Мойындау
Шындықты көбіміз мойындамаймыз. Маңдайымызға мылтық тақап «қане, шыныңды айт» демесе, әй, көп адам мойындамайды-ау. Қазір өзі шындық бар ма? Шынын айтатын адам қалды ма?
Кеше үлкен ұлым Нұрсұлтанмен диалог болды. Ұлым үлкен шындықты мойындапты. Қуанып қалдым. Әңгіме былай өрбіді.
– Мама, күзде басқа мұғалімге ауыссам қайтеді деп біраз шапқылап едім ғой. Ағайым кәрі кісі, шаршаған адам сияқты, жас мұғалімнен сабақ алғым келеді деп едім ғой…
– Иә.
– Кеше сол үлкен әңгіме болды. Менімен оқитын бір қыз ағайымның үстінен арыз жазып, ректорға дейін барыпты. Содан ағайымды жиналысқа салыпты. Сол жерде директордың орынбасары «бұл бір емес, сіздің үстіңізден тағы бір оқушы әкесін ертіп арыз түсірген» деп айтыпты. «Ах, ол оңбаған қайсысы болды екен? Дәу де болса Ерсін шығар? Қарай көр өзін?! Сыртымнан сөйлеп жүрген» деп, біраз ашуланды. Қайта-қайта Ерсінді айтып, қатты ашуланып отырды. Сосын шыдамай кеттім де ағайға «Ағай, Ерсіннің ешқандай кінәсі жоқ. Ол мен болатынмын», – дедім.
– Содан…
– Ағайымның көзі шарасынан шығып кете жаздады. «Сен бе?» деп не айтарын білмей тұрып қалды.
– Сосын ағайың не деді? – дедім шыдамай кетіп.
– Ағайым отырып қалды. Шамалы үнсіздіктен соң «Жігіт екенсің. Шыныңды айтқаныңа ризамын», деп қолымды алды, – дейді.
Ұлыма ішім жылып қалды. «Үндемей-ақ қоймадың ба?» десем, «Мам, қалай үндемей қоямын? Ерсінді жазықсыз кінәлап жатыр ғой. Түк білмегендей қалай отырам? Ұялып кеттім. Мойындадым» дегенде күліп жіберіппін ғой.
«Ешқашан өтірік айтпаңдар! Егер өтірік айтқандарыңды білсем, кешірмеймін!» дейтін өзім ғой оларға. Ең бірінші білім емес, тәрбие берілсін деген осы… «Осыларға дұрыс тәрбие бере алдым ба?» деп ойланушы едім. Шындық қашан да ащы болады. Бірақ түбі салтанат құрады. Сол кезде оның дәмі сусын сияқты тым тәтті болады. Бұл сезім – ең рақат сезім! «Ұлым ар биігінен түспесе екен» деп тіледім.
Гүлжан АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ,
ата-ана.