«Хан хан сияқты, уәзір уәзір сияқты, әке әке сияқты, бала бала сияқты болсын» дегенді айтқан Конфуцзы кім
Қытай философиясы туралы сөз болғанда әлем халықтарының ең алдымен ауызға алатыны Конфуцзы. Олай болса бүгінгі ұрпақ Конфуцзының кім екнін біле бермейді.
Конфуцзы (б.з.д 551-479 жылдар), аты – Чю, жанама аты – Жұңни. Ата-бабасы Сұң бектігінің ақсүйегі, кейін пәледен бас сауғалап Лу бектігінің астанасына барды (қазіргі Шандұң өлкесінің Чүйфу қаласының шығыс оңтүстігі). 3 жасында әкесі, 17 жасында шешесі өлген, ол жас шағында өте қиын тұрмыс кешеді. Заң ұлығы (қазіргі қоғам қауіпсіздігі министрі немесе ішкі істер мекемесінің бастығына тең) секілді жоғары дәрежелі мансапты атқарған, астық қамбасын басқарған, мал шаруашылығын басқарған, оркестрде күйші немесе жетекші болған. Сондықтан жарасымды әуен сырын жақсы біліп, «күйді» «алты өнердің» бірі етіп, оқылатын, шырқалатын «өлеңді» алты өнерде бірінші орынға қойды. Міне бұдан философ, саясаткер, ағартушы, сонымен қатар әдебиетші болғанын көруге болады.
Конфуцзы ілімінің өзегі – әдет-ғұрып және қайырымдылық»
Конфуцзы Шя, Шаң, Жоу дәуірлерінің әдет-ғұрып салт-сана қағидаларын зерттеп, кемелдендіріп, ықшамдап, жетілдіріп отырды. Сондықтан Конфуцзының Жоу бектігі тұсындағы жол-жосыны батыс Жоу патшылығының әуелгі әдет ғұрып, салт-санасының қайталануы емес, қайта жетілдірілген түрі. Конфуцзы дәріптеген әдет-ғұрып – салт-сана қағидалары немесе қажетті қоғамдық тәртіптің нақты формасы деуге болады.
«Қайырымдылық» – ең жоғары моральдық өлшем. Ондағы «жол-жосынның» жаны, адамдар қатынасының өлшемі – өзара сүйіспеншілік деуге де болады. «Қайырымдылық» – Конфуцзы идеясының ең жоғары категориясы. Адамдардың табиғатқа, өмірге, этикаға көзқарасын, адами көңіл-күйі мен идеялық өлшемін белгілейтін басты категория.
«Ұлы бірлік әлемі» сынды мұратты қоғамды қалай жүзеге асыруға болады?
Конфуцзы міндетті түрде бір түрлі қалыпты тәртіп орнату керек деп қарайды. «Хан хан сияқты, уәзір уәзір сияқты, әке әке сияқты, бала бала сияқты болсын». Яғни патша, уәзір, әке, бала өздерінің салауаттарымен моральдық қағидалар мен жол-жосын, салт-санаға бойұсынулары керек. Өздерінің салауаттарына жараспайтын нәпсілерін, сөз-әрекеттерін тежеулері қажет деп қарайды. «Нәпсіні тиып, салтқа оралу» дегеніміз міне осы. Ал, «бір күн өзін тежеп, жол-жосынға оралса, әлем қайырымдылық мерейіне бөленеді». Билеушілер өзін тежеп, жол-жосынға құрмет етіп, қоғамдық әрекет өлшемге бойсынса, қайырымдылық алға шығады.
Адамдар қайырымды, бауырмал болғанда, бірін-бірі аялайтын қайырымды қоғам жеке нәпсіні тежеп, тәртіпке бойсұнудың арқасында жүзеге асатын болады.
