Жапондық детоксикация әдісі
Алғашқы қолданғаннан-ақ оңды нәтиже беретін амалды бәріміз де жақсы көреміз. Емі – айға, нәтижесі жылға жететін жайбасар әрекет көңілден шыға бермейтіні рас. Ағзаны тазартудың жапондық әдісі нақ осындай екен.
Бактериялар мен токсиндер біздің ағзамызға тамақ, су, ауа арқылы үнемі еніп отырады, сол арқылы адам ластанудың әртүрлі факторларына ұшырайды. Ағзаны мұндай жайсыздықтан қорғау, аурудың алдын-алу үшін күнделікті детоксикациялау әдісін қолдануға болады.
Аяққа арналған минералды ванна
Толық детоксикацияны қолданудың әртүрлі әдістері бар. Солардың ішіндегі ең тиімдісі – ол аяққа арналған минералды ванна деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Бұл жапон әдісі бірнеше ғасырлардан бері өзінің тиімділігін дәлелдеп келеді.
Адам табанында барлық ағза мүшесіне қатысты жүйке талшықтары бар. Соларға әсер ету арқылы біз кез-келген ауруды жеңе аламыз. Өйткені қарапайым ғана бұл әдістің пайдасы мен көмегі көп.
Шылапшын немесе басқа қолайлы ыдысқа аяқ күйіп қалмайтындай етіп ыстықтау су құйыңыз. Өкшеңіз толығымен суға «батып» тұруы тиіс. Суға енді 2 ас қасық магний сульфаты (магнезия), 2 ас қасық ас содасы, 2 ас қасық теңіз тұзы, 2 ас қасық алма сірке суы, таңдауыңызға қарай эфир майын қосыңыз. Ол толық ерігенше жақсылап араластырыңыз. Осы қоспада аяғыңызды 30 минут бойы ұстаңыз. Процедурадан кейін кейбіреуде аздап әлсіздік сезілуі мүмкін, оған алаңдаудың қажеті жоқ. Себебі бұл детокикация процесінің әсері, ол қалыпты нәрсе.
Егер сізде жоғарыдағы ингредиенттер болмаса, онда аяқ ваннасын онсыз-ақ қабылдай беруге болады, бірақ сәйкесінше тиімділігі мен пайдасы аздау болмақ. Минералды ваннаны аптасына 2-3 рет жасаған жақсы.
Және де күнделікті ас мәзірінде магнийдің жеткілікті мөлшерде болуын қадағалаңыз. Сонда ағзада токсиндер аз болады.
Жарас ҚАСЫМ.
«Ауырмаңыз!» газеті.