Болар елдің баласы…
«Қарты бар елдің, қазынасы бар» деген сөз тегін айтылмаған. Соңғы жылдары тәрбие жұмысын босаңсытып, ақсақалдарымыздың қадір-қасиетіне жете алмай қалдық. Оның үстіне зейнетке шыққан ардагерлеріміз де қоғам өмірінен тыс қалып, өмірдегі өз орындарын жоғалта бастағаны да белгілі. Бірақ халықтық тәрбиенің орны бөлек екендігін қоғам да, билік те түсінді. Сондықтан болар, соңғы жылдары ардагерлер қоғам өміріне белсене араласып, білгендерін кейінгі ұрпаққа айта бастады.
Мысалы, ардагерлер ұйымы, әсіресе билер халықтық кеңесі тәрбие мәселесіне ден қойып, іске кірісті. Айтып өтетін болсақ, Бостандық ауылындағы ардагерлер ұйымы жанындағы билер кеңесінің қолға алған ісі оған нақты дәлел. Олардың араласуымен соңғы жылдары ауылда «Игілік » деп аталатын қоғамдық қор құрылды. Ол қорға ардагерлердің өздері қаражат салып, қалталы кәсіпкерлерді ауылды көркейтуге, түлетуге үндеді. Соның нәтижесінде, түскен қаржыға арықтарды тазалап, ауылдағы алты көшеге ағын су жеткізілді.
Әр отбасы есігінің алдындағы алқапты игеріп, одан жеміс-жидек жинап алды, тіпті, жүгері егіп, мал азығын дайындап алғандар да бар. Ауыл ақсақалдарының бастамасымен қайырымды азаматтар соңғы екі жылда тұрмысы төмен болған төрт отбасыға асарлатып үй салып берді. Осындай игілікті істің басында Болдаубек Айтбеков сияқты ауызы дуалы, сөзі уәлі ақсақалдар жүрді. Солардың қатарында ардагер, кәсіпкер Нұрғазы Шәріпбаевтың да бар екенін ауыл халқы біледі. Ал ауылдық билер кеңесінің төрағасы Жаңабай Есімов елді ынтымаққа, бірлікке шақыруда ақсақалдық өнеге көрсетуде. Өзі бастама көтеріп, Талапты ауылындағы тұрмысы төмен бір отбасының үйіне демеушілік жасап, Тәуелсіздік күні қарсаңында жаңартылған үй иесіне табыс етілді.
Жақында ғана сексеннің сеңгіріне шыққан Талас ауданының Құрметті азаматы Бодаубек Айтбековті ауылдастары құттықтап, мерейін өсірді. Ардагерге облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасы және Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбековтің Марапат қағазын Талас аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов пен билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлы табыстады.
– Биыл су мол болды. Ауылымыз әр отбасының табысын арттыру жолындағы қанатқақты жобаға қатыспақшы. Егер, ауыл кооперативі құрылса, онда оған көмектесуге әзірміз. Биылғы жылы тоғыз көше асфальтталды. Халықтың сұрауы бойынша спорт кешені салынбақшы, тұрмысымыз жылданжылға жақсарып келеді. Мемлекет басшысының алдағы бес жылды «Ауылды дамыту жылы» деп жариялайтынын естіп, қуанып отырмыз. Енді дені сау, намысы бар әрбір азамат қолдан келетін тірлікпен айналысуы керек, – деді Бодаубек Айтбеков.
Ауыл ақсақалдары осыдан бірнеше жыл бұрынғы шаруашылық басшысының үйі балабақшаға айналғанын, бүгінде халықтың тұрмыс жағдайы жақсарып, бала саны өсуде екенін, сондықтан да кемі жүз орындық балабақша салу керектігін айтты. Сондай-ақ Талас өзені бойындағы елді мекендердегі егістік алқаптарын жаз бойы сумен тұрақты қамту үшін «Ақмола» су қоймасының сыйымдылығын арттыра отырып, пайдалануға берсе Талас және Сарысу аудандарының шаруалары судан тарықпас еді деген де тілектерін жеткізді. Ардагерлер сонымен бірге арық-атыздарды да тазалап, егістік алқаптарын қалпына келтіруді жоспарлағанын және де тамшылатып суару технологиясын да іске қосу керектігін айтты.
Қонақбай ҚАЛЖАНОВ, Қаратау қаласы билер кеңесінің мүшесі