«Хан хан сияқты, уәзір уәзір сияқты, әке әке сияқты, бала бала сиқты болсын» дегенде, әрине, үстем таптар меңзеліп, уәзір мен бала патшамен әкеге бойұсыну керек делініп отыр. Бірақ хан хандай болмаса уәзірдің де уәзірдей болмауына болады дейтін, зорекер патшалардың көзін жойып, қатігез үкіметті аударып тастау әрекетіне опасыздық жасайтын теориялық негіз болды. Сондықтан кейін тағылымшылдықтың мұрагері Мыңзы осыны негізге ала отырып, «қайырымдылық саясат» пен «жол-жосынды» қуаттап, «халық қастерлі, патша қораш» деген «халықшылдық» идеяны алға қойды. «Халық қастерлі болады, мемлекет одан кейін тұрады, патша қораш болады» деп, патшаны халықтан, мемлекеттен кейінгі үшінші орынға қоюмен қатар, «қатігез патшаларды өлтіруді» де қуаттады. Міне бұдан тағылымшылдық мұратты қоғам қатігез үкімет пен жауыз патшаны өз ішіне алмайтындығын, қайта жарасымды, тәртіпті, қайырымды, жол-жосынды жақтайтынын білуге болады.
«Мырзалар біріксе де өзгешеліктерін сақтап қалады, бұқара өзгешеліктерін сақтап қалса да бірікпейді». Даралық қасиетке құрмет ету негізінде жалпылық жарасымдылықты сақтайтындар – бекзаттар. Нағыз адамдар біріккенімен даралық қасиетке немқұрайды қарайтындар. Оны жоққа шығаратындар қатарға алуға болмайтын қораштар, әділеттен тайған адамдар. Бұл қандай айқын сүйіспеншілік пен өшпенділік, қандай тамаша мұрат десеңізші!
Конфуцзы «Ұлы бірлік әлемі» жөніндегі арманының ол тұста жүзеге асуы мүмкін емес еді. 30 жастан бастап ұстаз болған Конфуцзының 3000 шәкірті болды. Оның әйгілілері 72 адам еді. Ол шәкірттерін ертіп, бектіктерді аралап өзінің қуаттамасын уағыздайды. Бірақ онысын өткізе алмайды. Ол өмірінің соңында мекеніне қайта оралып кітап жазумен шұғылданады, Қытайдың ерте замандағы мәдениетін реттеп, жинап, қытай өркениетіне үлкен еңбек сіңіреді.
Лу бектігінің Ай бегінің 16 жылы (б.з.д 479 жыл) Конфуцзы 73 жасқа келеді. Осы жылы көктемде науқастанып қалады. Шәкірті Зыгүң оның көңілін сұрай келеді. Таяғына сүйеніп есіктің алдында тұрған Конфуцзы көтеріліп келе жатқан күнге қарап тұрып, ақырын дауыспен Зыгүңнің осынша кешігіп келгенін жазғырады. Ол бәсең дауыспен: «Тайшан тауы, құлағалы тұрсың ба? Көк тіреуі, опырылғалы тұрсың ба? Пайғамбарым, шөп-ағаштарша семіп, шіріп, қалжырап тұрсыңдар ма?» дейді. Осыны айтқан оның көз жасы көлдеп, сонан соң төсек тартып жатып қалады. 7 күннен кейін айтқандай-ақ шөп-ағаштай семіп дүние салады. Оның сүйегі Лу бектігі астанасының Солтүстігіне қойылады. Ол туған елінің топырағын жастанып мәңгілік ұйқыда жатыр.
Конфуцзы – Қытайдың ерте замандағы дүниежүзіне ересен зор ықпал жасаған тұңғыш ойшылы. Датталса да, мақталса да оның есімі мен идеясы адамдар арасында мәңгі сақталады. Осы әлемде адамзат жасай беретін болса, оның ғақлиялары мен адамзат қоғамы жөніндегі тамаша арманын естерінен шығармайтын болады. Осы әлемде адамзат жасай беретін болса, оның ғақлиялары мен адамзат қоғамы жөніндегі тамаша арманын естерінен шығармайтын болады.
Материялдардан ықшамдап дайындаған: Ж.ШӘКЕНҰЛЫ