылауға алынған. Қосымша ақпараттар беріледі.