Өкшеңіз ауырса, жасап көріңіз

Өткен жылы екі өкшем кезек ауырып, бастырмай жүрді. Әсіресе ұйқыдан тұрғанда – таңертең, сосын біраз уақыт тынығып барып орнымнан тұрған кездерде бастырмай, біртүрлі ауыратын. Жасамағаным қалмады. Лазерлі емге бардым. Табанға арналған массаж жасаттым. Омыртқадан шығар деп, оны тексерттім. Болмады. Анау айтқандай қатты ауырып, жаныңа батпағанмен, мазаңды алатын жағдай. Мұның емі оп-оңай екен.
Бір кездесіп қалғанда мың болғыр абысыным қисалаңдап кетіп бара жатқанымды көріп, өкшеңе йод жақ деді. Сенімсіздеу естілді деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Дегенмен күнде кешке – ұйқы алдында өкшемнің тап ауыратын тұсына жағып қойып жүрдім. Елеусіз нәрсе болғанға ма, әлде сенбегенімнен ба, оны қанша күн жаққаным есімде жоқ. Біраз уақыт өткенде туыстар бір құдайыда бас қостық. Сонда абысыным «Аяғың жазылды ма?» деп сұрағанда барып есіме түсті. Байқасам, өкшем мүлде ауырмайды. Жаныма батпаған соң оның қашан, қалай қойып қалғанын да сезбеппін. Қуанғанымнан абысынымды құшақтай алып, рахметімді жаудырып жатырмын. Жұрт назары бізге ауып, мәселенің мән-жайын түсінген соң дастархан басындағы адамдардың әңгімесі түгел өкше мен тізе ауруына қарай ойысты. Сонда білгенім, бұл аурудың түрлі емі бар екен.
«Өкшемде түймедей түйін болды. Не тұз емес, не сүйек емес. Жүрсем батады, кейде қақсайды. Содан қисайып жүретін болдым. Кімнен естігенім есімде жоқ, табаныма асық салып жүрдім. Кішкентайлау асықты салып, шұлық киіп алып, ары-бері жүру керек екен. Бастапқыда жаныңды көзіңе көрсетіп ауыртады. Шыдау керек. Өкшедегі түйін содан жоғалды», – деді етжеңді келген үлкен бір апа.
«Тортасынан айырған сары майды қыздырып, мақтаға сіңдіре жағып, соны таңып қою керек. Сыртынан клеенкамен орап тастайды. Жеті күн жасаса өкшенің ауырғаны, тізенің қақсағаны, түйіні, керек десең өкшенің жарылғаны да жазылып, жоқ болып кетеді».
«Оның тағы бір емі шикі картопты үккіштен өткізіп, соны табанға қалыңдау етіп жағып, орап тастау керек деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Сыртынан орап тастаған дұрыс. Аяқтың іскенін, қақсағанын, жарылғанын кетіреді, өкше, бас бармақ жанындағы табан теппесі (шпоры) де содан жоқ болады».
«Қызыл кірпіштің бір жақ бетін қатты қыздырып, матадан қалта тігіп, ішіне тұз салады да, әлгі кірпіштің үстіне қояды. Тұз ысыған кезде үстіне аяқты — өкшені қояды. Орындыққа отырып, аяқты айналдыра жылы орап қойса тіпті жақсы. Ол сүйек-сүйектегі тұз, суық, сіңірдің тартылуы, бәрін кетіреді. Үш күн жасаса аяқ шаршамайды да, талмайды, қақсауы да қояды».
Құдайыға жиналған апалар жарыса айтқан ем түрлері осындай. Кім-кімге керегі болса, жасап көрсе болады екен.

Жадыра САРЫМ.
«Ауырмаңыз!» газеті.
(Мақаланы көшіріп басқанда «Ауырмаңыз!» газетінен алынды» деп сілтеме беру міндетті. Авторлық құқық қорғалған!)