Төлеу мерзімі 90 күннен асып кеткендерге жаңа несие беруге шектеу енгізіледі
Қазақстанда банктерден алған несиесі мен микроұйымдардан алған займдарын төлей алмай жүргендер көп. Енді төлеу мерзімі 90 күннен асып кеткендерге жаңа несие беруге шектеу енгізіледі.
Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова айтты.
Мерзімі өткен берешегі 90 күнтізбелік күннен асатын азаматтарға кепілсіз тұтынушылық қарыздар мен микрокредиттер беруге шектеу енгізілетін болды. Бұл жаңа несие беруді және төлемге қабілетсіз қарыз алушылардың борыштық жүктемесінің өсуін шектейді,— дейді Мәдина Әбілқасымова.
Сосын орынсыз мазалай беретін коллекторлардың жауапкершілігі күшейтілмек. Оларға заң бұзған жағдайда салынатын айыппұл көлемі 300-ден 600 айлық есептік көрсеткішке дейін өседі. Яғни 2 миллион теңгеге дейін айыппұл төлейді. Одан бөлек, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтіледі.